RU

"Ертесіне өзімді қаһарман сезіндім": Коронавируспен ауырған Трамп қандай дәрі ішкенін айтты

Дональд Трамп
Дональд Трамп. Фото: Kevin C. Cox/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Regeneron компаниясының коронавирусқа қарсы антиденеден тұратын жаңа коктейлін қабылдап, өзін қаһарман сезінгенін айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ РИА Новостиге сілтеме жасап.

"Мен Regeneron дәрісін қабылдадым. Осыдан алты ай бұрын ол туралы ешкім естімеген де еді. Ертесіне оянып, өзімді қаһарман ретінде сезіндім", - дейді Трамп Аризонада сөйлеген сөзінде.

АҚШ президенті тез арада вакцина жасаймыз деп америкалықтарға уәде берді. Сондай-ақ ол енді өзінде коронавирусқа қарсы иммунитет барын қайталап айтты.

Трамптың сөзінше, эпидемия қандай да бір вакцинасыз жақын арада өзі кетеді.

Айта кетсек, АҚШ президентінің кеңесшісі Хоуп Хикстен COVID-19 расталғаннан кейін карантинге жатқызылған болатын. Ал Трамптың өзі коронавирусқ тест тапсырып, нәтижесін күтіп отырғанын мәлімдеген еді.

Кейіннен ол Twitter желісіндегі парақшасында жұбайы Мелания екеуінің коронавирус жұқтырғанын хабарлады.

Дегенмен ол ауруханада үш күн болып, Ақ үйге оралған болатын.

Ақ үйге кіргеннен соң денсаулығы жайлы баяндап, өзінде бәрі жақсы екенін жеткізді.

Сонымен қатар Дональд Трамп Қытайдың коронавирус инфекциясы таралғаны үшін "жауап беретінін" мәлімдеген еді.

"Бұл сіздердің кінәларыңыз емес, болған жағдайға Қытай кінәлі. Қытай біздің елге және әлемге жасаған ісі үшін жауап беретін болады", – деп мәлімдеді АҚШ президенті Twitter желісінде жариялаған бейнеүндеуінде.

Өз кезегінде Қытай коронавирус инфекциясының тарауына байланысты АҚШ-тың айыптауларын теріске шығарып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880549-ertesine-zimdi-kaarman-sezindim-koronaviruspen-auyrgan-tramp-kandaj-dri-iskenin-ajtty.html