RU

Ғалымдар вакцина жасап шығару үшін адамдарға әдейі коронавирус жұқтырмақ

қан алу 216
Көрнекі фото: NUR.KZ / Петр Карандашов

Ұлыбритания сау адамдарға әдейі коронавирус жұқтырған алғашқы ел болуы мүмкін. Ғалымдар осылайша вакцинаны жасап шығару процесін жеделдетуге ниетті деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

BBC ақпарынша, сынақтар 2021 жылғы қаңтарда басталуы мүмкін. Үкімет аталған зерттеулерге 33,6 млн фунт стерлинг (18,6 млрд теңге) бөліп отыр. Сарапшылар бірінші кезекте қауіпсіздікке басымдық берілу керектігін алға тартуда. Мұндай зерттеулерді жүргізу этикалық мақұлдауды және заңнамалық бекітуді талап етеді.

Ғалымдардың пікірінше, мұндай әдіс тестілеу мен вакцинаны жасап шығару процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Адамдардың табиғи жолмен коронавирус жұқтыруын күту қажет болмайды. Зерттеу барысында еріктілерге мұрын арқылы вирус енгізеді. Сосын олар тәулік бойы бақылауда болады. Осылайша ғалымдар вакцинаның тиімділігін тексеріп, оны пысықтауға мүмкіндік алады.

"Менің командам 10 жылдан астам уақыт бойы респираторлық вирустар бойынша қауіпсіз зерттеулер жүргізіп келеді. Бірде-бір зерттеудің толықтай қауіп-қатерсіз болмайтыны белгілі, бірақ Human Challenge бағдарламасының серіктестері қауіп-қатер деңгейін барынша төмендету үшін бар күшін салады", – дейді жетекші зерттеуші, доктор Кри Чиу.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің денсаулық сақтау министрі үкіметтің онлайн-отырысында коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық барысы жайлы баяндаған еді.

Ал оңтүстік астананың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қалада эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түскенін мәлімдеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880558-galymdar-vakcina-zasap-sygaru-sin-adamdarga-deji-koronavirus-zktyrmak.html