RU

Елорданың кинотеатрлары қандай жағдайда ашылатыны белгілі болды

кинотт
Көрнекі фото: pxhere.com

Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Жанна Пірәлиева елордада кинотеатрлар қандай жағдайда ашылатынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Пірәлиеваның сөзінше, қаладағы кинотеатрлардың жұмысын қалпына келтіру эпидемиологиялық жағдайға, киноның көрсетілімі кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге дайындығына байланысты болмақ.

"Коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия келушілердің 30 пайызын, арақашықтық пен маска тағу тәртібін сақтай отырып, кинотеатрлардың жұмысын қайта бастау туралы шешім қабылдады. Бұл аурушаңдық деңгейі бойынша "жасыл аймаққа" енетін аймақтарға қатысты.
Нұр-Сұлтан "жасыл аймақта" енгеніне төртінші күн, сондықтан біз жағдайды 10-12 күн бойы бақылайтын боламыз. Егер бұл көрсеткіш сақталса, онда біз қаладағы кинотеатрлардың жұмысын бастаймыз. Осы уақытқа дейін дайындық жұмыстары жүргізілетін болады", - дейді Жанна Пірәлиева.

Сондай-ақ елордалық кинотеатрлар пандемияда жұмыс істеуге дайын болу керек. Яғни, кинозалдарға арақашықтық белгілері, санитайзерлер орнатылуы, қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет.

Әкімдіктің хабарлауынша, кинотеатрларға кіре берісте келушілер мен қызметкерлер термометриядан өтуі, сонымен қатар көрермендер маска тағуы керек.

Еске сала кетсек, 19 қазанда еліміздік киноеатрлар көрермендеріне есігін қайта ашатыны белгілі болды.

Бұған дейін кинотеатр иелері кәсіптерінің құрдымға кетіп бара жатқанын айтып, дабыл қаққан еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1880579-elordany-kinoteatrlary-kandaj-zagdajda-asylatyny-belgili-boldy.html