RU

Қазақ тілі сот жүйесінде де көптеген қиыншылықтарға тап болды

Жақында облыстық сотта судьялар бас қосып, "Мемлекеттік тілде сот ісін жүргізуге дайынбыз ба?" деген тақырыпта жиын өткізді. 

Онда биылғы жылдың алғашқы бес айында аймағымыздағы соттарда 25 мың қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істің қаралғаны, оның 623-і (2,5 пайыз) қазақ тілінде жүргізілгені айтылды.

Қуанбай-ақ қойыңыздар! Сот істерін төл тілімізде жүргізіп, облысқа екі жарым пайызды жинап берген Жангелдин, Амангелді аудандары мен Арқалық қаласы. Бұл аймақтарда қазақтардың саны басым екенін ескерсек, мәселенің мән жайын тез түсінуге болады. Ал облыс орталығының өзінде қазақ тілінде үкім шығаратын "қауқар" жоқ (одан да ниет жоқ дегеніміз дұрыс болар).

Сол жиында "мемлекеттік тілде жүргізіліп отырған сот процестерінің үлесі көп пе, аз ба, ол қанша болу керек?" деген "мәселелер" қойылды. Сонда деймін-ау, соттың екі жарым пайызды көпсініп не болмаса азсынып, оның үлесінің қаншалықты болу керектігін бағамдап отырғанын қалай түсінеміз?

Бұл қазақ тіліне ашықтан-ашық шектеу қою екені тайға таңба басқандай көрініп тұр.  "Алдымызға талап-міндеттер қойылып отырса да, болашақта мемлекеттік тілде сот істерін жүргізу мүмкін емес" деп "мойындады" облыстық сот төрағасы Бағлан Мақұлбеков.

Ал керек болса! Онсыз да жағдайы жарымай тұрған туған тілге соққы беру жалғасу үстінде. Туралап айтсақ, келешекте қазақ тілінде қызмет атқарғысы келетін бейбақтарға "жіпсіз байлау" болғалы тұр. 

Ал мемлекеттік тілде сот процесінің "жілігін шағып, майын ішкен" аймақтардағы жағдай қалай? Жақында қолыма Жангелдин ауданында  өткен әкімшілік сот процесі қаулысының көшірмесі түсті. Ішімдік ішкен біреуді екі жылға жүргізуші куәлігінен айыру туралы жалғыз беттік қаулының іші шатпақ-қатеге толы.

Бір жерде "ҚР ӘКБК-нің 584 бабынба (!) көзделген құқықтары түсіндірілді" десе, енді бір жерде "МАИ қызметкерлері тоқтатқан"  депті. "ӘКБК-сі" несі ал? Сондай-ақ қазір МАИ дегеннің жоқ екені судьялардың есінен шығып кеткен-ау.

Сөзге жүйрік сужұқпас судьямыз әрі қарай бүй депті: "Әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларға бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, бірінші рет құқық бұзушылық жасауын, өкінуін есептейді, ал ауырлататын мән-жайға алькогольдік ішімдік ішкен күйінде құқық бұзушылық жасағанын есептейді".

Жалпы сөйлемнен не түсіндіңіз? Жүргізуші өкінетіндей адам қағып өлтірген жоқ қой. "Мән-жай" дегені де қып-қызыл артық сөз, шамасы судья сот процесін әдеби тілмен "түрлендіргісі" келген ақынжанды біреу болып тұр ғой. Сотта жүріп талайдың қарғысын алғанша, алшаң басып ақын боп неге жүрмейді екен.

Мынаған қарап, шынымен-ақ жоғарыдағы жиында судьялардың "шырылдайтын" жөні бар екен демеске лаж жоқ. Өйткені, басқосу "сот істері мемлекеттік тілде жүргізілсін деген арнайы заң қабылдану керек" деген қорытындыға келді. Қызық, ондай заң аяқ астынан енгізіле қалса не болмақ? Онда жазаланушының әлгіндей суырыпсалма судьялардан  жеңілмеу үшін  қазақ тілінің курсын оқып шығуына тура келеді-ау.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/190788-kazak-tili-sot-zhyjesinde-de-koptegen-kiynshylyktarga-tap-boldy.html