RU

Қазақстанның жалғыз этнографиялық ауылында ескіше үйлену салттарының шеруі өтті

Өскеменде Қазақстан бойынша жалғыз этнографиялық ауылда ескіше үйлену салттарының шеруі өтті. 

"Экспресс-К" газетінің хабарлауынша, іс-шара барысында әзірбайжан, беларус, қазақ, корей, орыс және татар этномәдени бірлестіктерінің өкілдері бұрыңғы замандарда қалай үйленгендері жайында көріністер қойылды.

"Әр елдің салты басқа, иттері ала-қасқа" демекші, әр ұлттың үйлену салты да өзіне тән қасиеттерімен ерекше.

Мәселен, қазақтарда сыңсу айту дәстүрі бар. Күйеуге шығатын әр қыз үйлену тойы алдында қоштасу өлеңін жазып, ұзатыларда соны айтуға міндетті болған.

Сол өлеңімен олар өздерін үзілген гүлге, аққуға немесе қарға теңеп, жат жерге кетер алдында ата-анасымен, туған-туыстарымен, дос-жаран, жақындарымен, туған үйімен қоштасып отырған. 

Ал орыстардың үйлену тойының негізгі ерекшелігі, жаңа түскен келінді міндетті түрде моншаға түсіретін болған. Онда қыздың шашы өріліп, басына күйеуге шыққан әйелдің баскиімі кигізіледі.

Корей халқында неке қиюдың басты шарты – ата-анасының батасын алу. Ата-анасының үйіне келген жас жұбайлар олардың аяғына жығылып, содан кейін ғана дастархан басына отырады. 

Беларус тойының басталу белгісі каравай пісіру болып табылады. Оны жігіт пен қыздың үйлерінде бірдей пісіреді. Бұл нанды әзірлеудің де өз ерекшелігі бар, оны тұрмыстағы әйелдер пісіріп, басы бос қыздар безендіреді. 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/194932-kazakstannyn-zhalgyz-etnografiyalyk-auylynda-eskishe-yjlenu-salttarynyn-sherui-otti.html