RU

Қазақстандағы қылмыстар статистикасы жарияланды

 Қазақстанда қылмыс жасаушылардың саны артып барады. Ресми мәлімет қылмыскерлердің көбі жұмыссыздар екендігін айтады. Әйелдер мен кәмелетке толмаған балалардың арасындағы қылмыс да көбейген. 

Қазақстан статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2011 жылдың қаңтар-шілде айларында қылмыс жасаушылардың саны өскен.

Осы уақыт ішінде республикада 97 692 қылмыс тіркелген.

Яғни өткен жылдың осы кезімен салыстырғанда 19 550 қылмыс артық тіркелген (25 пайызға көп). Қылмыс жасаудан келген материалдық шығын - 158 516,3 миллион теңге.

Оның 61,6 пайызы экономикалық саланың үлесіне тисе, 25,3 пайызы жеке меншік мүлікке қатысты жасалған. 

Елдің құқық қорғау орындары 47 620 заң бұзушылықты анықтаған. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 2,5 пайызға аз. 30 227 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған (өткен жылғы көрсеткіштен 8,8 пайызға аз).

Қылмыстың 91,2 пайызын жасаған – бірінші рет мұндай іске барған адамдар. Қайтара қылмыс жасағандардың үлесі 8,8 пайызды құрайды. Ал қылмыстың 78,6 пайызын жұмыссыздар жасаған.

Сарапшылардың айтуынша, елдің әлеуметтік, экономикалық және демографиялық дамуы қылмысты өздігінен азайта алмайды.  Әлеуметтік жағдайы төмен, қатаң режимді елдерде де қылмыс деңгейі төмен болады екен. Мысалы, Түркіменстан 1990 жылдың басында  атақты қылмыстық топтардың көзін жойды.

Авторитарлық президент Сапармұрад Ниязов қылмыстық топтардың басшыларын  тергеусіз, сотсыз-ақ бірден атып тастауға бұйрық берді деген де сыбыстар бар. Алайда Түркіменбашы өзінің бағыныштылар арасындағы сыбайлас жемқорлықты, есірткі мафиясы мен оны бөлшектеп сатушылардың көзін жоя алмады.  

АДАМ ҚЫЛМЫСТЫ ШАРАСЫЗДЫҚТАН ЖАСАЙДЫ

Қылмыстың әлеуметтік құбылыс екендігіне дәлел – қылмыс жасаған азаматтардың негізінен жұмыссыз екендігі. Әрі олардың саны аз болса да, үздіксіз  артып келе жатыр. Егер 2006 жылы олардың үлесі 72,7 пайызды құраса, 2007 жылы 73,3 пайыз, 2008-2009 жылдары 74 пайыздан, 2010 жылы 75 пайызды құраған. 

Өмірден өз орнын таба алмаушылық та адамды қылмыстық әрекеттерге баруға итермелейді. 

Қылмыстың артуының негізгі себептері – шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, идеологиялық және тәрбие жұмыстарының жүргізілмеуі. Қазір әйелдер мен балаларды құрметтеудің дәстүрлі шығыстық үлгісі еленбей қалып барады. Сол себепті әйелдерге қатысты жасалған қылмыс 147,5 пайызға, ал кәмелетке толмаған балаларға қатысты істелген қылмыс 125 пайызға өскен. Тұтастай алғанда барлық қылмыстардың төрттен үші әйелдерге қарсы жасалған. 

Халықтың нақты ақшалай кірісі 2011 жылдың шілде айында өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 1,4 пайызға азайған. Халықаралық еңбек ұйымының есебі бойынша, 2011 жылдың тамыз айында жұмыссыздар 461,2 мың адам, ал жұмыссыздық 5,3 пайыз болған. Өмірдегі түрлі жағдайлар, баспана мәселесі, жұмыссыздық, қолдау мен келешектің жоқтығы, тығырыққа тірелу адамды қылмыстық жолға итермелейді.

Өмірдегі түрлі жағдайлар, баспана мәселесі, жұмыссыздық, қолдау мен келешектің жоқтығы, тығырыққа тірелу адамды қылмыстық жолға итермелейді

Ғаламдық жоспарлардың соңында жүрген мемлекеттің адамға қолдау көрсетуге, қамқорлық танытуға бағытталған нақты бір тетігі жоқ. Баяндама жасап үйреніп қалған шенеуніктер кейде адам таң қалатын нәрселер айтады. Мысалы, Әділет вице-министрі Әмірхан Аманбаев "Жетінші арнаның" эфирінде "Қазақстанда түрмеде отырғандардың саны үш жылдан кейін 30 мыңға дейін қысқарады деп мәлімдеді. Бірақ бұл рақымшылық есебінен қысқара ма, я сақтандыру шаралары арқылы қысқара ма – оны айтқан жоқ.

Адамның ертең қылмысқа баратынын, бармайтынын қалай болжап біле аласыз? Статистикалық мәліметтер бойынша, Қазақстанда ұрлықтың саны жылдан жылға өсіп бара жатыр. Есірткіні қолдану мен сату, адам саудасы, экономикалық қылмыс сияқты проблемалар да шешімін таппай отыр. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/196851-kazakstandagy-kylmystar-statistikasy-zhariyalandy.html