RU

Қазақстанның халық ақыны қазіргі айтыстың шындығын айтып берді

Соңғы жылдары айтыс өнерінің қадір-қасиетін кетіріп, сан түрлі шоуға айналдыру фактілері кездесіп жүр. 

Халықтың тұщынып көретін нағыз айтысы көзден бұл-бұл ұша бастағандай. Bag.kz сайтында берген сұхбатында Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекова осындай ой білдіреді:

"Қазір айтыс көп, бір себептен содан да болар, беделі түсіп кетті. "Ақша жүрген жерде албасты жүредi" деген сөз бар. Менiңше, айтыс қазiр соның кебiн киiп жүр.

"Айтыстың мән-мағынасы қай кезден бастап кете бастады?" деп көп ойланамын. Сөйтсем, ол тура жеңiмпаздар мен жүлдегерлерге дүние беруден басталыпты".

Расында, айтыстың өресі бәске тігілген "доңғалақтармен" өлшенетін болып алды. Ақындардың бағасы мен беделі мінген мәшинесінің санына байланысты.

"Мәшине өткенде анаған бұйырды, енді мынау алу керек" дейтін көзқарас қалыптасқалы қашан? Дәл осы жағдайдың пайдасынан зияны көп болып тұр.

"Қазіргі ақындардың бірліктерін кетіріп отырған – бәйгеге тігілген автокөліктер мен дүние. Осы қу дүние тіпті кейбір айтыскерлерді ұлт руханиятының дұшпанына айналдырған сыңайлы".

Әселхан ақын күйінгеннен айтады. Айтыстың мазмұны өзгерді. Арзан сөз, біреудің арына тию, сөз мәдениеті мен әдептен аттап кету, дарақы күлкіні көздеген жілігі татымайтын таяз ой ортаға тасталса, мәз боламыз. Әлде, рухани дүниеміз шынымен жадағайланып кетті ме?

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/199431-kazakstannyn-halyk-akyny-kazirgi-ajtystyn-shyndygyn-ajtyp-berdi.html