RU

Партияға мүше болғысы келетіндердің діни ұстанымы тексерілмек

Күштік құрылымдар жарылысқа қатыстыларды іздестіріп жатса, "Нұр Отан" партиясы осы оқиғадан кейін іле-шала өз ішкі ережелеріне өзгерістер енгізуге кірісті. 

Енді билік партиясының құрамына өткісі келетін азаматтардың лаңкестік ұйымдар мен түрлі секталарға қатысы бар-жоғы жіті тексерілетін болады.

Бұл туралы жетекші партияның Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары мәлімдеді.

Санжар Боқаевтың айтуынша, жаңа ереже қазір жан-жақты сараланып жатыр. Егер нақты жүзеге асатын болса, мүшелікке өтуге ниет білдірген азаматтарға діни тақырыптар бойынша сұрақтар қойылуы да ғажап емес.

САНЖАР БОҚАЕВ — "НҰР ОТАН" ХДП АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

"Кез-келген лаңкестік топ билікті тартып алуды мақсат етеді. Сондықтан арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін саяси партияларды пайдалануы мүмкін. Бұл біріншіден партияның ішкі қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. Осыны ескере келе, біз мүшелікке өтудің жаңа тұжырымдамасын әзірлеп жатырмыз".

Бір айта кетерлігі, партия жарғысы бойынша мүшелікке кез-келген дін өкілдері өте алады. Ал жаңа ереженің қашан қолданысқа енгізілетіні әзірге белгісіз.

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/200282-partiyaga-myshe-bolgysy-keletinderdin-dini-ystanymy-tekserilmek.html