RU

Құлдыққа сатылатын адамдардың бағасы туралы ақпарат шықты

Құлдың құны қанша? 

"Үйінен шығып кетіп, қайта оралмады..." бүгінде мұндай хабарлан­дыруларды кез келген көшеден кездестіруге болады.

Жоғалғандардың қайта оралғандары болса, құба-құп. Ал із-түзсіз жоғалып кеткендер сонда қайда кетіп жа­тыр? Үрейлі сұрақ. Кейбіреулерінің мүрдесі табылып жатады. Кейбіреулері мүлде із-түзсіз кетеді.

Олардың кейде қаншама жыл құлдық қамытын киіп, әлдекімдерге жұмыс істегені анықталып жатады. "Ал мүлдем хабарсыз кеткендердің ішкі ағза мүшелері саудалануы мүмкін" деген қауесет те жоқ емес.

Жел сөз дегенмен де, жаны бар сияқты. Өйткені бүгінде құл саудасы есірткі сауда­сынан кейінгі екінші орында тұр. Ресми емес мәлімет көздерінің деректеріне сүйенсек, адам саудасының жыл­дық айналымы 32 миллиард доллардан асып түседі екен.

Еңбек және сексуалды құлдықтың құрбанына жы­лы­на 12 миллионнан астам адам түсетін көрінеді. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комиссиясының келтірген мәліметіне қарағанда, адам саудасымен көбіне дамыған елдердегі қылмыстық топтар дамушы елдерден келген азаматтарды саудалаумен айналысады.

Қыркүйек айын­да украиналық ағайындылар өз елінен алаяқтық жол­мен адамдарды алдап әкеліп, АҚШ-та саудаға салған. Құл­дық­қа және сексуалдық қызмет көрсету үшін. Абырой болғанда, адам сатумен айналысқандардың жолы кесі­ліп, бас бостандықтарынан айырылды. Ал мамыр айында өзбекстандық бір азамат 14 елдің азаматтарын еңбек құлдығына салған.

Еліміздегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігі шетелге жұмысқа орналастырумен айналысатын туристік фирмаларға лицен­зия береді. Аталмыш рұқсат қағазға қол жеткізгендердің саны бүгінде 100-ден асып­ты.

Олардың күдік келтіретін күмәнді іске араластығы бар, жоқтығын жиі-жиі тек­серіп тұрса, артықтық етпесі анық... Расында, жаһанға жар салған жарнамалар­ға құлақ түрсеңіз, шекара асып, шетелге барып жұмыс істесеңіз, "шеке майыңыз шыл­қып, байлыққа батып қалатын" көрі­несіз.

Әсір­есе отандастарымыз осындай "жұмақ ара­лын" іздеп, негізінен, Оңтүстік Кореяға, Түр­кияға, Албанияға аттанады екен. Со­сын­, үлкен сұранысқа ие ел­дердің қата­рында Батыс Еуропа мен Біріккен Араб Әмірліктері тұр...

Ал еліміз­дегі Бас про­куратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнін­дегі комитеттің мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын 1 000-ға жуық қыз-келіншекке іздеу салынады екен.

Жоғалған нәзік жанды­лардың басым бөлігі жезөкшелікке жегі­летіні жасырын емес. Бүкіл әлемді алаң­датып отырған қылмысты құрықтау мақса­тында елімізде адам саудасына қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комис­сия құрылған болатын.

АҚШ-та шығатын Wived magazine басылымы жуырда жағаң­ды ұстатар сұмдықты жария етті. Осы ел­дегі адам денсаулығымен айналысатын жә­не қауіпсіздік ұйымдарының есептеуін­ше, бүгінде бір адамның құны 45 миллион доллардан асады екен. Оны құлдыққа жегудегі емес, бұл – ағза мүшелерін жеке­лей сатқандағы баға. Денсаулығы мықты адамдар өздерінің сау мүшесін сатып байи алады дейтінге саяды.

Бүгінде донорлыққа мұқтаж адамдардың көп екені белгілі. Мәселен, бүгінде ең сұранысқа ие бүйрек болса, оның құны 91 мың АҚШ долларына сатып алуға болады. Өкпенің құны – 110 мың АҚШ долларына тең. Жүректі 57 мың АҚШ долларына сатып алуға болатын көрінеді.

Ми сүйектерінің 1 келісі 23 миллион АҚШ доллары деп бағаланады. Бұл салада да көлеңкелі бизнестің көлбең­дейтінін жоққа шығаруға болмайды. Жоғалғандардың осындай мақсатта ұрланып жатпағанына ешкім де кепілдік бере алмайды.

Бүгінде бір адамның құны 45 миллион доллардан асады екен. Оны құлдыққа жегудегі емес, бұл – ағза мүшелерін жеке­лей сатқандағы баға

Дмитрий ҚҰРБАНОВ, Жамбыл облыстық ІІД Криминалдық іздестіру бөлімінің бастығы: 

 – Жыл басынан бері Жамбыл облысы бойынша 94 адамға іздеу жарияланған. Оның 67-сі табылған. қалғандары іздестірілу үстінде. Трафик мәселесіне байланысты қылмыстық іс тіркелген жоқ.

Заң не дейді? 

Еліміздің аймағынан тыс жерлерге адамдарды өз еркінен тыс, заңсыз әкету немесе Қазақстан арқылы алып өту аса ауыр қылмыс болып саналады. ҚР Қыл­мыстық кодекске енген өзгертулеріне сәй­кес, адамдарды жыныстық қатынасқа немесе басқадай мақсаттарға пайдалануға шетке сатқаны үшін үш жылдан сегіз жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ, мүлкі тәр­кіленеді. Басқа елдердің заңы да осындай қылмысқа барғандардың басынан сипамайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/200691-kyldykka-satylatyn-adamdardyn-bagasy-turaly-akparat-shykty.html