RU

Ана сүтін ембеген бала аурушаң болып өседі

Сәл де болса, артық табысты ойлаған жас аналар бала босанғаннан кейін көп ұзамай, қызметке қайта шығып кетуді дәстүрге айналдырып алған. 

Ұтатыны - бір жағынан бала 1 жасқа толғанға дейін төленетін ай сайынғы жәрдемақы болса, екінші жағынан жұмыс орнынан алатын айлық жалақысы.

Әрине, аналар бала қамын ойлап, оны асырау мақсатында қызметке шығатын болар, алайда ақ халаттылар қауымы бұлай жасау арқылы отбасылар баласының дені сау болып өсуіне үлкен кедергілер жасайтынын айтады.

Өйткені ұдайы анасының жанында болып, оның жылуын сезінбеген, уақытылы ана сүтін ембеген бала аурушаң болып өседі.

Осы орайда біраз ғалымдар бала бір жасқа толғанға дейін аналарының жұмысқа шығуына заңмен тыйым салу қажеттігін айтып жүргелі біраз боп қалды. Бұл топтың басында Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов бар. Ол дүниеге келген әр бала кем дегенде екі жыл ана сүтімен қоректенуі қажеттігін айтады. Одан көп болса, тіпті жақсы. 

- Ел Үкіметі, Құдайға тәуба, ана мен бала денсаулығын жақсартуда жыл сайын жаңа жеңілдіктер жасап келе жатыр. Рас, әлі де болса, жәрдемақы көлемін ұлғайтса деген тілегіміз бар, бірақ оның бәрі бірте-бірте жүзеге асып жатқан шаралар.

Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша, ата-ананың табыс көлеміне қарамастан, дүниеге келген бала 1 жасқа толғанға дейін жәрдемақы үзіліссіз беріліп тұрады. Міне, осы уақытты зая жібермей, ана баласының басы-қасында болып, оның тамағымен, тәрбиесімен, күтімімен айналысса жөн емес пе? - дейді академик. 

Ғалым сөзінің жаны бар. Елімізде жәрдемақы мөлшері жыл санап өсіп келетіні шындық. Қазіргі заңнама бойынша, бала туылғанда берілетін бір реттік жәрдемақы отбасында дүниеге келген әрбір бірінші, екінші, үшінші балаға 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 45 360 теңге мөлшерін құрайды.

Ал бала күтіміне арналған жәрдемақы отбасындағы баланың туу ретінің санына қарай бірінші балаға - 8 316 теңге, екінші балаға - 9 828 теңге, үшінші балаға - 11 340 теңге, төртінші және одан кейінгі балаға 12 852 теңге мөлшерінде белгіленген.

Ал 2010 жылдан бастап, елімізде демографиялық ахуалды арттыру үшін төртінші және одан кейінгі туылған балаларға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылып, ағымдағы жылы оның мөлшері 75 600 теңгені құраған болатын.

Әрине, бала күтіміне берілетін жәрдемақы көлемі өте жоғары болмағанымен, бала денсаулығы үшін тәубешілік етуге болады. Осы ойды қостаған медицина ғылымдарының докторы, педиатр Ғани Айтқұлұлы өзіндік пікірімен де бөлісті: 

- Рас, әркімнің әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Біреу "қызметке мәжбүрліктен қайта шықтым" дер, бірақ мұндай мүмкіндік қайта келмейді. Бала бір жастан асқан соң, ана бәрібір жұмысқа шығады, ал оған дейін бірді-бірге жалғап үнемдей тұруға болады ғой. Ал егер де әлеуметтік жағдайлары сын көтермей, жұмысқа шықпаудың өзге амалы қалмаса, баланы ата-әже тәрбиесіне берген жөн.

Ол кісілермен бірге, бір отбасында тұратын болса, тіпті де құба-құп. Анасы баласын таңертең, кешкілік емізіп тұрады. Бірақ ең дұрысы - ана баласының жанында ұдайы болып, 1 жасқа толғанға дейін өзі емізіп тұрғаны жақсы. 

Дегенмен орынды бастамаға әйелдер қауымының көбі қарсы-ақ. Олар мұндай заңды шектеу қою - құқықтың шектелуі деп санайды. Олардың сөзінше, бұл мәселе - әр әйелдің өз еркі болуы шарт. Қазір қоғамда дәл осылай да, әр әйел жұмысқа шығу-шықпауды өзі шешеді. Бірақ қызметке қайта оралу - жиі қайталанатын үрдіске айналып бара жатқаны сезіледі. Ақ халаттылардың аттандап жатқаны да сондықтан. Болашақ ұрпақтың дені сау, мығым болуы үшін баланың күтіміне байыптылық қажет-ақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/200935-ana-sytin-embegen-bala-aurushan-bolyp-osedi.html