RU

Петропавлда томпақ әйелдер сәнді шоу көрсетті

Петропавлда подиумға томпақ әйелдер шықты. 

Іріктеу кезінде толық модельдер әдейі таңдалған. Олардың ең талдырмашы 52-ші өлшемнің киімдерін киеді. Бірақ, ұйымдастырушылар 80-ші өлшемнен жоғары киім киетін әйелдерді байқауға қатыстырмапты. Өйткені биік өкшелі аяқ киім шыдамауы мүмкін. 

Ішті қанша тартқанмен, өзі толық әйелге сымбатты болып көріну оңай емес секілді. Етжеңділігін жасыру үшін қара шалбар, кең көйлектер киюге тырысады.

МИЛЬВИЯ БЕГИШЕВА — ТОЛЫҚ ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН АТЕЛЬЕ ДИРЕКТОРЫ: 

"Бұрындары, адамдар кедей тұрған күннің өзінде 50–60 жылдарда өзін сыйлайтын әр әйел көйлек киетін. Кез келген әйел жиын-тойларға киюге бір сиса көйлек, сәнді қолғап және туфлиі болатын. Міндетті түрде қалпақ киетін".

Ателье толық әйелдерге киім тіге бастағаны сол-ақ екен, тапсырыс берушілер кезекпен тұратын болды. "Для пампушек" дегенге мұнда ер адамдар да келеді екен. Алайда ателье киімді тек әйелдерге ғана тігеді.

МИЛЬВИЯ БЕГИШЕВА — ТОЛЫҚ ӘЙЕЛДЕРГЕ АРНАЛҒАН АТЕЛЬЕ ДИРЕКТОРЫ: 

"Кәнекей, қай жерде тігесіңдер қуана кіріп келеді, бірақ біз ер азаматтарға тікпейміз десек, ренжиді. Неге? Неге олай алалайсыздар ерлерді? Бірде бір ер адам келіп қатты ашуланып есігімізді сындырып тастай жаздаған, тарс жабамын деп".

Сән үйі алғашқы киімдер жинағын шығарар бұрын кастинг жариялады. Байқауға қатысуға ниет білдіргендердің көпшілігі үй шаруасымен отырған әйелдер болса керек. Ең үлкені 63 жаста болса, ең жасы он тоғызға толған бойжеткен.

ТАТЬЯНА ЗЕЛЕНКОВА — МОДЕЛЬ: 

"Үйде отырамын, ешқайда бармаймын, кіммен барарымды да білмеймін. Шоу бизнеске араласайын деп шештім. Ешқашан көптің алдына модель ретінде шығып көрмегенмін, мынау бірінші рет".

Он тоғызға енді толған Алина Абраева болашақта фельдшер болуды армандайды. Студент қыз байқауға келіп, іріктеу турынан өтіп кетті. Қазір Алинаны отбасымен қоса достары да қолдап отыр.

АЛИНА АБРАЕВА — МОДЕЛЬ: 

Негізі, модель өзін өзі көрсете білу керек. Өзін өзі батыл сезінуі тиіс, сонымен қатар жаңа дағдыларды үйрене білу керек. Міне осындай талаптар. 

Ең үздік деген 13 модель суырылып алға шықты. Толықтығы үшін орынсыз ұялатын қыз-келіншектердің бәріне үлгі. Саханада олай-бұлай томпаңдаған әйелдердің жүздері бал-бұл жанады. Енді олар бұдан былай көйлек киюден қымсынбайтын болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/203541-petropavlda-tompak-ejelder-sendi-shou-korsetti.html