RU

Тұңғыш рет акустикалық домбыра жасап шығарды

Дүйсенбі күні Астана әуе­жа­йына Антарктидадан келген бір топ ғалымды қарсы алуға бар­ға­нымызда, қазақ жігітінің қолы­нан шыққан сол бір дүниені кө­ріп, риза болдық. 

Бұл акус­ти­ка­лық домбыраға тапсырыс берген Ержан Исин деген азамат екен. Өзі кәсіпқой домбырашы, кезінде Алматыдағы консерваторияда оқып, Құрманғазы оркестрі мен "Сазген" фольклорлық-этно­гра­фиялық ансамблінің мү­шесі бол­ған Ерекең былтыр әде­йі акус­тикалық домбыраға тап­сырыс берген көрінеді.

Сөйтіп, осы домбыраны Әділ Сәбит 10 айда жасап, жақында ғана ас­пап­ты Ержанның қолына ұста­тыпты.

"Домбы­ра­ның үні, дыбысы жақсы шығады екен. Акусти­ка­лық домбыра жа­сауға болаты­нын қайдан білді­ңіз?", – деп сұ­ра­дық Ерекеңнен.

Сонда ол: "Ме­нің Алматыда гитарада ой­най­тын, музыкаға қы­зығатын дос­­тарым көп. Солармен бірге бірде Әділмен кездескенімізде, оның гитара жасай­ты­нын білдім. Сол жерде оған осы ұсы­ны­сым­ды айтып, акустика­лық домбыра жасап беруін өт­ін­дім", – дейді.

"Әділге домбы­ра­ны жасап бергеніне ризамын. Дом­быра өте әдемі шыққан, ше­бердің асық­пай жасағаны көрі­ніп тұр", деп қосып қойды ол.

Шынымен де, Ержанның айт­қанындай, әдемі, қолыңа алып, тартып көрсең дыбысы жақсы шығатын домбыра екен. Оның айтуынша, бұған дейін ресейліктер акустикалық домбыра жаса­ғы­сы келген көрінеді. Бірақ Ер­жанның өзі оны домбыра деп есептегім келмейді дейді. "Неге?" – деп сұраймыз ғой. "Өйт­кені, оның ішектері гитаранікінен жасалған. Олар төрт шектің екеуін қалдырып, бізге акусти­калық домбыра жасадық деп көрсеткісі келген. Ал мына дом­быра кәдімгі ағаш домбыраның шектерінен жасалған.

Оның дау­ыс шығарғышы шанақтың ішінен өткен. Домбыраның тағы бас­қа ішкі тетіктерінің бә­рін дом­быра жасаған шебер ғана біледі", – дейді ол. Иә, домбы­раны ұстасаңыз шынымен де оның кәдімгі ағаш домбыраның ішектерінен жасалғанын көресіз.

Ержанның айтуынша, бұл дом­быраны ол шертпе күйлер ор­ын­дау үшін жасатқан екен. Ресейліктер жасаған "домбырада" темір "ішектермен" ондай күйлер орындауға тіптен мүмкін емес. "Домбырада төкпе, шертпе күй­лер орындау керек. Сондықтан осы домбыраны Әділге әдейі жасаттым",– дейді ол.

Осы жерде одан бізге дом­быра шебері Әділ Сәбиттің те­лефонын сұрап, онымен кеңірек әңгімелескіміз келетінін білдіргенімізде, Ержан қазір Алма­ты­ға, оның ұялы телефонына ха­бар­ласып көрейін деп, бір 15 минөттен кейін қайта теле­фо­ны­мызға шыққанында Әділдің газетке сұхбат беруді әлі ертерек са­найтынын, кешірім өтінетінін жеткізді.

Осындайда өзі тұңғыш рет акустикалық домбыра жасап, көптің арасынан көрінгісі келмей, қарапайым шеберханас­ын­да сүйікті ісімен айналысуды ғана қалайтын шеберге қалай риза болмайсың.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/204983-tyngysh-ret-akustikalyk-dombyra-zhasap-shygardy.html