RU

Имамдар тұрақты айлық алатын болды

Ақтөбеде алғаш рет мешіт имамдары айлық еңбекақыға жұмыс істейтін болды. 

Жалақы діни қызметкерлерге мемлекет есебінен емес, Зекет қорынан төленеді.

Осы айдан бастап ресми түрде аудан имамдары 50 мың, ауыл мешіттерін қаңыратпай ұстап келген имамдар 35 мың теңге жалақы алады.

Облыстың Бас имамы мешіттерге сауатты дін қызметкерлерін көбірек тарту үшін осындай қадамға бардық дейді. Ақтөбе облысында 62 мешіт болғанымен, оларда көбіне шала сауатты молдалар бас көз болып жүр.

Жоғарғы діни білімі бар мамандар тапшы. Орталық мешіт имамдарға тұрақты жалақы төлеп тұру үшін өзге-де жобаларды қолға алыпты. Енді мешіт қызметкерлері көктем шыға суармалы жерлерге картоп егуді бастамақ.

ӘБУМҮТӘЛІ ДӘУРЕНБЕКОВ - АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ОРТАЛЫҚ "НҰР ҒАСЫР" МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ: 

"Машақаты аз, өнімі көп мәселелерді-де қолға алып, егер бізде, Ақтөбе облысы бойынша 100 гектар суармалы жерлерге егіс егетін болсақ та, молдаларымыздың бір жылдық шығынын толық қамтамасыз ете аламыз".

Естеріңізге сала кетсек, Шұбаршидегі атышулы оқиғадан соң имамдар тағайындау мәселесін Діни басқарма өз қолына алған болатын. Бірақ білікті мамандар әлі-де тапшы көрінеді. Мешіт жанынан имамдар дайындайтын 20 орындық медресе ашылғанымен әзірге мұнда оншақты бала ғана оқып жүр,- дейді Бас имам.

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/205817-imamdar-tyrakty-ajlyk-alatyn-boldy.html