RU

Өскеменде ең сорақы жарнама аудармасы орнатылды

Өскемен қаласындағы "Мир постельного белья" дүкеніне жақында іліне қалған мына жарнама айпарадай әріптермен әдіптеліп, алқызыл түспен анадайдан менмұндалап тұр, деп жазады BAQ.KZ.

Көрмей өтуің мүмкін емес. Виноградов және Грузинский көшелерінің қиылысындағы үйде орналасқан дүкенге, аударма кәдімгідей "сән" беріп тұр. 

Бұл тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл уақыттың ішіндегі жарнама аудармаларының ең сорақысы болса керек.

Орысшасы дүкенді жарнамаласа, қазақшасы әбден қорланған қазақ тілінің бейшаралығын айқындап тұрған жазуы бар дүкенге кіріп: "ұялсандаршы ей!" дегенімді сатушы құлағына да қыстырған жоқ, тіпті жүзіме мысқылмен қарап "қазақшасы кімге керек" дегендей едірең-едірең етеді. Шамасы телефонмен тіл қатысқан қожайыны солай ет деген болу керек.  

Тіпті тіл туралы заңдарды айтып күңкілдеді әлгі сатушы. Қожайынының байланыс телефонын беріп тұрып бұлқан-талқан болған ол, қазақ тіліне қиянат жасаппыз деп қымсынып та тұрған жоқ. 

Дүкен қожайыны Виталий Валерьевичке телефон шалғанымда ол  мәселенің мән жайын түсінгенін айтты. Оның сөзіне сенсек бұл жарнама тапсырысы қаладағы ең үздік агенттікке, яғни "Штурман marketing group" тобына ұсынылған. Бірақ бұл мекеме тапсырысты белгілі бір себептермен уақытында орындай алмайтын болғандықтан, жарнама эскизі келесі орындаушыға, яғни "Юна" жарнама студиясына өткен.

Дүкен иесінің айтуынша бәріне кінәлі алғашқы агенттік, аударма солардан келген-мыс. Ал "Юна" студиясы болса ешқандай аударма жасамағанын, мәтін дүкен иесінен келгенін айтып ақталды.  

Іле шала "Штурман marketing group" агенттігіне телефон шалғанымда олар мұндай сорақы аударманы жасамағандықтарын айтып ант-су ішті. Ал Виталий Валерьевич болса  аударма мәтіні жарнама агенттігінен келді деп міз бақпай отыр.

Сонымен бұл мазаққа кім кінәлі? Жарнама агенттіктері ме, әлде дүкен иесі ме? Мәселеге екі жақ та самарқау қарайтын сияқты. Дүкен қожайыны тіпті: "мұндай аударма бәрінде бар емес пе, оған неге соғыршама шұқшиып қалдың"деп ақылды тоқтау айтпақшы болды.

"Спать можно со вкусом" деген жарнаманы, қазақшаламақ болғандар ғаламторлық аударма-сөздікке жүгінген сияқты. Алдымен "спать" деген сөзді "ұйықтасын" деп келтірген соң, "можно" деген сөзді "мүмкін" деп қатырған. Арғы жағы белгілі "со вкусом" дәммен болып шыға келеді.

Бұл жердегі "вкус" қазақтың талғам деген сөзіне келмеуші ме еді? "Талғаммен ұйықтауыңызға болады" немесе тағы басқа дұрыс баламалар қазақ тілінде жетіп артылады. Ал мұны аударғандар жоғары білімді, зиялы адамдар екеніне дау жоқ.

Егер мәтін ағылшын тіліне аударыла қалатындай жағыдай туса, тіл білмейміз деп төмен қарап мүләйімсіп отырғандар ағылшыншаны бипаздай қылар еді. Ағылшын тілін қате аударса ұят қой, ал қазақ тілі ше? Қазақ тіліндегі аударманың аздап "күлкілі" қылып қою қазір модаға айналып келеме қалай?  Қазақ тілінің қолдану аясының кеңейгені соншалық, енді ол көшедегі өткен-кеткен тұрғындарға күлкіге батыратын мазақ тілге айналуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/205845-oskemende-en-soraky-zharnama-audarmasy-ornatyldy.html