RU

Астаналық бір топ әртіс Сырым Исабаевты сотқа бермекші

Сырым Исабаев былтыр егіз қозыдай болып жүретін "бауыры" Қайрат Нұртастың алдын орап кетті. 

Көпшілік әншінің осы уақытқа дейін белгісіз келген актерлік "қырын" да таныды. Жасөспірім қыздардың жүрегін жаулаған жас әнші "Алып қашу операциясы" деген фильм ұсынған болатын. 

Өзі басты рольде ойнап, продюсерлікті де өзі атқарыпты. "Made by Sуrуm” киноның тұсаукесері 15 маусымда "Арман" кинотеатрында өтті. Ақ кәстөм киген әншіміздің өзі бастап, актерлік құрам кәдімгідей қызыл кілеммен ойқастады. 

Енді, міне, премьерадан кейін жарты жыл өткенде жанжал шықты. Белгілі болғандай, Сырым Исабаев киноға түскен әртістерді "лақтырып" кетіпті. "Сырым біздің ақшамызды бермей отыр", – деп шағымданды "Халық Сөзі" газетіне телефон соққан актерлер. Басқа-басқа, басты рольді (Сырымның ғашығын) сомдаған Таңсұлу Мұзафарованың әншіге деген өкпесі қара қазандай.

"Бәрі Сырым, Сырым дейді, ол сырттай ғана сырбаз болып көрінеді, – дейді Таңсұлу. – Біз фильмді 2010 жылы, бір жыл бойы түсірдік. Басында Қайыргелді деген продюсері, кәдімгідей түсіру тобы, көмекшілері бар еді. Кейін араларында жанжал шықты ма, әйтеуір продюсері Қайыргелді емес, Сырымның өзі екені белгілі болды. Ол кезде 3 курс студентіміз. "Кейін, кейін", – деп, ақыры бір тиын да берген жоқ.

Жарайды, күтіп жүрміз. Бір жылдан кейін Сырым хабарласады: "Тағы бір көріністерді түсіріп, аяқтау керек", – дейді. Буынып-түйініп, аяқ астынан Ташкентке ұштым. Содан кейін тағы хабарласады. "Біреу дубляж жасады, онысы ұнамай тұр, өзің келіп оқып берші", – дейді. Астанадан Ташкентке алып-ұшып тағы бардым.

Менің театрда жұмысым бар, соған қарамастан, түстен кейін Ташкентке ұшамын, түнімен дубляж жазып, таңертең қайтадан жолға шығып, жаншылып жүріп үлгердім. "Қаламақыны қашан төлейсің?", – десем, "Әне төлеймін, міне төлеймін", – дейді. Премьера болды. "Кассаға ақша түссін, сосын беремін" деді. Содан не керек, "...анда кеттім де, мұнда кеттім", – деп алдаумен болды.

Тіпті бір кездері мен телефон соқсам, тұтқасын көтермейтін күйге жетті. Күндердің күні смс жазуға тура келді. Қалың қалай, бәрі дұрыс па, неге телефон көтермейсің деп, тез арада ақша қажет болып тұрғанын түсіндіріп жазсам, амандық та жоқ, саулық та жоқ, тек қана "1500" деген сан жазып жіберіпті. Мұны қалай түсінуге болады? Өзіне қажет кезде хабарласады, еңбегіңді пайдаланды.

Бір жыл бойы уақыт шығындап, анау Ташкентке барып түнімен отырып дубляж жазғаным – соның бәрі 1500 долларға ғана бағаланды ма?

Ал жеме-жемге келгенде, алғыс айтуға да ерінеді. Бір жыл бойы уақыт шығындап, анау Ташкентке барып түнімен отырып дубляж жазғаным – соның бәрі 1500 долларға ғана бағаланды ма? Сол 1500 долларды жарты минуттық жарнамаға түсіп те табамыз. "Кино үшін бұл аз ғой", – десем, "Ондай болса, саған бір тиын да бермеймін", – дейді. Осы фильм үшін сонша жүгірдім, Сырым болса қаламақы төлемек түгілі, қарапайым құрметті де ұмытқан".

Осылай деген актрисаның айтуынша, фильм басталатын кезде актерлердің бәрі келісімшарт сұраған. "Түсірілім басталмай жатып, біз "келісімшарт, келісімшарт" деп қақсаумен болдық. Түсіру басталды. Жоқ келісімшарт. Жарты жыл өтті. Тағы да жоқ. "Құжаттар жетпей жатыр, анау-мынау..." "Ой, болады келісімшарт, әкеліп береміз. Одан да жұмыс істейік", – деп бізді "ұялтып" та қояды. "Ешқайда қашып кетпейміз, ақшаларыңды береміз, уайымдамаңдар", – деп күнде құлағымызға құяды. Қысқасы, құр сөзді сапырып-сапырып, Сырым бәрімізді сазға отырғызып кетті". 

Фильмде Таңсұлудың әкесін сомдаған Кеңес Нұрланов, қазақ киносының Баяны, өміріндегі ең ұятты қаламақыны Сырымның қолынан алса керек. Бар-жоғы 25 мың теңге (!). Ал әже ролін ойнап, қызықты образ жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рымкеш Омархановаға әлі бір тиын да төленбепті. 

Тағы да Таңсұлу айтады: "Мені ғана алдап жүрген шығар деп ойлағанмын. Бір күні Рымкеш апай айтады, "Анау бала қайда, менің ақшамды берген жоқ", – деп. Сол кезде шыдамай кеттім. Ол кісіге операция жасату керек. "Кассадан түскен ақшаға Сырым машина сатып алыпты", – деп естимін.

"Апам да аң-таң, мен де аң-таң". Рымкеш апай операция жасай алмай отырғанда, ол қалайша елдің еңбегін жеп, машина мініп, шалқып жүреді? Біздің дос-жарандарымызды ойнаған: Назира Жасұлан, Жанат, Асылбек... солардың бірі де бір тиын алған жоқ әлі. Жарайды, жастарды "лақтырып" кетіпті. Студенттер деп адам санатына қоспаған шығар. (Бірақ біз енді студент емеспіз).

Ал Рымкеш апайға несіне олай істейді? Кейін сұрасам, Тұрсынбекке де, менің анамды ойнаған Қаракөз Тілеубековаға да, ағамды ойнаған Берік Тұрсынбековке де ақшаларын беріпті. Сонда бізді адам құрлы көрмегені ме? Ел танымайды деп менсінбегені ме?". 

Сонымен, өзбектің клипмейкері Сардар Расулов түсірген "өзбек мәнеріндегі қазақ киносы" Сырым Исабаевтың "белгісіз қырларын" танытты. Бұл киноның арқасында сүйкімді әншінің құлағы "арсыз, алаяқ екенсің" деген сүйкімсіз сөздерді де естіпті. "Бір Аллаға тапсырдым" деген "өлердегі сөз" де айтылыпты. Әншіміз былқ етпейтін көрінеді. Ал астаналық бір топ әртіс Сырым Исабаевты сотқа беруге де тас-түйін отыр. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/209267-astanalyk-bir-top-ertis-syrym-isabaevty-sotka-bermekshi.html