RU

Петропавлда әлеуметтік билбордтар сайқымазаққа айналды

Қызылжарда еліміздің стратегиялық мақсаттарын жарнамалайтын әлеуметтік билбордтардың астында жұпсыз аяқ киімдер ілініп тұр. 

Мұндай билбордтар қаланың барлық дерлік аудандарында ілінген.

Олардың бірінде "Қазақстан-2030" стратегиялық мақсаты жарнамаланған, тағы бірінде Елбасының суреті басылыпты.

Бірақ, неге екені белгісіз, билбордтардың астында жұпсыз аяқ киімдер ілініпті. Қалалықтар мұны алғашында біреулердің әзілі деп топшылаған.

Кейбірі жақын маңда аяқ киім шеберханасы бар болуы мүмкін десе, баз біреулер бұл жағдайдан саяси астар іздепті.

Олар "бұл билбордтар 2030 жылға жаяу немесе осы сұрықсыз аяқ киімдерді киіп баруға шақырады" деген де жорамал айтты.

Мәселенің мән-жайын қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары анықтап берді. Билбордтардың екінші жағына ұялы телефон компаниясының жарнамасы басылған екен. Онда бұл компания өзіне тұтынушы тарту үшін "байланыс операторын ауыстыратын кез жетті" деген мағынада мәтін ілген.

Бұл мәтінге жарнамалық салмақ беру үшін дүкендерде сатылмай қалған және ескі-құсқы аяқ киімдерді жұпсыз іліп қойыпты. Шенеуніктердің айтуынша, кәсіпкерлер жарнамалық билбордтың екі бетін де тұтас сатып алады. Егер оның бір жағына әлеуметтік жарнама жайғастырса, іскер жан салықтан босатылады екен.

Ал мемлекеттік қызметкерлер кәсіпкердің қызметіне араласа алмайды. Алайда Петропавл қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары кәсіпкерлерден спорттық және ескі аяқ киімдерді алып тастау туралы өтініштерін айтып үлгерді.

 

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/210386-petropavlda-eleumettik-bilbordtar-sajkymazakka-ajnaldy.html