RU

Қазақстанның ұлттық домені іске қосылады

1 сәуірден бастап Ғаламтор желісінде ".ҚАЗ" жоғары деңгейлі жаңа домені іске қосылады. ICANN халықаралық корпорациясы Қазақстан үшін осындай өкілдікті беріп отыр деп хабарлайды "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі.

Осыған орай Қазақстанның ІТ-компаниялар қауымдастығы Көлік және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен KazNIC пен ".ҚАЗ" жоғары деңгейлі ұлттық доменін дайындау, тіркеу және іске қосу мәселелеріне қатысты барлық қажетті рәсімдерді аяқтады.

Бұл туралы бүгін Астанада "Қазақстандық ІТ-компаниялар қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Исин мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, ".ҚАЗ" Қазақстан Республикасы үшін екінші ұлттық домен ретінде қолданысқа енетін болады. Бұған дейін бірінші ұлттық домен ".kz" болатын.

"Жаңадан енгізіліп отырған ".ҚАЗ" домені интернет адресаттарға қазақ тілінде жұмыс істеуге толық мүмкіндік береді. Біз осы қадамның барысында 2 жыл бойы техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстарының барлығын атқардық. Барлық халықаралық ұйымдардың шарттарына қол жеткіздік. Ендігі күні рәсімдеу жұмысының барлығы аяқталып бітті. Бүгінгі күні ".ҚАЗ" доменінің жұмысын жан-жақты тестілеу жүргізілуде. Қазірдің өзінде тексеріп көргісі келетіндер http://тест.қаз интернеттегі мекенжайына кіріп, жаңа атаудың жұмысын тексере алады", - дейді Нұрлан Исин.

Оның айтуынша, алдағы 1 айдың ішінде мемлекеттік органдар өздерінің домендерін алып, ұлттық әліпбиде тіркетуі қажет. Одан кейінгі үш ай мерзімі ішінде сауда белгілеріне ".ҚАЗ" домендерін тіркетулері үшін ұйымдарға мұмкіндік беріледі. Ал 15 тамыздан бастап кез келген тұлға үшін ".ҚАЗ" доменін тіркеу жұмыстары жүргізіле бастайтын болады. Тоқтала кететін жайт, Интернет желісіндегі мекен-жайда ұлттық әліпби белгілерін пайдалану азаматтардың ғаламтор арқылы ана тілін пайдалану құқығын іске асыруға мүмкіндік береді. Ал бұған дейінгі тәжірибелерді ескерсек, Ресей ".РФ" доменін, Сербия ".СБ" доменін кирилицалық доменге айналдырып пайдаланып келген болатын. Ендеше ".ҚАЗ" доменін пайдаланатын Қазақстан әлемдегі кирилицалық доменді енгізген үшінші ел болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/212997-kazakstannyn-ylttyk-domeni-iske-kosylady.html