RU

Қа­зылар алқасының әрбір мүшесі 500 мың теңге "гонорар" алды

"Замананың" биылғы 8-ші нөмірінде Семейден шыққан талантты жас ақын Ринат Зайытовтың интернет сайттарының бірінде болған онлайн-конференциясында қойылған сауалдарға берген жауап­тары негізінде мақала жарияланғаны белгілі.

Осы сұхбат кезінде сонау 1984 жылдан бері қазақтың төл өнері – айтысты ел арасында насихаттап, оны өрге сүйреп келе жатқан ақын Жүрсін Ерман жөнінде де бір-екі ауыз пікірлер білдірілген. Себебі осының алдында бұл екеуінің арасында аздап түсініспеушілік болғанынан жұрт хабардар. Сондықтан біз енді Жүрсін Ерманның өзімен сұхбаттасуды жөн көрдік.

– Өткенде бір басылымға берген сұхбатыңызда Ринаттың өтірігінен шаршап кеттім деп қалдыңыз. Бұлай деуіңізге не себеп?

– Ол рас. Бәлкім Ринат қысылған соң солай етті ме, кім білсін? Дегенмен сол жолы оның сөзінде шындық шамалы болып қалды-ау деген ойдамын. Бұл жөнінде айтыстан хабары бар азаматтар білетін шығар. Ол енді өтті-кетті, сондықтан оған қайта оралудың қажеті бола қоймас.

– Енді ақындар айтысына қатысты сұрақ. Сіздіңше, ақындардың алдын-ала кіммен айтысатыны белгілі болуы керек пе?

– Қай кезде де айтыстың көркемдік деңгейі жоғары тұруы шарт. Біз осы жағына­ баса назар аударамыз деп жүріп бұған дейін ақындарға дайындалуға мүм­кіндік беріп келгеніміз рас. Егер бұлай ет­песек, жұрт асыға күткендей жақсы ай­тыс шықпауы әбден мүмкін. Бірақ, енді байқасақ, мұның да осал тұстары жетерлік екен. Мы­са­лы, біз ақындарға алдын-ала дайындалыңдар деп күні бұрын ескертсек, олар үйден жазып әкелгендерін бір-біріне көрсетуге дейін барған, тіпті ол аз болғандай "сен мынаны айтқан соң мен мына шумақты айтамын" деп келісетін жағдайға дейін жеткен. Бұл дұрыс емес. Сондықтан бұдан былай ақындар кіммен айтысатынын сахнаға шыққанда, халықтың көз алдында бір-ақ білетін болады. Мен осы шешімге тоқталдым.

– Жасыратыны жоқ, кейде әділ ше­шім шығарады деген қазылар ал­қа­сы­на көрермендердің көңілі толмай жа­татыны рас. Сонда осы қазылар ал­қасын кім іріктейді?

– Айтысты кім ұйымдастырса, іріктеу соның міндеті. Әдетте айтысты ұйымдас­тырар алдында ел ішінде өзіндік беделі бар танымал адамдарды, өнердің шынайы жанашырларын қазылар алқасына тартуға тырысамыз. Дегенмен "бес саусақ бірдей емес", кейде олардан да ағаттық кететінін мойындау керек.

– Осы алқаға енгендер, егер құпия болмаса, қанша қаламақы алады?

– Оның құпиясы жоқ. Дегенмен ол жа­ғын ұйымдастырушылар шешеді. Бірақ барлық нәрсе қаржыға тірелетіндіктен мәселе соның мөлшеріне қарай шешіліп жатады. Яғни қазылар алқасының мүше­ле­ріне кейде аз, кейде көп қаламақы тиюі мұмкін. Мысалы, 11 – 12-ші ақпанда­ Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына байланысты өткізілген айтыста қа­зылар алқасының әрбір мүшесі 500 мың теңге "гонорар" алды. Рас, бұл кезде ақша мол жиналды. Сондықтан осылай ету жөнінде шешім қабылданған.

– Биыл айтыстың басы-қасында жүр­геніңізге 28 жыл толып отыр. Осы аралықта өзіңіз нендей жетістікке жет­тіңіз? Айтыстың арқасында неше көлік мінді­ңіз? Қазір қандай үйде тұрасыз?

– Біз нарық заманында өмір сүріп жатқан елміз. Сатирик ақын Көпен Әмір­бектің сөзімен айтқанда, қазір мысық та бекерге мияуламайтын заман. Айтысқа еңбегім сіңгенін жұрт біледі. Ал өзіме келсем, екі рет көлік міндім. Біріншісін Шалбай Құлмаханов деген елге белгілі азамат сыйға тартқан. Сосын жуырда ғана өткен "Қонаевтай ер қайда?" атты аламан айтыста демеушілер құны 40.000 доллар тұратын "Хаммер" көлігін сыйлады. Қазір отбасыммен Астанада төрт бөлмелі пәтерде тұрамын. Ұл-қыздарым жақсы қызметте, табыстары жаман емес.

– Айтысқұмар көпшілік Жүрсіннің "Хаммер" көлігін өзі алғаны несі деп аң-таң. Мұның сыры неде?

– "Қонаевтай ер қайда?" атты айтыс алдыңғылар секілді тағы да өнер десе ішкен асын жерге қоятын демеушілердің арқасында дүркіреп өтті. Бұл айтыстың нағыз жанашырларының бірі – Исламбек Салжанов деген кәсіпкер бауырымыз айтыс өтетін орынның екі күндік ақысы – төрт жарым миллион теңгені өз қалтасынан төледі. Демеушілер құны 55 мың доллар тұратын "Мицубиси Паджеро", 35 мың долларлық "Тойота Королла", сондай-ақ "Шевролет" және "Жигули" көліктерінің де шығындарын өздері көтерді. Олар сонымен қатар осы жолы маған: "Сіздің айтыс­қа сіңірген еңбегіңіз ұшан-теңіз. Сізге мынау көлік лайық", – деп "Хаммерді" сыйға тартқаны рас. Бірақ жұрт ойлайтындай, ол көлікті алдын-ала өзіме қарай бұра тартқаным жоқ. Тағы да қайталаймын, оны кімге сыйлау жағын демеуші­лердің өздері ақылдаса келе шешкен.

– 28 жылдың ішінде ақындарға қанша көлік тараттыңыз?

– Жалпы саны 160-тан асады. Ақындардың ішінде бір-емес, талай рет көлік мінгендер бар. Мысалы, Айнұр Тұрсынбаева 34 рет көлікке ие болған. Бекарыс Шойбековтен бастап талай ақындардың бірнеше рет көлік иеленгенін жұрт мен айтпасам да көріп-біліп жүр.

– Бүгінде ең мықты ақын деп кімдерді айта аласыз?

– Шүкір, кезінде талай жұртты тамсандырған Тәушен Әбуова, Көпбай Омаров­, Манап Көкенов сынды ақиық ақындардың ізбасарлары өсіп келеді. Ал соңғы кезде айтысқа жас толқын қосылды. Олардың арасында өткен жылы орта мектепті бітіріп, Астанадағы "Еуразия" университетіне оқуға түскен қызылордалық Мейірбек Сұлтанханнан көп үміт кү­туге болады. Төреғали Төрәлі мен қазағы аз Солтүстік Қазақстан өңірінен шыққан Әлібек Серғалиев сынды жүйріктер елге өзіндік ой-өрнегімен жақсы танылып келе жатыр. Олардан басқа да көптеген жас буын өкілдерінің қалай айтысып жүргенін айтыстың көрермендері жақсы біледі.

– Кейде ақындарға белгілі бір тақырып жөнінде айтысу ескертіліп, өзгесіне шектеу қойылады деген сөздер айтылады. Бұған байланысты не дейсіз?

– Бос сөз, әшейін сылтау. Әйтпесе бұған дейін кім ақындарға шектеу қойып­ты? Қазір баяғы замандағыдай емес, не айтқың келеді, қысылмай айта бер. Ешкім қолыңды қақпайды. Бұл жерде көп нәрсе тек ақынның өзіне ғана байланысты.

– Айтысқұмар көпшілік қазылар ал­қасы неге Аманжол Әлтаевты көтермелей береді деген ойда. Жұрт соңғы айтыста Жандарбек Бұлғақов жеңіп тұрса да бас жүлде Аманжолдың қанжығасында кетті дейді. Бұған не уәж айтасыз?

– Осыдан 5 жыл бұрын Аманжол мен Жандарбек екеуі айтысқан. Аманжол Әлтаев сол жолы бас жүлде – "Джип" көлігін жеңіп алса, Жандарбек те олжасыз емес, екі көліккке ие болған еді. Ертеңіне Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағанбетов екі ақынды қабылдап, сый-сияпат жасаған. Сол басқосуда Аманжол: "Мен талай рет бас жүлде алып жүрмін. Енді бұл жолғысын ініме сыйға тартамын", – деп "Джиптің" кілтін Жандарбек Бұлғақовқа табыс еткен. Сөйтіп, талдықорғандық жас ақын айтыстан соң үйіне бірден үш көлік мініп қайтқан. Қазір Аманжолдың жасы 40-тан асып кетті. Кешегі соңғы айтыста оның айтыстан кететіндігі жұртқа мәлім болды. Қазылар алқасы соны ескерді ме, әйтеуір бас жүлде – "Мицубиси Паджероны" табыс етті. Мен ол жағына араласқан жоқпын. Ал Жандарбектің қалай айтысқанына көрермендер куә.

– Әңгімеңізге рахмет.

...Ақын, журналист Жүрсін Ерман 2005 жылы Астанада жарық көрген екі томдық "Қазір айтыстар" жинағының авторы. Оның айтыс туралы көптеген бейне, аудиотаспалары­ бар.­ "Ұлытауға бардың ба...", "Екі тізгін, бір шылбыр", "Арайлы күн, армысың?", "Жанартау" және өзге де көптеген кітаптардың авторы. Бүгінде ол Астанадағы Президент мәдени орталығының директоры Қанат Саудабаевтың кеңесшісі қызметін атқарып жүр.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/213105-kazylar-alkasynyn-erbir-myshesi-500-myn-tenge-gonorar-aldy.html