RU

Кеден одағына мүше елдер "Сүт сусыны" терминінен бас тартады

Оның орнына "Қалпына келтірілген сүт" түсінігі қолданысқа енгізілуі ықтимал.

Мұндай жіктеуді Кеден одағының сүт және сүт өнімдеріне арналған техникалық регламенті аясында қабылдау жоспарлануда. Кеден одағына мүше елдер – Ресей, Беларусь және Қазақстан  "сүт және сүт өнімдері" секілді терминдерден бас тарту мүмкіндігі жөнінде пікірталас жүргізуде. "Алдағы уақытта "Қалпына келтірілген сүт" түсінігі қолданысқа енгізілуі мүмкін", - дейді РФ Өндіріс және сауда министрінің орынбасары Владимир Саламатов.

Ол қазіргі зерттеу әдістерінің қандай да бір өнімді шығаруда құрғақ сүттің пайдаланылған-пайдаланылмағанын анықтауға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Ресейде сүт және сүт өнімдеріне қатысты техникалық регламент 2009 жылы қабылданған. Сол регламентке көптеген дау тудырған "сүт сусыны" термині енгізілген болатын. Ол "Құрғақ сүтті пайдалану арқылы дайындалған сүт" деген ұғым береді. Ресей елінің сүт өнімдеріне қатысты техникалық регламенті негізінде Кеден одағының ортақ техникалық регламенті құрылды.

В.Саламатовтың айтуынша, "Сүт сусыны" терминін қабылдауға қатысты шешім биыл мамыр айында қабылдануы мүмкін. Сондай-ақ ол Кеден одағының азық өнімдеріне қатысты барлық техникалық регламенттерінің бір уақытта күшіне енуі туралы шешім қабылданғанын хабарлады. "Олар 2013 жылдың 1 шілдесінде күшіне енеді. Сол уақытқа дейін өндірушілердің барлығы тиісінше дайындалады деген ойдамыз", - дейді ол.   Өндірушілердің Кеден одағының ортақ техникалық регламенттерге бейімделу кезеңі шамамен 2 жылды құрайды. 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/213188-keden-odagyna-myshe-elder-syt-susyny-termininen-bas-tartady.html