Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жасанды жыныс мүшелері сатылмаса екен

Опубликовано:

Бүгінде еліміздегі көптеген қалаларда секс-шоп сауда орындары жұмыс істеп тұр. Ішінде жасанды жыныс мүшелері мен қыз кейпіндегі бұйымдардың түр-түрі сатылады. Мәселенің мән-жайын Абай.кз сайтында Сабыржан Байбосынов тарқатады. 

Аталған дүкендердің сыртына 18 жасқа толғандарға ғана сауда қызметі жасалатыны жазылған. Ол сырт көз үшін жасалған тірлік секілді. Себебі, бірде Шымкент орталығындағы сауда орнын аралап жүріп, алдымдағы "бутикке" кірдім. "Витриналарының" бәрі әлгіндей дүние. Көбісі жеке адамдарға пайдалануға арналған екен.

Интимдік қуыршақтардың кейбірі "батарейкамен" жұмыс істеп, бойжеткеннің ынтыққан дауысын шығарады. "Сувенир" ретінде істелген жыныс мүшелері бар. Сол дүниелердің арасында кілтке тағатыны да кездесті. Мұндайдың жақсы емес екенін ойлап тұрғанымда "бутикке" бірнеше қыз кіріп келді. Олардың мектеп қабырғасында оқитын оқушы қыздар екені көрініп тұр. Өздері дүкен ішіндегі анайы заттарды көріп таңырқап, бастары айналып қалғандай болды. Сөздеріне құлақ түре тұрып, арасында біреуі құрбыларын осында ертіп келгенін аңдадым. Ол өзінің білетіндерін құрбыларына көрсетіп мәз.

Бұл дегеніңіз сұмдық емес пе? Ертең әлгі бес-алты қыздың әрбірі бірнеше құрбысын шұбыртып келер. Мұндай тірлік осылай бірнеше рет қайталанар. Сонда жастарымыздың көбісінің санасы уланбай ма? Қазірдің өзінде кәмелетке толмағандардың басым бөлігінің интим-қуыршақтар мен құралдардан хабары бар сияқты.

Олай дейтінім, Шымкенттегі анайы тауар сататын бір дүкеннің сатушысы өзінің сауданың осы түрімен айналысып келе жатқанына 15 жыл толғанын айтты. Демек, одан бері қанша жастың жасанды тауар сатып алып, онымен әуейі болып жүргені беймәлім. Әйтеуір, соңғы жылдары ел арасында тұрмыс құрғысы келмейтіндер көп. "Басымда баспана мен бір көлігім болса жетеді" деп қояды. Одан қалса, өздерін менсінетін өмірлік серіктің табылатынына сенбейтіндер де жетерлік.

Бұдан бөлек, бүгінгі заманның жастары өзгеше. Олардың кейбірі білімді, пысық болғанымен отбасылық заңдылықтарға иліккісі келмейді.

Көбісі жоғарыда айтылғандай бір баспана мен көлік сатып алып, тәуелсіз өмір сүріп, өз білгенімен жүріп-тұрғанды қалайды. Сондай ұстанымды қағида еткендер түптің-түбінде сезімнің сергелдеңіне түсіп, аталмыш заттарды алуға мәжбүр болмасына кім кепіл?

Ал енді жақында Қытайдан киім әкелушілер де, ыдыс-аяқ тасушылар да анайы заттарды қосымша тауар ретінде әкеліп сатып жүргенін білдік. Демек, елімізде секс-шоптардың сатылуы заңсыз жолмен дами түсуде. Оның қарқыны әлі арта түсетін секілді. Себебі, Кедендік одаққа мүше Қазақстанда, Ресей мен Беларусьте де секс-шоптардың қызметін реттейтін арнайы заңнамалық актілер жоқ.

Қысқасы, әлгі "тауарлардың" еліміз үшін басты зияны не екенін білесіз бе? Ол жергілікті ұлттың демографиялық өсімін баяулататын тежегіш. Сөйте тұра, елімізде ин­тимдік тауарлар сатылатын нүк­телер кәсіпкерлік нысан ретінде қаралады.

Шын мәнінде ондай тауардың сатылуына тиым салуымыз қажет. Бүгінде Қазақстанға адам ресурсы ауадай қажет. Жеріміздің көлемі - 2724,4 мың шақырым. Осындай ұлан-ғайыр аумақтағы халқымыздың саны 16 миллион 675-ақ мың. Бұл Қазақстанның ішкі экономикалық айналымы мен қорғанысы жағынан әлсіз екенін көрсетеді. Ойланатын уақыт жетті.

Қысқасы, парламенттің "партасында" отырғандар елімізде секс-шоп тауарлардың сатылуына тиым салатын заң шығарса екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/213210-zhasandy-zhynys-mysheleri-satylmasa-eken/

pixel