RU

Қазақстан әскерінде әлімжеттік жоқ

Қазақстан Қарулы күштерінің қатарында әлімжеттік жоқ. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Қайсар Мұғалов мәлім етті.

"Меніңше, әлімжеттік - бұл әскердің мәселесі емес, ол қоғамның проблемасы. Сол қоғамнан келген жастар бүгінде әскер қатарында әлімжеттікке жол беріп жатады. Ол, көбінесе, былай болады, оңтүстік пен батыстың жастары бөлініп, бір-біріне күш көрсетеді. Келіспей қалып, төбелесіп жатады. Дегенмен, Қарулы күштер қатарында әлімжеттік жоқ. Бұл мәселені барлық әскери құрылымдарының тәрбие беру бөлімдері мен әскери полиция жіті бақылап келеді", - дейді ол.

Cонымен қатра Қорғаныс министрлігінің өкілі соңғы кездері әскер қатарында жиілеп кеткен суицид оқиғалары салдарынан биыл әскерге шақырылатын жастардың моральдық-психологиялық дайындығы жан-жақты тексерілетінін жеткізді. 

Оның сөзіне қарағанда, биыл қабылдау комиссиялары әскерге шақырылатын жастардың психологиясын жан-жақты зерттейтін болады. "Бұдан басқа, ішкі істер және тағы басқа құзіретті органдардан тиісті ақпарат алынады. Сондай-ақ анкеталық сауалнама жүргізіледі. Былайша айтқанда, әскерге шақырылатын жастың толық мінездемесі жасалады. Бұл соңғы кездері әскер қатарында жиілеп кеткен суицид оқиғаларына байланысты. Әрине, біз жастардың моральдық-психологиялық дайындығына ерекше көңіл бөлеміз. Себебі олар әскерге келген кезде мүлдем басқа тәртіпке тап болады. Осындайда кейбіреулер үшін ол жағдай қиынға соғады. Міне, осындай жастарды анықтау үшін арнайы психолог-мамандар жұмыс істейтін болады", - дейді Қ.Мұғалов.

ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Сәуле Смағұлованың хабарлауынша, биыл көктемгі науқан барысында әскер қатарына 16 мыңнан астам азамат шақырылады. 8 мың жас Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне шақырылса, қалғандары Республикалық ұлан, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімдеріне жіберіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/214703-kazakstan-eskerinde-elimzhettik-zhok.html