RU

Каспийде еліміздің алғашқы зымыранды-артиллериялық кемесі суға түсіріледі

Биыл сәуір айының соңында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің 20 жылдығына орай Каспий теңізінде "Қазақстан" атты жаңа зымыранды-артиллериялық кемені суға түсіру рәсімі өтеді.

Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Сәуле Смағұлова мәлім етті.

Оның хабарлауынша, "Қазақстан" зымыранды-артиллериялық кемесі елімізде алғаш рет жасалып отыр.

"Оны Оралдағы "Зенит" зауыты жинап шығарды. Аталған жауынгерлік кеме Каспийдің қазақстандық бөлігін күзететін болады", - дейді С.Смағұлова.

Бұдан басқа, Қарулы күштердің 20 жылдық мерекесі аясында сәуірдің 23-26-сы күндері Тараз қаласында "Жасұлан-2012" жауынгер әндерінің XIV республикалық фестивалі өтеді. Оған 300-ге жуық өнерпаз әскерилер қатысады.

Ал мамырдың 3-6-сы күндері Астанада өтетін "KADEX-2012" қару-жарақ және әскери техниканың халықаралық көрмесіне жаңа заманауи техникалардың үлгілері шығарылады. Сондай-ақ мамырдың 7-сі күні елордадағы "Қазақстан" концерт залында әскери өнер ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/214706-kaspijde-elimizdin-algashky-zymyrandy-artilleriyalyk-kemesi-suga-tysiriledi.html