RU

Ақан Сатаевтың "Жаужүрек мың бала" фильмінің тұсаукесері қай күні өтетіні белгілі болды

Режиссер Ақан Сатаевтың шытырман оқиғалы "Жаужүрек мың бала" фильмі 3 мамырдан бастап қазақстандық прокатқа шығады. Фильм сюжетінің негізіне жоңғарларға қарсы күресте ересек сарбаздармен бірге кең-байтақ жері мен елін қорғауға бел буған өжет те жас мың жауынгер туралы аңыз желісі алынған.

"Қазақстан жаңалықтары" ақпарат агенттігі хабарлағандай, картинада XVIII ғасырдың басында орын алған қайғылы "Ақтабан шұбырынды" оқиғасы мен қазақ халқының жоңғар халқымен болған соғысы көрініс табады. Фильм соңында жүзжылдық соғысқа нүкте қойып, қазақ халқының жоңғар езгісінен мәңгілікке азат етілуіне ықпал еткен Аңырақай шайқасы көрсетіледі.

"Жаужүрек мың бала" фильміндегі басты рөлдерді – Асылхан Төлепов, Аян Өтепбергенов және көрермендерге "Жас Ұлан", "Арман қала" фильмдерімен таныс Әлия Әнуарбек (Телебарисова) сомдайды.

Фильм күрделі климаттық жағдайларда түсірілді. Фильмді түсіруге атсалысқан топ 90 күн ішінде төрт локация мен 11 декорация ауыстырған. Түсірілім 2011 жылы ақпанда Қапшағай аймағында басталған болатын. Көктемде түсіру тобы Шарын шатқалы аумағына, сосын Қапал-Арасанға орналасты.

"Қазақфильмде" мәлімдегендей, "Жаужүрек мың бала" фильмі жайлы ақпарат түсірілім басталмай-ақ елге тарап кетті. Жалпы республикалық іріктеуге басты және қосалқы рөлдерге түсу үшін 22 мың 200 үміткер қатысты. Қазір әлемдік дистрибьюторлармен келіссөз жүргізіліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/215413-akan-sataevtyn-zhauzhyrek-myn-bala-filminin-tysaukeseri-kaj-kyni-otetini-belgili-boldy.html