RU

Жыныстық тәрбие берудің жаңа үлгісі пайда болды

Мәжіліс депутаты Айткүл Самақованың мектеп оқушыларына жыныстық тәрбие берілуі тиіс деген ұсыныс айтуы мұң екен, қоғам өре түрегелді. Біреу депутаттың ұсынысын қос қолдап қолдаса, енді біреу "мұндай тәрбие беру біздің салтымызға жат" деді. Ал мұғалімдер тарапы мұндай жаңалыққа үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

Самақованың "жас ұрпақ бәрін білуі тиіс" деген ұсынысы қалың жұртшылықтың әлі де назарынан түспепті. Жуырда жыныстық тәрбие берудің жаңа үлгісі пайда болды. 

Рас, бүгінгі ұрпақ барлығынан ха­бардар. Алдыңғы буын аға-әпкелеріміз жақ ашып, айта алмаған кейбір мәселелер жастардың арасында кеңінен талқыланады екен. Қазақстандық жыныстық және репродуктивтік денсаулықты сақтау ассоциациясы арнайы зерттеу жүргізіпті. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жастардың 46 пайызы жыныстық һәм репродуктивтік денсаулық хақындағы ақпаратты бір-бірінен естиді-міс. Осы жайтты ескерген ассоциация жаңа жобаны қолға алып отыр. Бұдан былай 15 және 25 жас аралығындағы жас­тар "жас еріктілер мектебінен" репро­дуктивтік денсаулық жөніндегі арнайы ақпараттарды біліп, өмірлік тәжірибе жинайды екен.

Әлбетте, мұндай тәрбиені мектеп мұғалімдері үйрете бермесі анық. Сол себепті бүгінгі жас ұрпақ жыныстық қа­тынастар һәм репродуктивтік ден­сау­лықты өз арасында еркін талқыға салуы тиіс деп санайды ассоциация қызмет­керлері. Жаңа жоба алдымен Алматы, Қостанай, Шымкент қалаларында жүзеге асырылады.

Алдыңғы буын аға-әпкелеріміз жақ ашып, айта алмаған кейбір мәселелер жастардың арасында кеңінен талқыланады екен.

"Қазақстанда жастардың жыныстық қатынасқа түсуі 14 жастан басталады. Дей тұрғанмен, жастардың көбісі сақтану жолдары мен шараларынан мүлдем бейхабар. Жастардың 40 пайызы алдымен жеңіл жүрісті аруларға барады екен. Ал қа­зақстандық ЖҚТБ орталығының мәлім­деуінше, қауіпті дертке шалдық­қандардың басым бөлігі - 15-25 жас ара­лығындағы азаматтар. Ал жалпы жүк­ті­ліктің 11-16 пайызы ерте жүктілікке тие­сілі" дейді жоба жетекшісі Карина Сағитова.

Міне, сандар осылай "сай­райды".

Жасыратыны жоқ, ерте жастан от басып, артынан бармақ тістейтін жаста­ры­мыз шын мәнінде аз емес. Тіпті ішке біткен шаранадан оңай "құтылатын­дар­дың" да басым бөлігін 14-18 жас ара­лығындағы қыздар құрайды.

Қарап тұрсақ, жастар көп ақпарат­танып, көп білген сайын тыйым салынған әдетке үйірсек боп барады. Бір қарағанда, жастардың бір-бірін тәрбиелегені дұрыс-ақ. Әйткенмен, "Еріктілер мектебіне" ба­рып, жыныстық мәселелер жөнінде ақ­параттанған бала әлдеқайда сорақы қателікке бой алдырмай ма?" деген де үрей бар.

Психолог Нұржан Нұрпейісовтiң айтуынша, балалар арасында жыныстық тәрбиені мұншалықты насихаттауға да болмайды. "Әрине, жастардың басым бөлігі бұл жөнінде көшеден, даладағы достарынан біледі, үйренеді. Десек те, жетілу кезеңіне енді аяқ басқан 13-14 жа­сар жеткіншекке "былай жасайсың, қор­ға­насың" немесе "мы­нау дұрыс болар" деп үйретсек, олар­дың қызығушылығы арта түсуі де әбден мүмкін" дейді Нұржан Нұрпейісов. Расында, жастарға еркін тілдесудің алаңын ашып бергеннен не ұтамыз?

Қалай десек те, жас ұрпаққа жыныстық тәрбие беру мәселесі әлі де нақты шешімін таппай отыр. Қоғамымыздың орыстілді өкілдері "Бұл дұрыс. Жастар ерте жастан мұндай іске барады. Мұны біледі екен, онда қорғансын" деген шешімге де келген. Бірақ қазақ қоғамына бұл қаншалықты ке­рек? Апа-әжелеріміз, әпкелеріміз жы­ныстық тәрбие дегенді естімей-ақ ақ, адал, пәк қалпын сақтаған еді. Бәлкім, мұндағы мәселе тәрбиеде емес, дұрыс тыйым салуда болар?! Қалай ойлайсыз?!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/215462-zhynystyk-terbie-berudin-zhana-ylgisi-pajda-boldy.html