RU

Ислам банкінің қызметін халал деп атау қызықтыру ғана, ол да харам

Жуырда Бүкіләлемдік Ислам ақшасы сарайының белді мүшесі, малайзиялық қазақ азаматы Абдулғани Әуесхановпен алтын динар мен күміс дирхамды енгізу тәжірибесі тақырыбында сұхбат өткізіп, жариялаған болатынбыз. Сол әңгіме барысында "Ислам" сөзін айдар қылып, шариғат талаптарына сай жұмыс істейміз дейтін банктер жайында да  көпшілікке тосын біраз жайлар айтылды.

Шынымен бұл банктер "Ислам" деген атқа лайық па деген мәселе көтерілді. Ислам банктері әлемде көбейіп жатыр, біздің елімізде де Ислам банкі ашылды дегенімізбен, сол банкке барып, несие алдым, немесе кәсібіме көмек берді деген бірде-бір  адамды көрмеппіз де, естімеппіз де. Осы жайт төмендегі сұхбаттың өрбуіне түрткі болды. 

– Әбеке, енді Ислам банктері тақырыбына көшсек. Қаржы дағдарысы басталғалы бері дәстүрлі банктердің былық-шылығы көп айтылып, олардың баламасы ретінде Ислам банктерінің дәурені жүріп шыға келді. Қызметі Шариғат талаптарына, адамгершілікке негізделген, өсімқорлықпен айналыспайды деп көп мақталды. Бірақ, соңғы кездері олардың да өзге банктерден айырмашылығы жоқ екені айтыла бастады. Сонда оның харам болғаны ма?

– Ислам банктерінің қызмет істеу тетіктерінде кейбір шариғат талаптарына сәйкесетін элементтер бар екені рас. Алайда, жалпы алғанда ол да зайырлы банктер секілді жұмыс істейтін институт. Иә, ешқандай айырмашылығы жоқ. Сондықтан, ол да харам. Ал оны "Ислам банкі", халал, дәстүрлі банктердің баламасы деу – халықты алдау, қызықтыру ғана.

Біріншіден, кез келген Ислам банкі сол елдегі орталық банктің қоластынан ашылады. Міне, осыдан-ақ көп нәрсе аңғарылып тұрған жоқ па? Өздері зайырлы банктер харам, біз оның баламасымыз, халалмыз деп алады да, қалайша олар сол "харам" банктермен бір шатырдың астында отырып, бір жүйеде, бір заңмен жұмыс жасайды?

Екіншіден, олардың қызмет ету қағидалары да бірдей. Жалпы, банктердің үш қызмет аясы болады: олар ешқандай құны жоқ қағаз ақшамен жұмыс істейді; электронды ақша жасайды, яғни нақты ақша жоқ, бірақ компьютерде миллиондаған ақшаның көрсеткіші тұрады; пайыз қосады. Ислам банктерінде де осы үшеуі бар.

Олар "Бізде пайыз жоқ, табысты бөлісеміз, шығынға ұшыраса, оны да тең бөлеміз" деп жатыр ғой. Жоқ, барлық Ислам банктері де пайыз алады, тек оны пайызға ұқсатпай, басқаша бүркемелеп көрсетеді. Сондай-ақ, қаржыландыратын болса, міндетті түрде кепілдікке зат қоюды талап етеді. Төлей алмадың ба, кепілге қойған затты тартып алады. Ендеше шығынды да бөлісеміз дегені қайда?

Мен 10 жылдан бері Малайзияда тұрамын. Онда Ислам банктері бүгінде қатты сынға ұшырап жатыр. Айталық, сіз 100 мың долларға үй сатып алғыңыз келді. Дәстүрлі банкке бардыңыз. Олар сізге 100 мың доллар несие берді, келісімшартқа отырдыңыздар, 15 жылдың ішінде пайызбен 200 мың етіп қайтаруыңыз керек.

Ал енді мысалы Малайзиядағы Ислам банкіне барсаңыз, олар 100 мың долларға өзі үй сатып алады да, сізге оны 200 мыңға сатып, 15 жылда бөліп төлейсіз дейді. Бірақ, олар бұны пайыз емес, сауда деп атайды. Үйді сатып алып, сосын сізге сату үшін екі келісімшарт жасайды. Үйді кепілдікке қояды. Бұл жерде төлеу жағынан келгенде дәстүрлі банктерден ешқандай айырмашылығы жоқ екенін көреміз.

– Ал олардың айтуынша, мысалы кәсіпкерлікті қаржыландырып, кейін ол бизнестен табыс аз түсіп немесе банкрот болса, шығынды бөліседі емес пе?

– Кәсіпкерлерге бірнеше миллион доллар несие беріп, оның кейін қайтарымы болатынына көзі жетпесе де, тәуекелге баратын Ислам банктерін қайдан көріп едіңіз? Бұл мүмкін емес, олар ешқашан тәуекелге бармайды. Несие берсе, міндетті түрде кепілдік талап етеді. Олар өздерін кез келген шығыннан алдын-ала жүз пайыз сақтандырып қояды. Берген несие сомасын ғана емес, оның үстіндегі пайданың, яғни өсімніңде міндетті түрде қайтарылуын сақтандырады. Бір сөзбен айтқанда, Ислам банктері дәстүрлі банктердің баламасы емес, соның өзі.

Ислам банктері өздерін кез келген шығыннан алдын-ала жүз пайыз сақтандырып қояды. Берген несие сомасын ғана емес, оның үстіндегі пайданың, яғни өсімніңде міндетті түрде қайтарылуын сақтандырады.

– Ендеше олардың біз шығынды бөлісеміз, шариғат негіздерінде жұмыс істейміз деп жүргені не?

– Шындығын айтайық, бұл барып тұрған жалған сөз. Өзім Қазақстанда тұрмағандықтан, "Әл-Хилалға" қатысты нақты ештеңе айтпай-ақ қояйын, бірақ біздің Малайзиядағы Ислам банктерінде шығынды бөлісеміз деген нәрсе жоқ. Малайзия мен Индонезияда Ислам банктері 25 жылдан бері қызмет жасап келеді, бүгінде олардың қалай жұмыс істейтіні толықтай анықталып, Ислам банктері халық сенімінен шығып үлгерді.

Малайзияның Халықаралық Ислам университеті жанындағы Ислам банктері мен қаржысы институтының бұрынғы директоры Ахмед Камиль Меера соңғы жылдары: "Өкінішке орай, Ислам банктері шариғат талаптарына сай жұмыс істемейтінін мойындауымыз керек", – деп бірнеше мәрте сөз сөйледі. Бір сөзбен айтсақ, Ислам банктері де өсімқорлықпен айналысады.

Мен Ахмет мырзаны 2009 жылы Астанада Қазақ гуманитарлық заң университетінде өткен Халықаралық Ислам конференциясына алып келдім. Сол жиналыста да ол осыны айтты. Залда қатысып отырған бір адам: "Ислам банктері жанындағы Шариғат кеңесі не істейді сонда?", – деп сұрақ қойған еді. Бұл сұраққа А.Меера: "Оларға банктің өзі жалақы төлегеннен кейін ар жағы түсінікті емес пе?", – деп жауап берді.

– Сонда Шариғат кеңестерінің тірлігі – харам шұжықты "халал" деп сататындардың ісіне ұқсайтын болғаны ма?

– Иә. Олардың Шариғат кеңесі дегені – тек көз алдау үшін ғана. Бұл менің сөзім емес, бұл туралы әлемде талай айтылды, жазылды, тіпті пәтуалар да бар. Мысалы, 2006 жылы ірі ғалым шейх Омар Вадильоның пәтуасы шықса, 2008 жылы Пәкістандағы ең белгілі, беделді 30 мүфти бірлесіп Ислам банктерінің өсімқорлықпен айналысатыны туралы арнайы пәтуа жариялады.

Пәкістан да әлемдегі Ислам банктері ең алғаш пайда болған елдердің қатарында. Онда 40-50 жылдан бері Ислам банктері қызмет етіп келеді. Нәтижесі қандай? Бірдеңе жақсарды ма? Жоқ, ешқандай нәтиже болмады, өзгеріс, жеткен жетістіктері жоқ.

Ал енді қазір сол пәкістандықтар, малайлар бізге келіп, қазақтарға Ислам банктерін уағыздап, үйретіп жатыр. Масқара! Өздерінде 50 жыл бойы ешқандай нәтижеге жетпеген банктерін енді бізге үйреткісі келеді. Бұдан бас тарту керек! Ислам банкінен гөрі, осы қазіргі зайырлы банктеріміз жетеді бізге. Алтын динар мен күміс дирхамды енгізгенше.

Қазір батыстағы көптеген алпауыт банктердің, Малайзиядағы кез келген зайырлы банктің жанында Ислам банкі бөлімшелері бар. Батыс банкирлері оларды қос қолдап қолдайды. Өйткені олар бұның да кәсіп көзі екенін жақсы түсінді. Сондықтан, Исламға ешқандай бүйрегі бұрмаса да, мұсылмандар тарапынан қосымша клиенттер тарту мақсатында сондай бөлімдерді ашып қойған.

Батыс банкирлері оларды қос қолдап қолдайды. Өйткені олар бұның да кәсіп көзі екенін жақсы түсінді. Сондықтан, Исламға ешқандай бүйрегі бұрмаса да, мұсылмандар тарапынан қосымша клиенттер тарту мақсатында сондай бөлімдерді ашып қойған.

– Ислам банктері өздерінің несие беруін, яғни жалпы қызметін "сауда" деп атайтынын айттыңыз. Сырттай қарасаңыз, шынымен сауда сияқты. Енді ол қалай харам болуы мүмкін?

– Иә, жоғарыда мысал келтіргенімдей, олар несиені сауда, пайызды табыс дейді. Бірақ шынайы сауда деп – нарықта екі жақтың келісімімен болған тауар алмасуды атаймыз. Мәселен, үй 100 мың доллар тұрып, оны сатып алсаңыз, міне бұл шынайы құн, шынайы сауда. Ал оны Ислам банкі сатып алып, клиентке 200 мыңға сатып, 15 жылда қайтарасың десе, бұл сауда емес. Өйткені ол – еркін нарықтағы екі жақтың келісімімен болған баға емес. Бұл – Ислам банктерінің клиентке жүктеген қайтарым ақшасы.

Оның ішінде пайыз міндетті түрде бар екені белгілі. Шариғатта бір сауда келісімінің ішінде екі келісімді біріктіріп жасауға тыйым салынған. Төрт мәзһабта да сондай тыйым бар. Имам Мәлік "әл-Муатта" еңбегінде егер бір адам екінші адамға: "Сен 10 динарға менен бір түйе сатып ал да, сосын маған 20 динарға белгілі бір уақыт ішінде сат", – десе, мұндай келісімшартқа шариғатта тыйым салынатынын айтады. Яғни бұл жерде екі келісімшарт бір келісімшарттың ішінде жасалынып тұр және ол нарықтағы еркін сауда емес.

Ислам банкі пәтерді сатып алып, клиентке 200 мыңға сатып, 15 жылда қайтарасың десе, бұл сауда емес. Өйткені ол – еркін нарықтағы екі жақтың келісімімен болған баға емес.

Ашығын айтқанда, бұл жасырын риба. Міне, Ислам банктерінің айналысып отырғаны дәл осындай іс. Орта ғасырларға дейін Еуропада шіркеу өсімқорлыққа тыйым салған кезде бұл өсімқор еврейлердің ойлап тапқан қитұрқы әрекеті екен.

Олар өсімқорлықты жасыру үшін екі-үш бөлек келісімшарт жасайтын болған, әрқайсысы былай қарасаң дұрыс, яғни риба емес, бірақ үшеуін қосқанда бәрібір сол өсімқорлық шығады. Оны ғылым тілінде "Contractum trinius" дейді.

Енді Ислам банктерінің рибаны сауда дейтініне келсек, бұған Құрандағы "Бұл олардың "Сауда дегеннің өзі өсім ғой" дейтін қате ұғымының жазасы" ("Бақара" сүресі, 275-аят) деген аятымен жауап берсек болады. Яғни, сауда мен рибаның арасын ажырата алмайтын адамдардың ісін меңзеп тұр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/215865-islam-bankinin-kyzmetin-halal-dep-atau-kyzyktyru-gana-ol-da-haram.html