RU

Мұсылмандар үшін қасиетті Ережеп айы басталды

Ережеп айы - Исламдағы ұлық айлардың бірі. Алла тағала Құран Кәрімде (Тәубе сүресі, 36-аят): "Тегінде, аспан мен жер жаратылған күннен бастап, Алла тағала айдың санын он екі етіп белгілеген. Оның төртеуі - (зу-л-қағда, зу-л-хижжа, мухаррам, ражәб) соғысуға тыйым салынған айлар. Дінде бұл дұрыс. Бұл айларда сендер өздеріңе зиян жасамаңдар" деген.

Бұл айларда адамдар тек қана бір-біріне жақсылық істеп, сонымен бірге бір-біріне қамқор болуы керек. Бұған қатысты Құран Кәрімде (Әнғам сүресі, 160-аят): "Кімде-кім бір ізгілікті сауап жасайтын болса, Алла тағала оған он сауап жазады" деген.

Осы төрт ай ораза ұстаумен бірге құлшылық істейтін айлар болып саналады. Алла Тағала бізді сынау үшін жаратты. Сондықтан қаншалықты игілікті жұмыстарды көбірек істесек, онда Алла тағала бізді жәннатқа кіргізеді.

Пайғамбарымыз көп хадистерінде ораза туралы айтқан: "Кім Алла үшін бір күн ораза ұстаса, Алла тағала оның бетін тозақ отынан жетпіс жыл қашықтыққа алыстатады".

Пайғамбарымыз былай деп дұға оқушы еді: "Ей, Алла тағала, бізге ражәб пен шағбан айында береке бер, сонымен бірге бізді рамазан айына жеткіз". Пайғамбарымыз бұл дұғаны ережеп айы кірген кезде айтатын болған.

Бұл айда да қасиетті түндер бар. Рағайыб түні. Миғраж түні-Ражәб айының алғашқы жұма түні - Рағайыб түні. Рағайыб - Алланың кешірімі мен рақметі пенделеріне көбейтіліп берілетін және дұға-тілектер қабыл етілетін түн дегені. Миғраж түні Алла тағала жеті қат көкке Мұхаммедті (с.ғ.с.) көтерді. Сондықтан бұл ай өте құрметті болып саналады.

Бұл айды осы Миғраж түні ерекшелеп тұр. Өйткені осы түні Алла тағала мұсылмандарға маңызды құлшылықты әмір еткен. Намаз оқу парыз болды. Алла тағала тек қана осы намазды аспанға көтеріп парыз етті. "Бұл уақыттардың қадірін біліп, Менен кешірім сұраңдар, сендерді кешіремін" деген.

Әсіресе, бұл уақыттарда көбірек құлшылық жасап, орынсыз сөздер мен іс-әрекеттерді тастап, жақсы адам болуға бұйырған. Ражәб айындағы әрбір жақсы амал үшін жетпіс есе сауап беріледі. Шағбанда жеті жүз есе сауап, ал рамазанда болса, мың есе сауап жазылады".

Бұл тек қана Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі үшін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) айтты: "Егер сіздер өлім сәтінде шөлдеуді сезбей, рақатта болуды, иманмен дүниеден өтуді және шайтаннан құтылуды қаласаңыз, бұл айда көбірек ораза ұстаңыздар және өткен күнәларға өкінумен бұл мүбәрәк айды құрметтеңіз. Ережеп айының бірінші күні - ораза ұстағандарға үш жылдық, екінші күні - ораза ұстағандарға екі жылдық, үшінші күні - ораза ұстағандарға бір жылдық нәпіл ораза сауабы беріледі, бұл хадис шәрифпен дәлелденген.

Үш күннен кейін ораза ұстағандарға, әр күніне бір айлық ораза сауабы беріледі. Бұл ай Алла тағалаға тиесілі бір ай болғандығы үшін, тек Алла тағаланың затын білдіретін Ықылас сүресін мол-мол оқу керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/218605-mysylmandar-yshin-kasietti-erezhep-ajy-bastaldy.html