RU

ҰБТ-ға алғаш рет математика пәнінен логикалық тест тапсырмалары енгізілді

Алғаш рет математика пәнінен логикалық тест тапсырмалары құрастырылды, деп хабарлады ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков журналистермен болған баспасөз мәслихатында.

"Алғаш рет математика пәнінен логикалық тест тапсырмалары құрастырылды. Олар әр нұсқаға 1 тапсырма ретінде қосылады", - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі. Министрліктің хабарлауынша, ағымдағы жылы тест тапсырмалар базасы, соның ішінде 148 806 тест тапсырмасы толығымен жаңартылып, апробациядан өтті.

Оларға 11430 мектеп түлегі қатысқан. Жалпы бірыңғай ұлттық тестілеуге ағымдағы жылы 121 мың түлек, яғни жалпы мектеп бітіруші түлектердің 78%-ы қатысады. Бірыңғай тестілеу 1-15 маусым аралығында 154 арнайы жабдықталған пункттерде өтеді.

Олардың ішінде 107 пукнт аудан орталықтары мен қалаларда, ал 47 пункт облыс орталықтары, Астана мен Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарында орналасқан. Тестілеу жұмысының сапасын арттыру мақсатында 10 пункт жаңа ғимаратқа көшірілген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/219330-ybt-ga-algash-ret-matematika-peninen-logikalyk-test-tapsyrmalary-engizildi.html