RU

112 жастағы кейуана Дариға Назарбаеваға өлең арнады

ОҚО, Сайрам ауданына қарасты Таскешу ауылында тұратын Құрманкүл Сариева биыл 112 жасқа толып отыр. Жақында әжей ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаеваға өлеңдетіп хат жазыпты.

Хатты оқыған Дариға Нұрсұлтанқызы Оңтүстікке келген сапарында міндетті түрде Құрманкүл әжеге соғып, жағдайын біліп қайтуға уәде еткен-ді. Әйткенмен, кешегі аптада өңірімізде болған кезінде Дариға қызын қой сойып, бауырсақ пісіріп, күткенмен Құрманкүл әже жолыға алмағанына арманда. "Қызметтегі қыз ғой, ел үшін еңбек етіп жүр, қолы тимеген болар. Оған өкпем жоқ",-дейді әже.

Ғасырдан аса ғұмырына қарамастан Құрманкүл әженің күш‑қуаты кемігенімен, кәрілік ақыл –есін жеңе қоймаған. "Тынбай еңбектенудің арқасында ұзақ жасап отырмын", -  дейді ол. Ес білгелі ауыр жұмыстан қашпаған, бел жазбай еңбектенген әже өзінің балалық, жастық шағы қиын-қыстау кезеңмен қатар келген  зұлмат жылдардың ешбір сәтін естен шығарған емес. Қайғысы мен қасіретін әкелген соғыс уағында күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмегенін айтады.

Көрмегенді көрдік қой, қызым,

Кәрілік жаман ауру, таптырмайтын

Мал сойып, өкпеменен қашырмайтын.

О заманда қыздардың әйнегі едік,

Іздеген жігіттерге таптырмайтын,- деп өлеңдетіп қояды Құрманкүл әже.

"Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра" десек те, ғасыр құрдасының өмірден көргені де, түйгені де көп. Осыдан 92 жыл бұрын өзінен отыз жас үлкен отағасына тұрмысқа шыққанда ол небәрі 20 жасар қыз болған екен. Жастығына қарамай, қатал өмірдің сынына төтеп беріп, ауыр тауқыметті көтере білген ер ана екі ұл мен бір қыз тәрибелеп өсіріпті.

Бүгінде аңызға айналған оның өнегелі өмірі келіндерінен бастап, барша ұрпағына үлгі. Олар шаңырақтың ажарына айналған әжесімен мақтанады. Үлкен ұлы зейнетке шықса, шөбересі келін түсіріп, әжей немене сүйіп отыр. 18 немересі мен 58 шөберенің ғана емес, атандай бір ауылдың анасына айналып отырған Құрманкүл әже тек  басшыларға өкпелі. Жергілікті немесе қала, облыс басшыларынан келіп, қал-жағдайын сұрап, елеп ескерген ешкім болмапты. Ескерілмей қалдым деген сөзін нықтап айтқан әжей, арманы орындалмағандай күрсінді.

Дариға қызыма!

Дариға қызым хан едің, Мен қартайған жан едім. Жүзден асқан анаңмын, Қабылда қызым сәлемін.

Қыз едің жаным елеулі, Өмірім менің шегеулі. Шенің биік болған соң, Білмей тұрмын не деуді?

Сөзімді тыңда қарағым, Көп жасаған анамын. 112-ге келген анаңа, Оң қабақпен қарағын.

Бәрін де бастан өткердім, Қиындықты көп көрдім. Сөзімді жерге тастама, Қызысың Патша, бектердің!

Хат жаздым сендей асылға‑ай, Шынымды айттым жасырмай. Ақ батам болсын қарағым, Жасың жетсін ғасырға‑ай.

Өзіңді күнге теңедім, Өзіңе ғана сенемін. Қартайған мына анаңа, Бола ма? Қызым көмегің.

Ел үшін қызмет ете бер! Армансыз болып өте бер! Ақ батам осы алтыным, Жасыма менің жете бер!..

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/219512-112-zhastagy-kejuana-dariga-nazarbaevaga-olen-arnady.html