RU

Шектік балл төмендейтін болды

Мектеп түлектері 11 жылдық білімінің нәтижесін көрсететін ҰБТ тапсыруды бастады. Министрліктің бақылау комитеті төрағасы Серік Ирсалиевтің мәлімдеуінше, алғашқы үш күнде республикада 35 оқушы бірнеше ескертулерге қарамастан тәртіп бұзғаны үшін аудиториялардан шығарылыпты.

Оның 5-уі түлектердің орнына сынаққа кірген басқа жастар екені анықталған. Ал кейбір сынақ бөлімшелерінде ата-аналар мемлекеттік сынақтың өтуіне кедергі келтірген оқиғалар да тіркелген. Биылғы ең басты өзгешелік, Ұлттық университеттердің ақылы бөлімдеріне оқуға түсетін түлектер 70 балдан кем жинамауы керек деп шарт қойылған болса, медициналық оқу орындарына — 65 балл, өзге ЖОО-да білім алғысы келетіндер үшін шектік балл 60 болуы тиіс болатын.

Алайда ҚР Премьер -Министрі К. Мәсімов ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 19-қаңтардағы №111 қаулысына өзгеріс енгізді. Сонымен жоғарыда аталған қаулының 37-ші тармағы түзетілген мәтінге сай былай оқылуы тиіс: "Ұлттық жоғары оқу орындарына ақылы оқуға тестілеу нәтижелері бойынша мынадай пәндерден: мемлекеттік немесе орыс тілінен (оқу тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау бойынша пәннен кемінде 70 балл, басқа жоғары оқу орындарына — кемінде 50 балл, ал "Жалпы медицина" мамандығы бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейінді пәннен кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл жинаған, ҰБТ-дан өткен жалпы орта білім беру ұйымдарын ағымдағы жылы бітірушілер, кешенді тестілеуге қатысушылар қабылданады".

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/220078-shektik-ball-tomendejtin-boldy.html