RU

Атырау аспанында түнде тосын құбылыс көрініс берді (видео)

Атырау аспанында жұмаға қараған түні әдеттегіден өзгеше айрықша жарық пайда болып, бір сағатқа жуық уақыт тұрды, өз пәтерлерінің балконы мен көшеге шыққан мыңдаған қала тұрғындары бұған әжептәуір абыржып қалды.

"Казинформ" хабарлағандай, ерекше құбылыс Атырау аспанында жергілікті уақытпен түнгі сағат 22-ге таман көрінген. Бұлтсыз аспанның төрт жерінде бірдей уақытта көзбен шолғанда ұзындығы бір шақырымнан асатын жарық сәуле шашқан көгілдір иірімдер пайда болған.

Оның алғашқы пайда болу көрінісін тамашалап үлгергендердің айтуынша, аспаннан бір түсініксіз заттар құлағаны байқалған. Олардың үшеуі бірдей тең жағдайда құлаған, артында көгілдір жарық шашқан із қалып қойған, ал тағы біреуі шиыршықтала төмендеген. Ең жарық зат қаланың орталық бөлігінде байқалды: ол үлкен көгілдір күңгірт медузаға ұқсайды.

Бұл құбылысты Атыраудың шет жағынан бақылағандар аспаннан құлаған екі заттың соңында от шашқан із қалғанын айтады, ал ол қала ішіндегілерге байқалмаған. Қаланың байырғы тұрғындары қала үстінде осыған ұқсас құбылыстың 1974 жылы байқалғанын еске алды. Кейін адамдарға мұның Байқоңырдан ұшырылған зымырандардың ауада жанып кеткен бөлшектері деп түсіндірген.

Кейіннен белгілі болғандай, шамамен осы уақытта Ресейдің стратегиялық мақсаттағы зымыран әскері Астарахань облысындағы "Капустин Яр" полигонынан континентаралық "Тополь" баллистикалық зымыранын ұшыру сынағын жүргізген.

Ұшырылым Мәскеу уақытымен сағат 21.39-да іске асырылған. Әскерилердің айтуынша, зымыранның әскери оқу бөлімі Қазақстандағы "Сары-Шаған" полигонындағы шартты нысананы ерекше дәлдігімен таңғалдырған. Ал Атырау аспанындағы жарық сәуле шашқан көгілдір иірімдер "Топольдің" бөлшектері ме, жоқ па – бұл жайында әскерилер ештеңе айтпады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/220314-atyrau-aspanynda-tynde-tosyn-kybylys-korinis-berdi-video.html