Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бауыржан Ибрагимов кәсіпкерлікпен қалай айналыса бастады

Опубликовано:

Бір кездері "тойдан басқа түгіміз жоқ" деп, шоу-бизнестің шаңына да жете алмай, армандасақ, араға аз уақыт салып, қазақ өнер жұлдыздары шоуды да жасап, одан түскен пайдаға көлік пен баспана былай тұрсын, бизнес те ашып үлгерді.

Сахнасын да, шаруасын да дөңгелетіп әкеткен әртіс әрі кәсіпкерлер көп. Біз оларға біртіндеп тоқталмақпыз. Тұңғыш кейіпкеріміз – Бауыржан-ШОУ. Неге? Себебі елімізде алғаш "шоу" терминін жекеменшік театр ашу арқылы жарқ еткізіп алып шыққан – осы бір тұлға.

 

SHOW

"Құдағи, бір партия" интермедиясындағы татар Қанафи құдасы  әлі күнге жұртшылық арасында "хит" болып  келе жатқан Бауыржан Ибрагимовтің қазақ сатира әлемінде алар орны ерекше. Әрине, бұл салада алғаш "Тамаша" ойын-сауық отауының жөні бөлек. 

Бауыржан Ибрагимовтің өзі де Құдайберген Сұлтанбаев, Уәйіс Сұлтанғазин, Мейірман Нұрекеев, Тоқсын Құлыбековтермен атар "Тамашаның" шинелінен шыққан. Сондай-ақ "Очи черные, очи страстные, у Муравей глаза очень страшные" деп ән салатын грузин-Бауыржан да әлі күнге көрерменнің көз алдында.

 

Сәулетші – қойшы – "Бухгалтер"

Бір қызығы, кішкентайынан ән мен жырға, тіпті суретке де әуестеніп, әйтеуір, өнер десе, елеңдеп тұрғанымен, үлкен сахнаға, соның ішінде актерлік әлеміне Бауыржан ағамыз түрлі тағдыр кешіп, адасып барып, әрең жетіпті. Архитектор оқуына түсіп, одан өзін таппаған соң, ауылға тартып тұрған жас дарынға Жаратқанның мейірімі түскен ғой, бір күні ауылға 60 жылдығын тойлап, Алашқа әйгілі актриса Шолпан Жандарбекова ат ізін салады.

Бұл оқиға қой бағып жүрген бала Бауыржанның кеудесіндегі үміт шоғын қайтадан үрлеп кеп жібереді. Солайша, әртістіктің оқуына ақыры түскен Бауыржан екінші курсында-ақ "Тамашаға" алынады. Бірден өнерге келген құбылыс болып бұрқ ете қалмаса, біртіндеп өзін көрсете бастаған жас дарынның бірінші рөлі бухгалтер болса керек.

 

"Бауыржан-ШОУ" – 20-да

1992 жылдың 16 желтоқсанында елімізде ресми түрде жеке театр болып тіркелді. Алайда театр өз жұмысын бір жылдай дайындықты пісірген соң барып, 1993 жылы бастайды. Бұл негізі еліміздегі тұңғыш әзіл-сықақ театры болатын. Себебі "Тамаша" ойын-сауық отауы деп аталғанымен, телебағдарлама еді.

"Бауыржан-ШОУ-дың" бірден ел-жұртты елең еткізгені – даусыз шындық. Әбеке, Қадырғали, Алмат, Қуандық, Ұлан, Нүрбек сынды жігіттермен қатар, Бақыт пен Қарагөз сынды қыздар түрлі типтегі кейіпкерлерді сомдағанда елдің езуі жиылмай, тіпті ішін басып күлгеніне өзіміз куәміз.

Тіпті қазіргі "Нұр-Мұқасан", "Орда" топтарының алғаш осы "Бауыржан-ШОУ-да" негіздері қаланып, кейін жеке отау тіккенін де білеміз. Қазір жеке-жеке жұлдызға ай­нал­ған Жанатбек пен Сәбит те осы құ­рамнан шық­ты дей аламыз. Ресми тіркелген уақы­ты­нан есептесек, биыл аталған театрға 20 жыл толыпты.

 

Қанафи құда қалай шықты?

Бауыржан десе, бірден құдағиын айналдырған татар құда еске түседі. Яғни Қанафи құда – Бауыржан Ибрагимовтің театрдағы төлқұжаты. Ал сол Қанафи ойдан шығарылған бейне ме, әлде өмірде прототипі бар адам ба? Бұл жөнінде Бауыржан ағамыздан сұрағанда, ақиқаты былай болып шығады. Қанафи – өмірде болған адам, яғни бала Бауыржанның ауылында әркімге жалданып, үй салып беріп жүретін мердігер болса керек.

Күндердің күнінде әкесінің айтуымен өздеріне жалданған сол мердігердің қасында ала жаздай көмекші болып жүгіріп жүрген Бауыржан талай қызық әңгімеге қарық болады. Ол кезде бірақ Бауыржан бала өзінің болашақта актер болатынын да, қазір жас санасында соның алғаш дәні егіліп, өзінің тұңғыш комедия кейіпкерімен қатар отырғанын да сезбеп еді.

Бауыржан Ибрагимовтің тағы бір елді мойындатқан қойылымы – "Катюша". Ал кейінгі жылдары кемелдікке жаткен ағамыз елді күл­діре отырып, жылататын "Ит­пен сұхбат", "Балама хат" атты мо­но­логтарын шығарды.

 

БИЗНЕС

Өмір бойы нәпа­қасын өнерден теріп жү­ре бермей, кәсіп­тен де нәсіп із­деген аға­мыз бү­гінде жыл­қы шаруа­шылы­ғы­ның тізгінін ұстағанын бір­шамамыз естіп, құ­лағдар болып та үл­гер­дік.

Оған қоса ба­ла күнде қой бақ­қан тә­жі­ри­бесі де бар, яғни ауыл­да мал­дың жайын кө­ріп-біліп, ша­руаны жүр­гізудің жа­ғ­дайына кіш­кен­­та­йынан қа­нықтығы да осы қа­дам­ға бел буғыз­ғандай. Өзінің алғаш қалай осы кәсіп­ке кіріскені жайлы әй­гілі актер, сатирик ағамыз:

–   Шаруашылық де­ген енді... ата кәсіп қой. Мен өзім, мысалы, ауылда өстім. Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында "Күйік" атты асыл тұқымды қой зауыты болған. Әкем – өмір бойы сонда жұмыс істеген, "Ленин" ор­д­енін алған адам.

Қанша дегенмен, мал шаруашылығы қанымызда бар нәрсе ғой. Содан 1998 жылы Іле ауданынан шамалы жер алған­мын. Ешкімге керексіз болып, қа­раусыз жатқан жер екен. Сол жерге 16 бас жылқыны көшіріп апардым. Айдала. Жарық жоқ, су жоқ. Ол жерде тіршілік оянады дегеннің өзі бір ертегі сияқты нәрсе болып көрінетін. Бұрын құс фермасының қоқыс төгетін жері болса керек, аттарды жіберсек, аяғын кесіп кетеді, жа­ра­қат­тайды.

Сонымен, қойшы, әйтеуір, 1,5-2 бойы сол жердің темір-терсегін, қоқысын жинаумен болдық. Содан кейін барып қана ат қора, жұмысшылар тұратын үй салдық, свет тарттық, су шығардық. Мал өсіргеннен кейін жем-шөбін өзің дайындамасаң, шығыны көп болады. Сосын ауданнан сұрап, тағы жер алдым.

Ол жер өнім беруі үшін жырту керек болды, жырту үшін трактор керек. Сөйтіп, трактор алдым. Егін еккеннен кейін оны оратын комбайн болмаса, тағы болмайды. Сөйтіп, комбайн алдым. Солай-солай бәрі құралды ғой, – дейді.

Жылқы мінезді, тұлпар секілді тектіміз дейтін халықтың ұрпағы Бауыржан кәсіпкер жылқымен қатар, ірі қараны да баптауға кіріседі. Ірі қара болғанда да "Әулиеата" тұқымды сүтті сиырлар. Бұл тұқым өзі кеңес өкіметі тұсында Украина мен Белоруссиядан алып келген қара ала сиырларды жергілікті сиырлармен шағылыстырып алынған.

Жылқыдан аздап қор жинаған ағамыз әуелде-ақ Әулиеата сиыры мен бұқа, құнажындарын қосқанда 270 басын сатып алады. Тағы етті сиырлардан алады. Сахнада шоумен ағамыз – кәсіпте қып-қызыл есепші.

 

Етті сиырдың есебі

Әдеттегі сиырлардан 45 пайыз ет шықса, бұл тұқым 65 пайыз ет береді және бұқалары үш жасар кезінде 900 келіден кем болмайды. Сонда 900 келі бұқа 65 пайыз ет бергенде ол 585 келі болады екен.

Шынымды айтсам...

– Менде осы жұмысты жүргізіп жіберіп, шіріп байып кетсем деген ой әуелден болған емес. Қаладан шаршаған уақытта барып, демаламын, атқа мінемін деп бастағанмын. Бара-бара кеңіп кетті ғой.

Бізде өзі кеңес өкіметі кезінен қалып­тасып қалған бір түсінік бар ғой: малшы ауыл десе, көз алдымызға бықып жатқан қораның іші, тоқал там, ескі-құсқыны иығына ілген қойшы елестейді. Мен ондай көзқарасқа үзілді-кесілді қарсымын. Менің мақсатым сол, қалада жұмыс істейтін адам мен менің шаруа­шы­лы­ғымда жұмыс істейтін адамның арасында айырмашылық болмауы керек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/222773-bauyrzhan-ibragimov-kesipkerlikpen-kalaj-ajnalysa-bastady/

pixel