RU

Болат Атабаев: Мен бұрынғы Атабаев қалпымда қаламын

3 шiлде күнi режиссер Болат Атабаев бостандыққа шықты. Оның шығуына әрiптесi, көптен бергi досы, режиссер Ермек Тұрсынов ықпал еткен екен. Түрмеден шыққан күнi Ақтау қаласынан Алматыға бiрден жол тартқан Атабаев пен Тұрсынов  ұлттық баспасөз клубында арнайы мәслихат өткiздi.

Атабаевты қолдауға оның достары мен қызметтегi әрiптестерi жиналды.

“РЕЖИССЕР КӨП, АЛ АТАБАЕВ – БIРЕУ”

Алдымен сөз алған Болат Атабаевтың босатылуына көмектескен Ермек Тұрсынов оны шығару үшiн жұмсалған күштiң аз еместiгiн, оңай болмағанын айтты. “Атқарылған жұмыстар оңайға соққан жоқ, әрине. Өте көп күш жұмсалды. Бiрақ, ең бастысы – Болат аға босатылды. Оны қамағанда мен өте алаңдағанмын. Себебi бiзде режиссер көп, ал Атабаев – бiреу ғана. Шын мәнiнде не iстерiмдi бiлмей, абдырап қалдым", - деді әріптесі.

"Наразылық шаралары мен шағын акциялар ұйымдастыру ойда болған. Бiрақ оның да ықпалы шамалы болатынын өзiм де анық бiлдiм. Ақыры бел шешiп, нақты iске кiрiсуге ұмтылдым. Әрi-сәрi ойда жүрiп, ҰҚК басқармасымен байланысқа шығып, жағдайды түсiндiрудi талап еттiм. Түбiнде дегенiме жетiп, басқармамен сөйлестiк. Мен оларға Атабаевты қамаудың дұрыс еместiгiн, бұл қадамның мүлде негiзсiз екенiн нақты қадап айттым. Менi iспен таныстырды. Кейiннен Ақтауға барып, облыстық ҰҚК басшылығымен диалог жүргiздiк. Алғашында бәрi дұрыс болатын, алайда кейiн қайтадан Ақтауға баруға тура келдi. Соңында Болат Атабаев өзiне ҚР ҚК 65-бапты қолдануын сұрап арыз жазды. Кейiннен оны қанағаттандырды. Сол күнi үйге қайттық”, – дедi Ермек Тұрсынов.

МАМАЙ ДА ШЫҒУЫ МҮМКIН

Ал Болат Атабаев Жаңаөзендегi қырғынмен бiрге өзiнiң де жан жарасы сыздағанын, дертi асқынғанын тiлге тиек етiп, тергеуге алынған кезiнен бастап, бүкiл процестiң сценарийiн өзi ойластырып шыққанын айтты.

- Бәрi менiң сценарийiмнен басталды, – дейдi ол. – Көптеген митингiлер де, қоғамдық бiрлестiктер мен саяси партиялардың мәлiмдемелерi де көмектесе алмады. Жаппай сотқа тарту басталғанда мен тергеуге бармайтынымды айтып мәлiмдеме жасадым. Мен сотты фарсқа айналдыратынымды айттым. Осы сәттен бастап, ҰҚК менiң сценарийiм бойынша қимылға көштi. Сотты мен де асыға күттiм. Себебi мен өз бостандығымды, өз денсаулығымды тәуекелге қойдым. Қысқасы, өзiмдi құрбан етпекке бел будым.

ҰҚК не iстерiн бiлмей састы. Менi тұтқындағанда у-шу жасап, мәселенi ушықтырды. Тұтқындау кезiнде мен ҰҚК адамдарынан әрiптесiм Мұрат Тұңғышбаевқа бiр ғана қоңырау шалуды өтiндiм. Бiрақ маған ондай мүмкiншiлiк бермей, Арманжан Нұрғалиев атты қызметкер күш қолданды, ұрып-соқты. Бетi- басым, қолым көгерiп, iсiп кеттi.

Мен тергеу iсiне қатысудан бас тарттым, сұрақтарға жауап бермедiм. Осындай жағдайдан кейiн ҰҚК-нiң өзi тығырыққа тiрелдi. Содан ойда жоқта, күтпеген жерден Ермек келдi.

Мен тергеу iсiне қатысудан бас тарттым, сұрақтарға жауап бермедiм. Осындай жағдайдан кейiн ҰҚК-нiң өзi тығырыққа тiрелдi. Содан ойда жоқта, күтпеген жерден Ермек келдi. Ол менi қандай жолмен болса да шығарып алуға кiрiсiптi. Екеумiз 4 сағат бойы сөйлестiк. Түрлi ойлар айтылды.

Қатты айтып, бiр-бiрiмiздi ренжiтуге дейiн бардық. Бiрақ мен Ермектiң бұл тiрлiгiмен келiсе алмадым. Менiң өз жоспарым бар екенiн жеткiздiм.

Жоспар бойынша, 6 шiлде күнi аштық жариялауым керек едi. Ал сот күнi анықталғанда құрғақ аштық жарияламақшы едiм. Сөйтiп, соттаса менiң өлi денемдi соттасын деп тәуекел еттiм. Кейiннен мен Ермекпен келiсiп, арыз қағазды алдырттым.

Сөйтсем, онда “шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату” деген жазу бар екен. Бұл не? Менiң сонда iстеген iсiм үшiн өкiнуiм керек пе? Сондай-ақ онда менi Козлов Жаңаөзенге баруға үгiттедi деген жолдар да бар екен. Мен бiрден бас тарттым. Содан маған Ермек “қан төгiлгенiне өкiнемiн” деп жаза сал” дедi. Солай деп жаздым да, менi шығаратын мезгiлiн күттiм. Бiрақ олай болмады. Өзiмнiң алданып қалғанымды сездiм.

Екi-үш күннен соң Ермек қайта келiптi. Екеумiз қайтадан дауластық. Тағы айғай-шу болды. Бiраз уақыт өткенде бiз ортақ келiсiмге келдiк те, тергеушiге бардық. Байқағанымыз, ҰҚК мен прокуратура бiр-бiрiмен келiсе алмай, түсiнiктемедегi Козловқа байланысты сөздердi алып тастаған екен.

Бүкiл iстi қайта жазып шыққан көрiнедi. Адвокат келiп, менен Жаңаөзенге барған-бармағаным жайлы, сөйлегенiм туралы сұрады. Мен барғанымды да, сөйлегенiмдi де айттым. Менен осыны жазып беруiмдi өтiндi. Мен ешқашан ол жаққа барғанымды, сөйлегенiмдi жоққа шығарған да, жасырған да емеспiн. Ақыры жаз дегенiн жазып бердiм. Шығып бара жатқанда өзiмнiң “қыңырлығым” үшiн ҰҚК-ден кешiрiм сұрап шықтым. Дегенмен, бұл жiгiттер мен үшiн екiжүздi болып қалады.

Содан 3 шiлде күнi кешкi сағат 10-да шықтық. Менiң Жанболатпен қалсам деген ойым болды. ҰҚК-ге айтып көргенмiн. Бiрақ бұл заңға қайшы екен. Онда олардан Жанболатқа көмектесудi сұрадым. Оның ешқандай кiнәсi жоқ екенiн айттым. Олар да менiң өтiнiшiмдi жерге тастамайтын сыңай бiлдiрдi”.

“...САЯСАТ ӨЗГЕРЕДI”

Жиында Е.Тұрсыновқа күмәнмен қарайтындар өте көп болды. Алайда Тұрсынов өзiнiң ешқандай “ҰҚК-ның жасырын агентi” еместiгiн айтып, өзiнiң мұндай қадамға бармайтынын да, баруы мүмкiн емес екендiгiн де ескерттi.

Е.Тұрсынов Атабаевтың iсiмен танысқан көрiнедi. Бөгде адамдардың iсiмен таныспақ тұрмақ, маңына жолатпайтын мекеме оған шынымен кеңшiлiк жасағаны ма? “Iспен танысуға қалай рұқсат еттi?” деген “Жас Алаштың” сауалына нақты жауап айтылмады.

Жастар кинорежиссердан өз достары Ж.Мамайды қалай құтқаруға болатынын, оның жолдарын сұрады. “Жанболат Мамайға көмектескiлерiңiз келсе, сiздер де ҰҚК басқармасына барып өтiнiштерiңiздi жазыңыздар. Мамайдың жеткен жетiстiктерi мен жалпы өмiрбаянын жазып берiңiздер. Расында, небәрi 24 жасар бала 12 жылға сотталып кетсе, онда болашағына зиян келедi. Өмiр өзгередi. Элита да, саясат та өзгередi. Жоғарыдағы кiсi өмiр бақи отыра бермейдi ғой. Сондықтан достарыңды құтқаруға тез арада кiрiсiңдер. Фактiмен, заңмен жұмыс iстегендерiң жөн. Өтiнiштi Әбiқаевқа жазыңдар”, – дедi ол.

Жиын соңында Болат Атабаев өзiнiң рухы сынбағанын, өзiнiң позициясының өзгермегенiн қадап айтты. Сондай-ақ қазақстандық және халықаралық ұйымдарға өз алғысын бiлдiрдi. “Менi бәрi қолдады. Гете институтына да, басқа ұйымдарға да алғыс бiлдiремiн. Моральдық көмек, әрине, өте керек екен мұндай сәтте. Ал Тұрсыновтың көмегiнiң жөнi бөлек. Адам шын қаласа, бәрiн жасай алатынын осы арада байқадым. Ал мен өзгерген жоқпын. Бұрынғы Атабаев қалпымда қаламын”, – деп өз сөзiн аяқтады бағытынан қайтпас қайсар күрескер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/223312-bolat-atabaev-men-byryngy-atabaev-kalpymda-kalamyn.html