RU

Қостанай облысы әкімдігінің сайты "шалаказахский" болып шықты

Қостанай облысы әкімдігінің сайты мемлекеттік тілді менсінбейді. Бұл жөнінде облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың ресми блогына жолданған тұрғындар хатынан біліп отырмыз.

Скриншот kostanay.gov.kz сайтынан алынған

Хат жолдаған Төлеген Рамазанұлы атты азамат сайттың қазақ қаріптерін қабылдамай қойғанын айтады. "Біз қазақ әріптерін жаза алмайтын болдық. Аты-жөнімізді жазсақ "некорректное имя" деген жауап беріледі. Сайттағы "план работы", "график работы", "оставить обращение" сөздері неге қазақшаға аударылмайды?" дейді Т.Рамазанұлы.

Бұл сауалды ол облыстың бұрынғы әкіміне де жолдаған көрінеді. Ол жолы "Интернет қазақ әріптерін қолдамайды" деген жауап алған. Бұл жауапқа қанағаттанбаған тұрғын хатын кезекті рет жолдағанымен, облыстың қазіргі әкімі Н.Сәдуақасов әзірге жауап бермепті.

Сауал жолдаушының көтеріп отырған мәселесі шынымен орынды болып шықты. Біз де аймақ басшысына сауал жолдап көрмекке оқталғанымызда сайттың қазақ қаріптерін танығысы келмейтінін байқадық. "Әділ" сөзін теріп көргенбіз, ішінде "ә" әріпі тұрғандықтан сұрақ қабылданбады.

Мәселенің мән-жайын білмек болып, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Әлімжан Бауыржанұлына хабарласқанымызда: "Мұны техникалық қателік деп білгеніміз жөн. Мұның астарында ешқандай саяси идеологиялық мән жоқ. Соңғы кезде интернетте қазақша жаза алмайтын болып жүрміз. Себебін программистерден сұрайын" дегеннен артық ештене айта алмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/227470-kostanaj-oblysy-ekimdiginin-sajty-shalakazahskij-bolyp-shykty.html