RU

Ерте некенің ертеңі күмәнді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінсек, әлемде жыл сайын 16 миллион кәмелетке жетпеген қыз екіқабат болып қалады. 15 пен 18 жастағы 3 миллион бойжеткен жасанды түсік жасатады. Олардың қатарында қаракөз қазақ қыздары да бар.

Фото: Нұр Астана газеті

Ойнап жүріп, от басып, балалы болып, бармағын тістеген қыздар еліміздің әр аймағынан кездесіп жатыр. Былтыр Павлодарда 154 жасөспірім қыз жасанды түсік жасатып, 132 оқушы босанған. Ақтөбе облысында үстіміздегі жылдың алты айында 39 жасөспірім қыз жүкті болып, 8-і түсік жасатқан. Былтыр оңтүстікқазақстандық екі оқушы мектеп қабырғасында жүріп, отбасылы болды.

Республикамызда жыл сайын 14 пен 18 жас аралығындағы 10 мыңға жуық қыз түсік жасатады. Бұл – ресми дерек. Ал есепке енбеген, "ұят боладының" кесірінен өмірін өксіткендер қаншама!

Мәліметке қарағанда, өмірге сәби әкелген 10 әйелдің біреуі – балалықтан арылмаған жас қыз. Қазақстандағы жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі қауымдастық президенті Тамара Жүсіпәлиеваның айтуынша, елімізде 15-17 жас аралығындағы 10 мың жасөспірім жыл сайын ана болады. Бұл нәрестелер некесіз туғандықтан, көбінесе балалар үйіне өткізіледі.

Ерте некелесуге көп жағдайда мерзімінен бұрын жүктілік пен қызды ықтиярсыз алып қашу фактілері итермелейтін көрінеді.

Мөлдір (кейіпкеріміздің аты белгілі себептермен өзгертіліп алынды) 18 жасында, яғни мектеп бітірісімен тұрмысқа шығып, екі айдан кейін босанды. Жас жұбайлар 9-сыныптан бастап қыз бен жігіт болып кездесе бастайды. 11-сыныпта қыздың аяғы ауырлаған. Мөлдірдің басындағы бұл жайтты ата-анасы білмеген. Сыныптастары мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге талаптанып жатқанда, олар үйленуге мәжбүр болды.

Ерте шаңырақ көтерген жастар ата-анасына көп ауыртпалық түсіреді. Және мұндай отбасыларда шыны-аяқтың жиі сылдырлайтынын психологтар мен әлеуметтанушылар растап отыр. Оның аржағында ажырасу сынды кесапаттың ауылы да алыс емес.

– Жастардың ерте некелесудің қиындықтары болатынын ескергені абзал, – дейді психолог Арайлым Еркінқызы. – Отбасындағы барлық ауыртпалық бала көтергеннен бастап жас келіннің иығына түседі. Ерте некелесу дегеніміз – білім алудан қол үзу. Жас күйеуі де балалықтан толық арылмағандықтан әкелік парызын атқаруға дайын емес. Мұндай отбасылардың ғұмыры ұзаққа бара бермейді. Ал ажырасқан жағдайда білім алмаған, оның үстіне баласы бар әйелдің өмірден өз орнын табуы қиынға соқпақ.

Заң бойынша Қазақстан Республикасында некелесу жасы – 18 жас. Егер де қыздың аяғы ауыр болса немесе тағы да сол сияқты маңызды салдар болса, некелесу жасы 2 жасқа төмендетiледi

Статистика еліміздегі некенің үштен бірі сәтсіз болатынын көрсетіп отыр. 2006-2010 жылдар аралығында туған 352 мың 400 бейкүнә сәбиге "некесіз" туылған деген таңба басылған. Яғни бұл осыншама қыз оң жақта отырып, жүкті болып қалды деген сөз. Солардың қатарында өмірді бастамай жатып, тағдыры тәлкекке түскен оқушы қыз балалардың бар екені өте өкінішті!

– Заң бойынша Қазақстан Республикасында некелесу жасы – 18 жас. Егер де қыздың аяғы ауыр болса немесе тағы да сол сияқты маңызды салдар болса, некелесу жасы 2 жасқа төмендетiледi, – дейді Астана қалалық Әділет департаменті Астана қалалық АХАЖ бөлімінің бастығы Гүлнар Сағындықова.

Еліміздің бас қаласында 2009 жылы 6368 адам үйленіп, 1958-і ажырасқан. 2010 жылы 7058 адам отау көтеріп, 1889-і ірге бөлген. 2011 жылы үйленгендер – 8179, ажырасқандар – 2406. 1999-2010 жылдар аралығында тіркелген 2 миллион 420 мың некенің 733 мыңы ажырасумен аяқталған. Мұның астарында некеге салғырт қараудың салдары жатқандығы күмәнсіз.

– Баяғыда халқымыз заман ыңғайына қарай "он үште – отау иесі" дейтін. Қазір ол заман өтті. Қыз 14-16 жаста физиологиялық тұрғыда жетілуі мүмкін. Бірақ ол бұл жаста сана-сезімі тұрғысынан алып қарағанда әлі бала. Сондықтан қыздарымыз бұл жаста жүкті болып, ана атанып, шаңырақ көтеруге емес, білім алуға, сана-сезімін, ойын жетілдіруге тырысқаны абзал, – дейді әлеуметтанушы Рамазан Саттарұлы.

Сондай-ақ, ерте некелесу дегеніміз – ерте жүктілік. Гинеколог Сая Рымбайқызының айтуынша, ерте жүктіліктің 70 пайызы абортпен, 15-і түсік тастаумен, 15 пайызы бала туумен аяқталады.

"Шығармашылық бастамашыл әйелдерінің лигасы" қоғамдық бірлестігі 2010 жылы ерте некелесу проблемасына орай зерттеулер жүргізген. Зерттеу елімізде ерте некелесуге көбіне ықтиярсыз некелесу, яғни қыздың келісімінсіз алып қашу себеп болатынын көрсеткен.

Қоғамдық бірлестіктің басқарма төрайымы Әсия Хайруллинаның айтуынша, Қазақстанда ықтиярсыз үйлену проблемасы кеңінен таралған. Және қыз алып қашудың құрбаны көбіне жас қыздар. Себебі олар әлеуметтік жағынан қорғалмаған.

–Алматы облысының 300 мың тұрғыны бар Еңбекшіқазақ ауданында 2010 жылдың 9 айында 1518 неке тіркелсе, олардың 10-ы ерте неке қиған. Ерте некелесуге көбіне ықтиярсыз үйлену себеп болады. Бұрынғы Қылмыстық кодексте ықтиярсыз неке үшін қылмыстық жауапкершілік жүктелетін. Ал жаңа заңда оның қылмыс екені көрсетілмеген, – дейді Әсия Хайруллина.

Шариғат зорлықпен некелесуді құптамайды. Бірақ ықтиярсыз некелесетіндер дәл осы діни жолмен неке қиғызатын көрінеді

Ерте үйленгендер некесін АХАЖ бөлімдерінде тіркете бермейтін көрінеді. Мамандардың пікіріне қарағанда, қазірде Қазақстанда кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың еріксіз некесін қию отау көтерудің кең таралған түріне жатады. Имам Құлмұхамбет Махамбеттің айтуынша, шариғат зорлықпен некелесуді құптамайды. Бірақ ықтиярсыз некелесетіндер дәл осы діни жолмен неке қиғызатын көрінеді.

Жамбыл облысының тұрғыны Айнұр осы ескі әдет-салттың құрбаны болды. Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің 1-курс студенті 17 жасар қызды танымайтын жігіт алып қашқан. Дегенмен 1 жылдан аса бірге тұрса да, өзінен бес жас үлкен ауыл жігітімен көңіл жарастыра алмаған Айнұр баласын құшақтап, үйіне қайтуға мәжбүр болған.

Мамандардың айтуынша, ықтиярсыз некенің орын алуына жас қыздардың ата-аналары кінәлі. Олар "қызы қайтып келген" деген аттан қорқып, балаларын жүрегі қаламаған адаммен бірге болуға өздері мәжбүрлейді.

Швеция билігі отбасы заңнамасын түбірімен өзгертуге тырысуда. Ықтиярсыз некелескені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілсе, 18 жасқа толмағандарға үйленуге заң жүзінде қатаң тыйым салынады. Ресей де некелесу жасын 21-ге ұзартуды мақұл көріп отыр. Бізге де үйлену жасын 21-ге дейін арттыру туралы ойланған жөн-ақ! Бұл ұлтымыздың некені қадірлеу, отбасы тұрақтылығын сақтау сынды менталитетіне сәйкес келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/230823-erte-nekenin-erteni-kymendi.html