RU

Түсік салдарынан көз жұмғандардың 14 пайызы - жасөспірімдер

"Жас қыз түсік жасатыпты" деген сөзді естісек, селт етпейтін болдық. Жасанды түсікке бұрын үрке қарасақ, бүгін бұл қалыпты жағдайға айналды.

Әлем бойынша жасалатын түсіктің салдарынан көз жұмған нәзік жандылардың 14 пайызы жасы 20-ға толмаған бойжеткендер екен. Жалпы, жер-жаһанда жылына 45 миллион түсік жасатылады, ал оның 19 миллионы әйелдің денсаулығына зақым келтіреді. 5 миллионға жуық әйел түсік салдарынан дертке шалдыққан.

Еліміздегі жағдайға сүйенер болсақ, статистика бойынша әйелдердің 80 пайызы жасанды жолмен сәбиінен құтылады. Ал кей деректерге сүйенсек елімізде жыл сайын 200 мыңға жуық шарана жарық дүниені көрмей-ақ, ана құрсағында тұншығады.

Бір айта кетерлігі, Ауғанстан, Ангола, Бангладеш, Венесуэла, Гондурас, Мысыр, Индонезия, Ирак, Иран, Ирландия, Йемен, Колумбия, Ливан, Ливия, Мавритания, Мали, Непал, Никарагуа, Біріккен Араб Әмірлігі, Оман, Парагвай, Жаңа Гвинея, Сальвадор, Сирия, Чили, Филиппин сынды елдерде әйелдің түсік жасатуы қылмыспен пара-пар. Ал біздің елімізде түсік жасатуға ешбір тыйым жоқ.

Өткен айда әлемнің құқық қорғаушылары әйелдердің қауіпсіз түсік жасатуына рұқсат берілу керектігін алға тартып, дабыл қаққан болатын. Тіпті арнайы үгіт-насихат компаниясы да құрылып, бір ай бойы жұмыс істеді.

Осыған орай, қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де елімізде қауіпсіз түсікке жол ашу керек деген ұсыныс білдірген. "Қауіпсіз түсік" дегеніміз, ғылыми тілде "медикаментозды түсік" деп аталады. Яки мұнда хирургиялық жолмен емес, белгілі бір дәрінің көмегімен, ананың ағзасына зиян келтірмей түсік жасалады.

Жалпы, мұндай "ем-дом" түрін кез келген жекеменшік медициналық мекемеде жасатуға болады. Мәселен, медикаментозды түсіктің орташа құны - 28500 теңгені құрайды. Деректерге жүгінсек, көбіне жас қыздар, отбасы жоқ, табысы төмен, әлеуметтік жағынан қорғалмаған әйелдер түсік жасатып, ішіндегі шаранасына өзі үкім айтады екен.

Әлбетте, "қызық" көріп жүріп, сүрініп қалған бойжеткендердің қалтасы мұндай қаржыны көтермесі анық. Сол себепті, жас қыздар "жасырын" түрде түсік жасатуға талпынады. Осыдан бірер жыл бұрын қара базарда түсік жасауға ықпал ететін арнайы қытайлық дәрілер сатылатыны айтылған еді. Тіпті "барахолкаға" барып, Қытайдың дәрісін алып, шаранадан оңай құтылуға болады.

Алайда қытайлық дәрінің құрамы мен салдары қандай болатынын ешкім білмейді. Қанша дабыл қағылса да, қытайлық дәрілерге әлі күнге дейін шектеу қойылмай келеді. Ал дәріханаға барып, жүктілікті тоқтатуға арналған қарапайым дәрінің құны шамамен 6000 теңгені құрайды. Бірақ дәріхана қызметкерлерінің дәрігердің нұсқауынсыз мұндай дәріні сатуға құқығы жоқ.

Ал хирургиялық жолмен жасалған түсіктің салдары тым ауыр екен. Мәселен, жылына әлем бойынша 68000 түсік қауіпті аяқталады. Мамандар медикаментозды түсікті қауіпсіз деп міз бақпағанымен, күнәлі істің өзіндік зияны бар. Медикаментозды түсік жасатқан әйелдердің бес пайызы түрлі дертке тап болған.

Көбіне түрлі инфекциялық аурулармен қатар асқынулар да жиі орын алуы мүмкін. Қалай десек те, адамның бойына біткен шарананы алдырып тастау ешқашан қауіпсіз болған емес. Періштенің тағдырын қию күнә саналатынан жадымыздан шығармасақ игі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/234364-tysik-saldarynan-koz-zhymgandardyn-14-pajyzy-zhasospirimder.html