RU

Баланы сүндетке отырғызу қанша тұрады?

NUR.KZ тілшілері ұл баланы сүндетке отырғызу қанша тұратынын анықтау үшін, хирург мамандарға хабарласқан еді.

Сүндетке отырғызу - хирург дәрігерлердің негізгі қызметінен басқа күнделікті орындайтын жұмысы әрі тұрақты нәпақа көзі.

Мәселен, біз Алматы қаласындағы маңдайалды бірнеше хирургтарға хабарласып, қызметтері үшін қандай ақы сұрайтынын анықтаған едік. Ғаламтордағы форумдарда көпшілік мақтайтын дәрігерлердің бірі бұл медициналық процедура үшін 20 000 тг алатынын айтты.

Басқа мақтаулы дәрігер 35 000 тг үшін балаңызды "нағыз мұсылман" атандырады.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында 14 700 тг баланы сүндеттейді. 

Алматылықтардың арасында танымал жеке клиникалардың біріне хабарласып білгенімізде, сүндеттеу операциясы 15 000 тг тұратынын, бірақ анестезияның бағасы қосымша төленетінін жеткізді. Ресепшндегі қыздар оның бағасын дәрігер өзі шешеді дейді. Бір анығы - анестезиясыз операция жасалмайды және естуімізше, оның бағасы операция құнынан да асып кетуі ықтимал.

Қаланың шетінде орналасқан, ауқатты алматылықтарға арналған медициналық кешенде Бас дәрігердің орынбасары сүндетке отырғызады екен. Операция құны 20-25 мың теңге. Бірақ алдымен бала хирург қабылдауынан өтуі тиіс. Яғни, қосымша 6 500 тг төленеді деген сөз бұл. Қаласаңыз, сүндетке отырзылған балаңызбен бірге клиникада түнеп шықсаңыз болады. Онда қалталы азаматтар үшін барлық жағдай жасалған. Оны тексеріп көрем десеңіз бас-аяғы 60 мың теңгеңізді дайындай беріңіз.

Оның сыртында, көңілі қалаған ата-ана басқа сыйлықтарын да аямайтын көрінеді. Мәселен, танымал интернет-форумдардың бірінде баласын сүндеттеген келіншек Ақсай балалар ауруханасындағы дәрігерге 35 000 тг төлеп, қосымша құны 45 000 теңгелік орамалды сыйға тартқанын жазады.

Айта кетелік, қазір ата-аналардың көбі аталған шағын операциядан кейін арнайы іш киім сатып алады. Оның бағасы - 2 900 тг.

Сүндеттеу - хирург дәрігердің күнделікті күнкөріс көзінің біріне айналғандығынан, олардың көбі нақты бағаны атамауы да мүмкін. Бірнешеуіне хабарласқанымызда "Өзіңіш шешіңіз" деп жауап берді. Бұл, әрине, көңілге сенім ұялататын нәрсе-ақ.

Еске сала кетсек, NUR.KZ оқырмандары арасында сауалнама жүргізіп, баланы сүндетке отырғызуға байланысты пікірлерін білген едік. 

Сауалнама нәтижесінде, оқырмандардың 30.84% - ата-бабаларымыздан келе жатқан дәстүр, 43.88% - мұсылмандар үшін сүннет амалы, 20.42% - медициналық тұрғыдан алғанда пайдалы шара болғандықтан сүндетке отырғызуды қолдапты.

Қалған 0.40%-ы сүндетке отыру уақытын бала өзі шешу керек десе, сауалнама қатысқандардың 2.12%-ы - баланы сүндеттеу дұрыс емес, себебі Құдай адамның ағзасында ешнәрсені артық етіп жаратпаған, ал 1.11%-ы - баланы қинаудың қажеті жоқ дейді. Оқырмандардың 1.23%-ы дәрігерлерге сенбейтінін жеткізді.

Жуырда Қарағандыда сүндеттеу кезінде хирургтың қолы қалт етіп, баланы зақымдағанын ескерсек, ата-аналардың қорқынышы заңсыз емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/234680-balany-syndetke-otyrgyzu-kansha-tyrady.html