RU

Арқалық тұрғыны мүсін жасаудың сирек кездесетін тәсілін меңгерді (фото)

Арқалық қаласының тұрғыны Айдос Есмағанбетов бейнелеу өнерінде кездесетін өте сирек тәсілді меңгерген. Ол - гипперреализм деп аталады. Бұл - силиконнан түрлі бейнелер жасаудың бір тәсілі.

Гиперреализм жанрының ерекшелігі - жасалған бейненің түпнұсқадан еш айырмашылығы болмайды. Денедегі әрбір сызық, әжім, тіпті балапан түктерге дейін қамтылады. Әйгілі Абылай хан мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Айдостың гиперреализм сырын меңгергеннен кейінгі ең алғашқы және ең басты мүсіндері осылар.

Адамның бет-бедерінің әрбір нүктесі ұмыт қалмауы тиіс, сондықтан бұл көп тер төгуді қажет ететін еңбек. Дүние жүзінде гиперреализммен айналысатын адамдар саусақпен санарлық. Жаңа жанрдың адамзатқа берер пайдасы да көп.

Айдос Есмағанбетов, гиперреалист:

- Бұл өте жан-жақты нәрсе. Тек мұражайларға, киногерлерге мүсін жасап қана қоймай, медицинаға да пайдалануға болады. Мысалы, адамдарға жасалған протезді силиконмен қаптап, шынайы өң беруге мүмкіндік бар. Мүсінді жасау үшін, алдымен, қалып дайындалады.

Айдос қазір жат планеталықтың толық мүсініне арналған қалыпты жасап бітті. Ал, өзінің бет пішіні силиконнан құйылып, дайын тұр. Енді, оған көз салып, түктерін орнату ғана қалды. Қажетті материалдардың бәрін шетелден алдырады. Бағасы да қымбат. Демеушісі Айдостың әкесі Әкімғали Есмағанбетов.

Осындай сирек өнерді меңгерген Айдостың билік назарынан тыс қалып қойғаны өкінішті. Жаңа жанрдың елімізге қаншалықты пайдасы тиерін екшеп жатқан да ешкім жоқ. Алайда, өнерге жан-тәнімен берілген талант тың туындыларын мінсіз жасап шығаруды ғана ойлайды. Тағы бір арманы, айрықша тәсілмен, Қазақстанда алғаш жасалған гипперреалистік мүсінін Елбасының өзіне тарту ету.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/237145-arkalyk-tyrgyny-mysin-zhasaudyn-sirek-kezdesetin-tesilin-mengerdi-foto.html