RU

Қазақ неге баласына Тәуелсіздік деген есім бермейді?

Қазақ ат қоюға келгенде алдына жан салмайтын халық. Қасым, Хақназар, Жәңгір, Тәуекел, Тәуке, Әбілмансұр секілді ел басқарған көсемдерін дүниеге әкелген қазақ оларға рухты есім де беріпті.

Әрі көркем, әрі мағыналы. Әсілі, қазақтың табиғатында жаңа туған сәбиге ныспы беру дінге негізделіп көркем, ырымға жорып мағыналы келетіндігін жақсы білеміз. Алайда, ұлтымызға тән мұндай қасиетіміз де жыл өткен сайын жадау күйге түсіп барады. Неге?

Исламда "Балаларыңа көркем есім беріңдер, көпшілік арасында дауыстап шақырғанда ұялмайтын болсын!" дейтін сөз бар. Яғни, көркем дегеніміз мәнді, мағыналы, атауға ыңғайлы дегенді білдірсе керек. 1998 жылы футболдан Әлем чемпионатында Франция чемпион болған кезде ауылдағы бір ағамыз жаңа туған баласына азан шақырып "Зидан" деген ат берді.

Сол Зидан қазір мүшел жасқа толды. Одан қалды, Бексейіт деген көкеміз түсінде аппақ костюм-шалбар киіп мектепке кетіп бара жатқан оқушыны көріп, таңертең дүниеге келген немересінің атын "Ақ костюм" қойыңдар деп ешкімге бетбақтырмапты.

Содан баланың ата-анасы жаңа туған сәбиге ресми түрде Нұрсейіт деген ат беріп, қария дүние салғанша "Ақ костюм" деп атап келді.

Сол Шиелі ауданында футбол аңызына айналған Мишель Платинидің (қазіргі УЕФА президенті) құрметіне арнап баласының атын Платини деп қойған отбасы бар. Әрине, бұл ныспылардың барлығы өзінің бауыр етінен жаралған баласына Бен Ладен, Саддам Хусейн немесе "Дағдарыс" деген есім бергеннен әлдеқайда артығырақ.

Тарихқа көз жіберсеңіз, қазақтың өткенінде аты да, заты да текті тұлғалар аз болды дейсіз бе? Ерекше оқиғалар орын алғанда дүниеге келген адамдар бар. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыс мәресіне жеткенде "Жеңіс", "Бейбітшілік" деген жандар өртеңге шыққан шөптей көбейді. Өткен жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммиті өткенде "Саммитхан", Алматы мен Астанада ең алғашқы халықаралық жарысымыз Ақ Азия ойындары туын көтергенде "Азиада" есімді сәбилер өмірге келді.

Әрине, оның барлығы ел жетістігі үшін қуанып, өзінше үн қосқандығының белгісі болса керек. Егер байқасаңыз, Тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін халық арасында Азат деген есім жиі кездеседі. Әрине, оның барлығы егеменді ел болуға ұмтылған әр қазақтың жанайқайы, іштей соны тілеуі деп түсінеміз. Еркін деген ерлеріміз бен Бостан деген батырлардың кездесуі де соның белгісі.

1991 жылы Қазақстан егеменді ел атанып, Тәуелсіздігін төрткүл дүниеге танытты. Сол жылдары егеменді еліміздің тұңғыш Президентінің құрметіне әрбір дүниеге келген үш сәбидің біріне Нұрсұлтан деген ат беріле бастады. Ел үшін қастерлі болған Тәуелсіздік ұғымын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ұштастыратындығымыз да сондықтан.

Ендеше, не себепті қазақ осы күнге шейін баласына Тәуелсіздік деген есім бермеген?

Әрине, мұндай есім беру көпшілікке оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ, жоғарыда аталған Дағдарыс, Бен Ладен секілді мақсатсыз қойылған аттарға қарағанда әлдеқайда мәнді, әлдеқайда қастерлі. Оның үстіне біздер көбіне дербес, еркіндік, бостандық, егемендік деген сөздердің жиынтығы ретінде Тәуелсіздік деген сөзді жиі алға тартамыз.

Тәуелсіздік – өткен ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің ең басты арманы болатын. Қаншама қазақтың марқасқалары ұлттың азаттығы жолында шейіт болды. Сондықтан, Тәуелсіздік бізге оңай келді деп айта алмаймыз. Ендігі ретте, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына орай Тәуелсіздік деген атпен дүниеге ұрпақ келер деген үміттеміз. Мүмкін ол болашақта Тәуелсіздігімізді одан ары нығайту үшін күресетін тұлға болар...

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/241672-kazak-nege-balasyna-teuelsizdik-degen-esim-bermejdi.html