RU

Отандық жұлдыздар мерекелерге не сыйлайды

КТК арнасының "Астарлы ақиқат" бағдарламасының тілшілері отандық әртістердің арасында сауалнама жүргізіп, мерекелерге қандай сыйлық алып, қандайын сыйлайтынын анықтап көрді.

Жақында өткен мерекелердің соңғысы Жаңа жыл болғаннан кейін, жұлдыздар дәл осы мерекеге байланысты алған-берген сыйлықтарын еске алды.

Мәселен, актер әрі жүргізуші Тахир Сұлтанов сүйген аруынан көптен бері армандап жүрген пиджагын сыйға алғанын мәлімдеп, өз кезегінде сүйгеніне ханшайым Диана таққан жүзікті сыйлағанын айтты. Гауһар тастармен көмкерілген сақинаның құнын кезінде зергерлер 300 мың долларға бағалаған.

Әнші Айқын жаңа жылдық сыйлықтарға бас-аяғы 300 мың теңге көлеміндегі соманы жұмсағанын жасырмады.

Актриса, әнші, продюсер, жүргізуші - сегіз қырлы, бір сырлы Баян Есентаева биыл қазақ музыкасын дамытудағы қосқан үлесі үшін халық әртісі Мақпал Жүнісованың өз қолынан қымбат зергерлік бұйымдарының жиынтығын сыйға алыпты.

Жас әнші Әли Оқапов жаңа жылда сыйлықсыз қалғанын айтады,  бірақ анасына - белгілі әнші Роза Рымбаеваға күрте, білезік және ... мультфильмдер дискін сыйлапты. Айтуынша, халық әртісі мультфильмдерді жаны сүйіп тамашалайды екен.

Әл тағы бір әнші әрі жүргізуші Нұрлан Албан осымен төртінші жыл Жаңа жыл мерекесінде ешқандай сыйлық алып та, беріп те көрмепті. Себебі ол отбасына бұл мерекені атауға тыйым салып, төл мерекеміз - Наурызда жаңа жылдың келуін атап өтеді екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/245583-otandyk-zhyldyzdar-merekelerge-ne-syjlajdy.html