RU

Алматының қара базарында ҰБТ кітапшаларының көшірмесі - еркін саудада

Алматыда ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірленуге арналған кітаптардың көшірмесі қара базарда еркін саудалана бастады.

Осыған күйінген математика оқулығының авторлары қаржы полициясына шағымданған. Қазір құзырлылар келген шығынды есептеуде.  Ал ұлттың абыройынан ҰБТ-ның абыройы артқан заманда пысықайлар контрафактілі өнімдерді екі есе қымбат бағаға сатып, пайдаға батуда.

Алматы базарлары мен атышулы "барахолкада" тестілеуге дайындалатын кітаптар мен қосымшалардың көшірмесі қаптап кеткен. Саудаға қарақшылық жолмен түскен кітаптар ең алдымен сапасыз, кейбір әріптері түсіп қалған. Көз майын құртып жазған еңбектерінің бұлайша қолды болғанына алдымен авторлар ашулы...

СВЕТЛАНА РҮСТЕМОВА, "Математика" қосымшасының авторы:

- Әрине, сапасы мүлдем төмен. Кітапты ұстасаң, бояуы қолыңа жұғады, ешқандай талаптарға сай емес. Ақшаны үнемдеп, арзан қағазға басқан. Ең бастысы, көшіріп басқанда кітаптың парақтары ауысып кеткен, кейбір әріптер мен сандар түсіп қалған.

Авторлар түлектерге арналған қосымшаны 2 мың данамен бастырып шығарып, 800 теңгеге бағалаған. Алайда, қалта қамын күйіттегендер, көшіріп басылған оқулықты үш есе қымбат құнға, яғни, 2 мың теңгеден саудалауда.  Ең сорақысы, қарақшылық өнімдерді тек қана базардан емес, қаладағы кітап дүкендерінің сөресінен де осы бағаға табуға болады...

СВЕТЛАНА РҮСТЕМОВА, "Математика" қосымшасының авторы:

- Қаладағы бүкіл дүкендерге хабарласып, аралап шықтық. Тек екеуінде ғана біз жазған кітаптардың көшірмесі болған жоқ. Қалған дүкендердің барлығы контрафактілі өнімдерді емін еркін сатып отыр.

Авторлардың шағымынан кейін қозғалған қаржы полициясы тексеріс жүргізіп, бір ғана дүкеннен 30 шақты контрафактілі өнімді тәркілеген.

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАҚЫБАЕВ, Алматы қалалық Қаржы полициясы департаментінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда аталған кітаптар бойынша залалы қанша сараптама қорытындысы шығады. Сосын процессуалдық шешім қабылданады.

Ең қызығы, құзырлылар қала базарларынан қарақшылық жолмен жасалған кітаптарды таппай құр қол қайтыпты.  Ал аузы күйген авторлар математика оқулығының сыртын көк түстен жасылға ауыстырып, әр бетіне көшіре алмайтын қорғаныс жолақтарын жапсырмақ. Ендеше, жыл сайын төңірегінен дау кетпейтін ҰБТ-ның жыры әлі алда сияқты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/246183-almatynyn-kara-bazarynda-ybt-kitapshalarynyn-koshirmesi-erkin-saudada.html