RU

Қазақ тойы: қалай үнемдеуге болады?

Былтыр Өзбекстанда той өткізуге байланысты заң қабылданды. Жаңа ереже бойынша тойдың алдында тапсырыс беруші (той иесі) мен тапсырыс алушы (тойхана) міндетті түрде келісімшартқа отыруы керек екен.

Бұл – өзбектің "отыз күн ойын, қырық күн тойын" жасайтын ысырапшылдығын тыюдың бір жолы дейді білетіндер.

Қазақтың тойы да сән-салтанаты жағынан ешкімге дес бермейді. Былтыр Mojazarplata.kz сайты Қазақстанның шағын қаласында 100-120 кісілік шағын той жасау үшін (той малын есепке алмағанда) 1 млн. теңге керектігін есептеп шығарды.

Әрине, тіркеуге тұру, шақыру билеттерін әзірлеу, залды безендіру, той дастарханы, асаба мен әншілерді, фотограф пен операторды, той көлігін жалдау – әрқайсысы аз шығын емес. Дастархан мен осы кәкір-шүкірді қосқанда, Алматыдағы "орташа" той 15 мың долларға шығады деген "статистика" бар. Оған қалыңдық пен күйеудің киім-кешегі мен бояу-сояуын қосасыз. Құда-құдағиларға тарататын киіттің жайын тағы пысықтайсыз. Айналып келгенде, 15 мың доллар деген де – "бер жағы" ғана...

Сонымен, той жасай отырып, қалай үнемдеуге болады? Қазақтың әдеті – қайысқан дастархан жаю. Жақында бір танысымыз құдалық жасайтын болды. 56 кісі қатысатын құдалықты атқару үшін жаңағы мейрамхана 39 кг (!) ет сұрапты. Сонда әр қонақ 700 грамм ет жей ме?

0,7 келі ет жесе, дастархандағы басқа тамақты қалай тауысады? Ең қызығы, 40 келі ет арқалап барған танысымыз жеме-жемге келгенде дастархан бетінде таудай үйілген етті көре алмапты. Жас құдағи: "Мен әкелген тоқпақтай қазы бармақтай болып алдымнан шықты", – деп жағасын ұстайды.

Қарап отырсаңыз, қаптаған тойханалар мен мейрамханалар тойшыл қауымды мұзға отырғызудың мың да бір тәсілін біледі.

Мысалы, сіз апарған еттің бәрін алдыңызға тартпауы мүмкін. "Бешбармақтың" бетіндегі етті ешкім таразыға тартпайды ғой? Немесе, жоғарыдағыдай, тұрып қалған азық-түлікті сіздің "сіп-свежий" асыңыздың орнына ұсынуы мүмкін. Шын-өтірігін қайдам, сусындар мен ішімдіктер ғарыштық жылдамдықпен таусылып жатады.

Әрине, тойханаға жем болғыңыз келмесе оның иесімен екіжақты келісім-шартқа отыруға болады. Тіпті қонақтар келмей тұрып сықиған дастарханды (ертең дәлел болу үшін) суретке түсіріп алуға да болады. Бірақ ақ түйенің қарны жарылып жатқан кезде, кім бұлай ұсақталып жатар дейсіз...

Ысырап болмас үшін ең дұрысы – қанша қонаққа қанша азық-түлік қажет екенін алдын-ала есептеу. Сізге оны даяшы да есептеп бере алады, бірақ көбінде олар сізге керегін де, керексізін де "тықпалап" жіберуі мүмкін. Сонымен, осы саланың сүйегін шағып, майын ішкен бір танысымыздың көмегімен 150 кісілік "шағын" тойдың мәзірін әзірлеп көрейік.

Той мәзірінде әдетте 4-5 салат, 3 түрлі тіскебасар, 2 ыстық тамақ болады. Оның біріншісіне ет асылса, екіншісі балық, тауық не өзге ас болуы мүмкін. Сонымен, 150 қонақты 15 кісіден 10 үстелге отырғызамыз.

Ет. 150 кісіге 250 грамнан есептегенде 37 келі ет жетеді. Сонда бір табаққа 2 келіден ет келеді.

Балық. Балықты кісі басына 150 грамнан – 23 келі аласыз: артық та емес, кем де емес.

Тіскебасар. Әр үстелге 2 тәрелке тіскебасардан: қазы-қарта, тауық пен балық ассортилері қойылады.

Қазы-қарта: қазыны бір адамға 45 грамнан – 7 келі. Сиырдың тілі 6 тәрелкеге есептеледі. Яғни, 10 үстелге екі тәрелкеден қою үшін 4 тіл сатып алу керек. Етті кесек турап қою үшін әр кісіге 30 грамнан – 4,5 келі.

Тауық ассортиі үшін тауық қанаттарынан әр тәрелкеге 3-еуден, 60 қанат керек. Пісірілген не фаршталған тауық етінен 20 порциядан керек. Балық ассортиі үшін 5 келі көксерке, 5 келі бекіре (кісі басына 50 грамнан), 1,5 келі ақсерке (кісі басына 10 грамм, әр тәрелкеге 10 тілімнен).

Салат. Салаттың түр-түрі көп, әрине. Оның бірнеше түрінен қоса есептегенде кісі басына 600-650 грамнан аспайтындай етіп тапсырыс беру керек. Қызанақ пен қиярды 60 данадан сатып алу керек. Көкшөп те солай: 60 салат жапырағы, петрушка, укроп, бұйра петрушканың әрқайсысын 2 бумадан алса, жеткілікті.

Қазір неғұрлым ішімдіксіз той өткізген тиімді.

Дегенмен "жынды сусыз" болмайды деп санайтындар үшін: 150 кісіге әдетте 30 бөтелке арақ, 15-17 бөтелке коньяк артығымен жетеді. Шырын 90-100 литр, 3 бума газдалмаған, 3 бума газдалған минералды су жарайды.

Жеміс-жидектер. Әр үстелге екі жерден жеміс-жидек қойылады. Бір құтыға 3 алма, 2 апельсин, 2 алмұрт, 2 киви, бір бума жүзім, 3 банан қоюға болады. Шай үшін. 750 грамм шай, 14 құты сүт, 6 келі кәмпит, дәндердің әрқайсысын 2 келіден, тәтті-жұмсақтан 120 данадан алсаңыз, жетіп жатыр.

Қысқасы, тойханадан алданып қалмаудың қамын ертерек ойлаған жөн. Және аста-төк молшылық пен ысыраптың екі бөлек ұғым екенін есте тұтсаңыз болғаны.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ №1 АСАБА КІМ?

Жақында осындай сұрақ қойған surak-zhauap.kz сайтында пікірлескен жұрт бірауыздан "Тұрсынбек Қабатов!" деп жауап беріпті. Тұрсынбек Қабатовпен "бірінші орынға" таласатын бір асаба болса, ол – Нұржан Төлендиев екен. Дегенмен ел арасында "Тука әртістік шеберлігімен баурайды, ал Тұрсынбек импровизацияға, сөзге шешен, сондықтан ол басқарған той қызықты өтеді" деген пікір бар көрінеді.

"Жақсы асаба – жарты той". Ертеректе "элитный асаба" деген атты Толымбек Әлімбеков, Нұрлан Өнербаев, Ерлан Айтуаров, Азамат Сатыбалдылар арқалап жүретін. Ал жастардың арасында "элитный" болмаса да, сапалы жүргізетін Бейбіт Сарыбай, Асхат Қылышбек, Олжас Сыдықбеков сияқты жігіттер елдің алғысына бөленіп жүр.

Кім де болса "өлгенде көрген бір тойын" лайық асаба жүргізсе екен дейді. Бірақ тойдың көрігін қыздыратын көркем жүргізушінің тәбеті де жаман болмайтыны белгілі.

"Туканың ставкасы 600 мың теңге, Тұрсынбек Қабатовтікі 400-500 мың" дейді білетіндер. Астана мен Алматыдан басқа қалаға шақырсаңыз, ұшақтың жол пұлы да сіздің мойныңызда. Тұрсынбек Қабатовтың өзі болса: "Жұрт ставка дегенді қайдан шығарады, білмеймін. Өздері хабарласып: "Сізді 3000 долларға келіседі дейді, осындай күні боссыз ба?", – дейді, немесе "Қай күні боссыз?", – деп, тойын менің уақытыма сай ауыстырып жатады, мен келіспей қайда барамын?", – деп шарасыздық танытады.

Соңғы уақыттағы "атақты" тойлардың бірі – Қарлығаш Мұхамеджанованың ұзатуын да жүргізгеніне қарағанда, Тұрсынбектің қазір "супер тамада" аталып жүргені тегін болмаса керек...

Той-ғұрып

Қазіргі қазақ тойында гүл шоғын лақтыру, торттың бетіндегі шырақтарды үрлеу, кесу сияқты бөтен жұрттың салттары еніп кетті. Қазақ ғұрыпқа бай халық. Әсіресе тойға байланысты салт-ырымдар аз емес. "Той-ғұрып" деген айдарымызда ұмытыла бастаған ғұрыптардың мәнін ашып отырсақ дейміз. "Отқа май құю"

Отқа май құюды қазір Тәңіршілдіктің қалдығы деп санайтындар да бар. Дегенмен қазақта осындай салттың болғаны рас. Ол туралы Шоқан Уәлиханов: "Жаңа түскен келін (күйеуінің) әкесінің үйіне кіріп, сәлем жасап, "аруақ разы болсын" деп тағзым етіп, отқа бір қасық май құюы керек. Жас келін сәлем еткенде, аруақ разы болсын деп, тізе бүгіп, еңкейіп, маңдайын еденге тигізеді. Отқа тамызған май жанып жатқанда, жас келіннің енесі немесе әйелдердің бірі алақанын отқа қыздырып, келіннің бетін сипайды. Үлкен үйдің отының құрметіне деп, қалыңдық атасының иығына шапан жабады, отағасы жас келінді: "Иін қандырып илеген терідей, мінезің жұмсақ болсын, қарағым", – деп бата беріп, тулаққа, қой терісіне отырғызады", – деп жазады.

Ал Ыбырай Алтынсарин: "Қыз әкесi үйiнiң оң жақ iргесiне күйеуге арнап қымбат матадан тiгiлген төсек салып, шымылдық құрып қояды. Күйеу табалдырықтан аттап кiргенде үш рет тәжiм етедi. Табада тұрған шоққа қолына ұстатқан темiр ожаудан майды құяды. Бiр кемпiр сұқ қолын әуелi шоққа қарсылап, одан өзiнiң маңдайына, кеудесiне сұқ қолын басады. Бұдан соң күйеудi төсекке отырғызады. Өзге жұрт шығып кетiп, жеңгесi тамақ бередi", – деп жазады.

Яғни, бұл дәстүр күйеу жігіт қалыңдығын алып қайтуға барғанда, ал жаңа түскен келін қайын атасының шаңырағына алғаш келіп кіргенде жасалатын болған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/246827-kazak-tojy-kalaj-ynemdeuge-bolady.html