RU

ОҚО-да елді мекендердің атаулары 100 пайыз қазақшаланатын болды

Ағымдағы жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атаулары 100 пайыз қазақшаланады.

Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарланды.

"Елімізде тіл мәселесі шешімін таппай, талай қызу талқылаулардың тақырыбына арқау болып келе жатқаны белгілі. Оның ішінде, мемлекеттік құжат айналымы мен ономастикалық атауларға байланысты бір байламға келе алмай жүргенімізге аз уақыт болған жоқ. Еліміз Тәуелсіздік алғанына 20 жылдан асса да, ономастика саласында айылымызды жия алмай келеміз. Осы жерде Оңтүстік Қазақстан облысының ұтары көп. Облыстағы мемлекеттік мекемелердің құжат айналымы 100 пайыз мемлекеттік тілде жүреді. Республика бойынша мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін 2017 жылға қарай 80 пайызға жеткізу міндеттелсе, облыста бұл көрсеткіш 2012 жылдың өзінде 88,2 пайызға артығымен орындалып отыр", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Әкімдік есебіне қарағанда, өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер 100 пайыз мемлекеттік тілде сөйлейді. Облыс және аудан деңгейіндегі ресми жиындар тек мемлекеттік тілде жүреді. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын 717 444 өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгерген. Облыста 4 қала, 11 аудан, 186 ауылдық округ, 879 елді мекен бар екен. "Күн тәртібінде 16 елді мекеннің атын өзгерту тұр.

Жақында ғана Парламент "Ономастика туралы" Заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, қабылдаған болатын. Алдағы 2-3 айда Заң күшіне енбек. Сол кезде аталған 16 елді мекеннің мәселесі де дереу шешілмек. Яғни, биыл Оңтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атаулары 100 пайыз қазақшаға көшеді", - делінген облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Балқия Көмекбаеваның аймақ әкіміне 2012 жылдың қорытындысы бойынша жасаған есебінде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/248582-oko-da-eldi-mekenderdin-ataulary-100-pajyz-kazakshalanatyn-boldy.html