Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақтың қоғам қайраткерлері латын әліпбиіне көшуге қарсы шықты

Опубликовано:

Қазақтың бір топ белгілі қоғам қайраткерлері Елбасы Н.Назарбаевқа, Премьер-Министр С.Ахметовке, Парламент депутаттары мен қазақ халқына ашық хат жолдады.

"Abai.kz" сайтынан алынған хаттың мәтінін назарларыңызға ұсынамыз:

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы кейбір ғалымдар, қоғам қайраткерлері бірнеше жылдан бері әңгіме қозғап келеді. Жуырда Президенттің "Қазақстан-2050" стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты жолдауында латын әліпбиіне көшу 2025 жылы жүзеге асатындығы айтылды.

Жолдаудан кейін біреулер латын әліпбиіне 2017 жылдан бастап бұрылайық десе, базбіреулер, тіпті, ертеңнен бастап көшуге әзір екендіктерін білдіруде. "Латын графикасына бүкіл Қазақстан, еліміздегі барлық басылымдар, барлық ұлт өкілдері бірлесіп көше ме, жоқ, немесе жалғыз қазақ тілі ғана бет бұра ма?" деген сұрақ алдымызды орады. Егер бүкіл республика латынға көшуді мақсат тұтса, онда біз бұл ашық хатты жазуға ниеттенбес те едік. Латын қарпіне "Мемлекеттік тіл" деген аты бар да заты жоқ жалғыз қазақ тілі ғана көшпек. Бұл еліміздің бірлігіне, тұтастығына нұқсан келтірмей ме? Ендеше осы істе жолымызды екі үлкен мәселе кес-кестеп тұр.

Бірінші мәселе - мынау. Осы күнге дейін Республикамызда еліміздің ежелгі, кейінгі тарихына, мәдениетіне, рухани құндылықтарына байланысты және ғылымымызды, әдебиетімізді, салт-санамызды әспеттейтін миллиондаған атпен кітаптар, ғылыми еңбектер басылды.

Латын әліпбиіне көшкен жас бүлдіршіндеріміз кириллицада басылған баба тарихымыздан, рухани парасатымыздан қол үзіп қалатыны айдан анық.

Латыншаға ауысқан Өзбекстан мен Әзірбайжан республикаларының қаншама ғылым, әдебиет, өнер қайраткерлері бізге осы мәселе төңірегінде өз өкініштерін білдіргені жадымызда.

Мәселен, Өзбекстанда, кириллица дәуірінде жарты миллион данамен, немесе 300, 200, 100 мыңмен шығып тұрған газеттер 5 мың, 3 мың,  тіпті мың данаға дейін құлдыраған. Бұл ғасыр компьютер ғасыры болғанымен, күні бүгінге дейін жарық көрген кітаптардың 20, тіпті 10 пайызын латын әліпбиіне аударуға миллиардтаған қаржы қажет. Басқа шараларды жиып қойғанның өзінде, үкімет соңғы жылдары мектеп оқулықтарын жеткілікті түрде басуға қаржы таппай жатқанда, қарын мүддесі ғана алға шығып, онсыз да қауқарсызданған рухани парасатымызды мүлде тұқыртып алатынымыз ешкімге құпия сыр емес.

Базбіреулер латын әліпбиін нақ бір қазақ немесе түрік халықтарының бірі ойлап тапқандай құлшыныс танытады. Латын әліпбиін біздің эрамызға дейінгі IV-III ғасырларда көне римдіктер қолданған. Ол итальян тобындағы жазу. Тағы біреулер кириллицадан кетсек, орыс отаршылдығынан құтыламыз деп кеуде соғады. Бұл қиял ғана. Олар кириллицаның  IX ғасырдың аяғында, Х ғасырдың басында грек жерінде, кейіннен грек діни уағыздарын славян халықтарына тарату мақсатында дүниеге келгенін аңғара бермейді.

Кезінде халқымыздың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының өзі мынадай пікір білдірген екен: "Латын әрпін алу деген тіршілік мұқтаж қылғаннан ділгерлік қысып туғызып отырған мәселе емес... Әліппеде бірден мәдениет түрінің төбе басына шығарып жіберетін адам білместей айрықша қасиет те, жасырын сыр да болмасқа тиіс".

Кезінде халқымыздың ұлы ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлының өзі мынадай пікір білдірген екен: "Латын әрпін алу деген тіршілік мұқтаж қылғаннан ділгерлік қысып туғызып отырған мәселе емес... Әліппеде бірден мәдениет түрінің төбе басына шығарып жіберетін адам білместей айрықша қасиет те, жасырын сыр да болмасқа тиіс".

Әліпби ауыстыру арқылы мүшкіл халде тұрған тіліміздің жағдайын онан сайын әлсірететінімізді көп адамның түсінбейтініне қайран қалудамыз. Егер Жапонияда бала 12 жасқа келгенше тек өз ана тілінде тәрбиеленіп, бірінші кезекте ана қуатын бойына сіңірсе, бізде балабақшадағы нәрестеден және мектептерде 1-ші сыныптан бастап "Үш тұғырлы тілдің" салтанат құруы, әрі оған латын әліпбиіне көшу идеясының келіп қосылуы ана тіліміздің болашағын қанатсыз, мүлде ажарсыз етері даусыз.

Енді ең басты мәселеге, яғни, біздің үлкен қарсылығымызды тудырған екінші мәселеге назарларыңызды бұралық. Үндеуге қол қойған адамдардың бірімен, осыдан үш жылдай уақыт бұрын, Астанадағы Н.Назарбаев атындағы орта мектепте кездесу өткен. Әрине, көлемі мен жас оқырмандарға жасаған ыңғайлылығы мен қамқорлығы жағынан бұл білім ордасына тең келер мектепті тек Қазақстаннан ғана емес, күллі әлемнен табу оңай соқпайтын шығар.

Осы мектепте оқитын бүлдіршіндердің 22 сыныбы қазақша, 22 сыныбы орысша білім алады екен. Ал орыс тілінде оқитындардың шамамен 90 пайызға жуығы қазақтар, негізінен билік басында жүргендер мен қалталы кәсіпкерлердің перзенттері болып шықты.

Тура сол кезеңде Астанадағы қазақ балаларының 47 пайызы тек орыс мектептерінде оқитыны айқындалған-ды. Биліктің жасырын тапсырмасына орай, мұндай мәліметтер бұл кезеңде құпия ұсталады. Қазақ балаларының космополиттенуін зейін қойып зерттеген адам, еліміздің басқа қалаларындағы жағдай Астанадағыдан әлдеқайда сорақы екендігіне көз жеткізеді.

Бірнеше жыл бұрын Президенттің өзі де қазақ халқының тең жарымынан астамы өз ана тілінде оқып, жаза алмайтынын айтқан еді. Өткен жылы билік маңындағы бір шенеунік "бүгінгі таңда қазақтардың тек 30 пайызы ғана ана тілін білмейді" деген жалған мәлімет таратты. Билікке осы мәлімет қолайлы. Әйтпесе, олар 2020 жылға дейін қазақша сөйлейтіндердің санын қалай 95 пайызға жеткізе алады?

Ал, "Мемлекеттік тіл" қоғамдық қозғалысының мәліметіне сүйенер болсақ, қазіргі кезеңде қазақтардың 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды. Міне, мәселе қайда жатыр? Енді осындай кезеңде "Латын әліпбиіне көшейік!" деген мақсат алдымызды орады.

Қазіргі таңда елімізде, қазақ тілінде 500-дің арғы, бергі жағында ғана газет-журнал бар екенін, оның 300-і тек Шымкент қаласынан шығатынын көп адам біле бермеуі мүмкін. Латыншаға көшкеннен кейін ол басылымдардың таралымы күлкілі жағдайға дейін құлдырап, күрт төмендейді. Республикамызда 2500-ге жуық баспасөз тек орыс тілінде жарық көреді. Бұған қоса Ресей Федеративтік Республикасынан Қазақстанға жыл сайын 5 жарым мыңға жуық газет-журналдың келіп таралуы және Қазақстан қалаларындағы кітап дүкендерінің бәрінде дерлік 80, 90, 95, 100 пайызға дейін тек Ресей баспаларының өнімдері сатылуы, қазақ тілді қауымды "Осы біз Қазақстанда тұрамыз ба, жоқ әлде Ресей құрамына еніп кеттік пе?" деген ой көп жылдан бері мазалауда.

Республикамызда жалғыз қазақ тілінің ғана латыншаға көшуі, туған тілімізде оқып, жаза алмайтындардың санын күрт көбейтіп, кириллицаның бағын одан сайын жандыра түсетіні күмәнсіз.

Латын әліпбиіне Түркия 1928 жылы көшкен. Егеменді ел атанғаннан кейін Әзірбайжан, Өзбекстан, Түрікменстан республикалары латын қарпіне ауысты. Осы қатарға туысқан ел болғандықтан біздің де қосылуымыздың еш сөкеттігі жоқ екені рас. Бірақ, бұл жерде жұрттың бәрі терең түрде аңғара бермейтін мынадай бір үлкен проблема бұғып жатыр.

Алдымен Өзбекстандағы жағдайға үңілелік. Бұл мемлекетте тұратын басқа ұлт өкілдері де, тіпті, орыстар да өзбек тілінде сөйлейді. Өзбек тілі мемлекеттік тіл ретінде үлкен беделге ие болса, бізде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде бейшара халде. Ғаламторда болсын, баспасөзде болсын қазақ тілінің мүдделеріне ашық түрде қарсы шығып жүрген басқа ұлт өкілдері емес, өз ішімізден шыққан шала қазақтарымыз.

Кириллицада тұрғанда олардың ана тілін үйренуге құлқы соқпағанда, латын әліпбиіне көшкенде ұлттық сезімі оянады деп ойлау мүлде қате түсінік.

Тіпті билік басындағылар "қазақ тілі республикамыздағы басқа тілдерді басып кетпеуі керек" деген пікірді де алға шығарды. Онда оның несі мемлекеттік тіл? Жоғарыда айттық, "бүгінгі таңда қазақтардың 60 пайызға жуығы өз ана тілінде оқи алмайды, жаза алмайды" деп.

Ең бастысы, өзбек халқы біздер сияқты "ана тілін меңгерген қазақтар" немесе ана тілін менсінбейтін "космополит қазақтар" болып екіге бөлінген жоқ. Олардың бізден артықшылығы да осында. Әліпби негізінде қазақтарды ашық түрде екіге бөлу қылмысқа барабар іс. Сондықтан да, латын қарпіне көшу - орны толмас өкінішке бастары хақ.

Ендеше неге онсыз да аз қазақты екіге бөлер, сол арқылы тұтас ұлттық мүддеге, ортақ ұлттық сенімге сына қағар, сөйтіп, бірте-бірте халқымызды жояр іске бет бұрғалы отырмыз? Рас, латын әліпбиінің компьютерді жан-жақты меңгеруде және түркі тілдес ұлттарды бір-біріне жақындастыруда пайдасы бар екенін ешкім жоққа шығармайды.

Билік тапсырма берсе, міндеттесе, еліміздің тағдырына залал келтірер мұндай зиянды шараға бармай-ақ латын қарпін үйреніп алу, кез келген сауатты адамға пәлендей қиындық тудырмайды... Иә, әлі де ойлануға, толғануға уақыт бар. Болашақта Президент те, Үкімет те осы аса күрделі мәселеде әділетті шешімге бас қояр деген сенімдеміз.

Ашық хатқа Мұзафар Әлімбаев, Амангелді Айталы, Шериаздан Елеукенов, Мекемтас Мырзахметов, Мұхтар Шаханов, Қабдеш Жұмаділов, Нұрғали Нүсіпжанов, Оразалы Сәбден, Әзімбай Ғали, Софы Сматаев,  Совет-Хан Ғаббасов, Жұбаныш Жексенұлы, Мереке Құлкен, Қоғабай Сәрсекеев, Әшірбек Сығай, Марат Тоқашбаев, Мэлс Елеусізов және тағы да бірқата белгілі қоғам, өнер, әдебиет қайраткерлері қол қайды.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/250192-kazaktyn-kogam-kajratkerleri-latyn-elipbiine-koshuge-karsy-shykty/

pixel