RU

АҚШ-та киіз үй бизнесі өркендеп келеді

Киіз үйді АҚШ-тағы жұрттың көбі баспана ретінде қолданады, кейбірі медитация жасауға ыңғайлы орын деп біледі.

Азаттық тілшісі 30 жыл бойы киіз үй жасап, оны АҚШ-та сатып, орнатып берумен айналысып жүрген компанияның ісімен танысты.

Colorado Yurt Company компаниясы моңғол үлгісіндегі киіз үйді "бір-екі күннің ішінде оңай тігілетін, экологиялық таза баспана" ретінде сипаттайды. Компания "Киіз үйдің ағаштан жасалған бөліктері мәңгі қызмет етіп, ал матадан жасалатын жоғарғы бөлігі киіз үй тігілетін жердің климаты мен күн қызуына қарай 8-15 жылға шыдайды" деп кепілдік береді.

Киіз үйдің ішіне электр жарығын тартып, пеш орнатып, жатын бөлмені қабырғалармен бөліп, әжетхана, ас бөлмесін жабдықтауға болады. Colorado Yurt Company компаниясы киіз үйден бөлек көшпелі үндістердің дәстүрлі жылжымалы баспанасы – типи де тұрғызады.

Компания қожайындары Дэн Кигер мен әйелі Эмманың Азаттық тілшісіне айтуларынша, олар бұл кәсіптерін 1977 жылы бастаған. Қазір ерлі-зайыпты Кигерлердің 28 жұмысшысы, Колорадо штатының Монтроз қаласында шағын зауыттары бар. Қалада 15 мыңдай адам тұрады. Дэн Кигердің айтуынша, компанияны құру идеясы 1970 жылдары, "табиғатқа оралу" қозғалысы өрістеген жылдары туыпты.

Дэн Кигердің айтуынша, олар дәстүрлі киіз үйді осы заманғы материал, техника мен құрылыс тәсілдері арқылы жасайды. Жұмыс істегеннен бергі уақыт ішінде компания мыңдаған киіз үй жасап, жылдың кез-келген мезгілінде 50 шақты баспана тұрғызады.

Кейбір тапсырыс берушілер киіз үйді тауда немесе көл жағасына тігіп, қала сыртындағы үй ретінде пайдаланады. Үйін салып біткенше киіз үйде тұратындар да бар. Бірақ киіз үйді сатып алатындардың көпшілігі оны тұрақты баспана ретінде пайдаланады. Клиенттердің тағы бір тобы – ұйым, мекемелер киіз үйді өз клиенттеріне қызмет көрсету үшін пайдаланады. Мысалы, жас скауттар ұйымы, шаңғы курорттары мен экологиялық тұрғыдан таза саяхаттар ұйымдастыратын курорттар, табиғат аясында йога, медитация өткізетін студиялар киіз үй сатып алады.

Дэн Кигердің айтуынша, тапсырыс берушілердің көбі киіз үйге медитация жасауға таптырмас ыңғайлы орын ретінде, яғни "рухани архитектурасына бола" қызығады. Клиенттерге киіз үйді тасымалдауға ыңғайлылығы, онда уақытша тұруға болатыны ұнайды. - Экономикалық дағдарыстан кейін қарапайым тұрмысқа көшіп, табиғат аясына оралғысы келетін жандар көбейді, - дейді Дэн Кигер. Компания қожайындарының айтуынша, орташа көлемді киіз үйдің бағасы – шамамен 14 мың АҚШ доллары. Америкада орташа көлемді үйдің құны бұдан төрт-бес есе қымбат.

Компания қожайындарының айтуынша, орташа көлемді киіз үйдің бағасы –  шамамен 14 мың АҚШ доллары. Америкада орташа көлемді үйдің құны бұдан төрт-бес есе қымбат.  

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/250703-aksh-ta-kiiz-yj-biznesi-orkendep-keledi.html