RU

Тука белгілі актрисаны "лақтырып" кетті

Жұлдызай Дүйсенбиева алғашында "Шаншарда" шанышқы болып, кейіннен "Алдараспанның" астынан пана тапқан еді. Алайда сол "Алдараспанның" ақыры неге алдарқату болып кетті?

Осы және өзге де өнерге қатысты сауалдарға Жұлдызай Дүйсенбиеваның өзі "D" "Общественная позиция" басылымына жауап берді.

"Шаншардағы" Уәлибек, Жүсіп сияқты ағаларыммен ат жалын кесісіп, бет көріспейтіндей болып кеткен жоқпын. Алда әлі де бір сахнада өнер көрсетуіміз мүмкін. Әрине, көңілде қалған кірбіңді ұмыту – ол кісілер үшін оңайға түспейді ғой. Бірақ олар кек сақтайтын адамдар емес, әрқашан түсіністікпен қарайды деп білем. Біздің ерке-шолжаңдығымызды көтеріп келгендері де сол қасиеттерінен болар. Дегенмен, "Шаншардан" кеткеніме расында да өкінемін", - дейді ол бұрынғы жұмыс орнына байланысты қойылған сауалға.

Жұлдызайдың "жұлдызын" жарқыратқан театрдан кетуіне не себеп болды деген сұраққа ол "Негізгі себеп – қаражат мәселесінде болды. Әріптесім Нұржанның (Тука) тарапынан өзіміз жеке тірлік жасап, жағдайымызды жасайық деген ұсыныс болды. Пенде баласымыз ғой, соған ілесіп кеттім. Соңынан балалыққа салынып, театрдағы ағаларымды ренжітіп бара жатқанымды ойлағанымда бармақ тістеп қалдым", - деп жауап берді.

Актриса жағдайымды жақсартамын деп өзімен ерте кеткен Туканың орта жолда тастап кеткенін жасырмады.

"Оны жамандап, жерден алып, жерге салсам, адамдығыма сын болар. Бірақ, рас, Нұржан берген уәдесінде тұрмады. Ер-азамат қой, сөзінде тұрар деп, біраз уақыт әліптің артын бақтым. Болашағым алда деп жүре беретіндей, мен де жас бойжеткен емеспін. Жасым болса отыздан асып барады, басымда баспанам, астымда көлігім де жоқ. Үйдің үлкені болғандықтан, арасында інілеріме де қолқабыс жасауым керек. Алайда үлде мен бүлдеге ораймын дегенің қайда деп, Нұржанмен бет жыртысатын емес. Шынымды айтсам, қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына қатты налыдым. Сондықтан тәтті ауыздың дәмі кетпей тұрғанда, әрқайсымыз өз жөнімізге кетейік деп, "Алдараспанмен" қош айтыстым", - дейді ол.

Актриса сондай-ақ мықты бизнесменнің бәйбішесі болыпты дегенді сыбысты жоққа шығарды: "Мен әлі тұрмысқа шыққан жоқпын. Егер есеппен тұрмыс құратын қыздардың қатарында болсам, әлдеқашан жарқырап жүрер едім. Өйткені жағдайы жақсы жігіттер аз сөз салмады. Біреудің несібесіне қол салғым келмейді. Бастысы – болашақ жарымның жүрегі мен деп, менің жүрегім – ол деп соқса болды. Алайда ондай азамат жолықпай жүр..."

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/253077-tuka-belgili-aktrisany-laktyryp-ketti.html