Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстанның төрінде Ре­сей­ді қорғауға шақырған сөз неге тұрады?

Опубликовано:

Ре­сей­ді қорғауға шақырған сөзді ауыс­тыруға дәр­­меніміз жетпей отырғаннан кейін бас­қаша не деуге болады.

Фото: Tengrinews.kz

Жақында Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхұтдинов ағамыздың Панфиловшы Василий Клочковтың Москва үшін болған шайқаста айтқан: "Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва" деген сөзіне жалғау ретінде "Отан үшін шайқасқан қазақстандықтардың ерлігін мәңгілік есте сақтаймыз" деген сөйлемді қосу керек деген ұсынысын газеттен ("Айқын", 2013 ж, 20 наурыз) оқып, таныстық.

Ұсыныс ортаға тасталды. Қолдап жатқандар да баршылық. Өре түрегеліп қарсы шығушылар да жоқ емес. Назар салып қарасаңыз қарсы шыға­тын­дай дәнеңе де жоқ. Тек осы соғыстың қазақстандықтарға қатыстылығын нақты­лау және осы соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақстандықтарды мәңгілік есте сақтауға деген құрмет бар.

Бірақ біздің тәуелсіз елі­мізде, барлық мәселеге Ресейдің жерін­де отырғандай баға беретіндер, Мәскеуге қарап ұлитындар, еліміздің тәуелсіздігіне жатырқап қарайтын жат пиғылдағылар жетерлік. Солар бұл қосымша сөзге қарсы болып жатқандар.

Ал шын мәнісінде мәсе­ленің байыбына үңіле қарайықшы. Мил­ли­оннан аса қазақстандық осы соғыс­қа Отан үшін қатысып, оның төрт жүз мыңға жуығы майдан даласында қаза тапты. Ота­нымыз ортақ болды деген күннің өзінде В.Клочковтың сөзін баршамызға үлгі ету қаншалықты заңды?

Сол кездегі ортақ Отанымыздың аты "Кеңес Одағы" деп аталған жоқ па? В.Клочковтың Ресейді ғана атап айтқан сөзінің бізге қаншалықты қатысы бар?

Соғыста қаза тапқан қазақ­стан­дықтардың құрметіне қойылған ес­керт­кіштегі кеңестік кезеңдегі дүрмекпен жа­зылып кеткен бұл сөзге неге осы уақытқа дейін жармасып отырмыз? Ресейді ғана атап, соны қорғауға шақырып отырған В.Клочковтың сөзінің тәуелсіз еліміздегі Отан қорғаушылар монументінің төрінде тұруы кімді де болса ойлантпай ма? Бұл бүкіл тәлім-тәрбие болмысымыздың түбір қазығы қазақстандық патриотизм, отан­сүй­гіш­тік ұғымдарына қаншалықты жауап береді? Көкейде жүрген бұл сарынды сұрақтар жетерлік.

Біз бүгінгі күні тіпті де Отан соғысы­ның маңызын төмендетуді мақсат етіп отыр­ған жоқпыз. Бұл соғысты бүкіл адамзат бала­сына қайғы-қасірет әкелген Екінші дүниежүзілік соғыс деп атайтын кез де келер. Біздің айтпағымыз басқа. Біздің еліміз бүгінгі күні Ресейдің ақ­пара­тық, саяси, әлеуметтік-экономикалық қыспағында отыр.

Бұл қыспақ санасы азат, тәуелсіз еліміздің шынайы патриоттарын тәрбиелеуде мойынға оралған қылбұрау­дай тынысымызды тарылтып келеді. Кез келген ұлтымыз үшін үлкен әлеуметтік мәні бар мәселелерге шынайы тәуелсіз ел­­дің азаматындай баға беруге дәрменсіз­дік танытып келеміз. Ескерткіштегі Ре­сей­ді қорғауға шақырған сөзді ауыс­тыруға дәр­­меніміз жетпей отырғаннан кейін бас­қаша не деуге болады.

Ескерткіштегі сөзді басынан аяғына дейін өзгертіп: "1941-1945 жылдары ортақ Отанымызды қорғауда қаза тапқан қазақ­стан­дықтардың ерлігіне тағзым" деп жаза­тын мезгіл келді. Біз үшін тәуелсіздігімізді қастерлеуден асқан, тәуелсіздігімізді дәріптеуден асқан қасиетті ұғым болуы мүмкін емес. Ескерт­кіш тәуелсіздікке құрметтің бастамасы.

NUR.KZ редакциясынан толықтыру: Шыныменен де 1941 жылдың 15 қарашасында орын алған қазақстандық жауынгерлердің ерлігі кезінде ротаның саяси жетекшісі В.Клочков әйгілі "Ресей кең байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ – артымызда Москва.." деген сөзін айтты. Бұл сөзді ауысытырып тарихқа қиянат жасамаймыз ба деген ой келеді. Бірақ атақты 28 панфиловшы отбасына, туған жеріне қайтып оралатынын білмей соғысқа аттанғанда, Ұлы отан деп Ресейді атамаған болуы керек.

 

Досалы САЛҚЫНБЕК, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Алматы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/256537-kazakstannyn-torinde-resejdi-korgauga-shakyrgan-soz-nege-tyrady/

pixel