RU

Алматыға тағы бұрынғы Алма-Ата атауын қайта­ру ұсынылды

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы СейІтқазы Матаев Алматы қаласына бұрынғы Алма-Ата атауын қайта­руды ұсынды.

"Қаланың бұрынғы атауын қайтару туралы ұсыныстар бұрын да айтылған болатын. Менің ұсынысым фактология­лық материалға негізделген. Жақында Алма-Атаның атауын Алматы деп заңнамалық негізде өзгертілмегенін білдім. Мен әділет органдарынан да, қалалық мұрағаттан да ешқандай нормативтік құжат тапқан жоқпын. Бұл ұсыныс талқыланған жоқ және сол кезде мұндай шешімдер қабылдаған қалалық кеңес депутаттарының дауыс беру шарасы өткізілмеген", – деді С.Матаев.

Оның ойынша, 90-жылдары Конституцияның жаңа жобасын әзірлеу кезінде жұмыс тобының мүшелері құжаттың қазақша мәтініне "Қазақстан Республикасының астанасы – Алматы қаласы болып табылады" деген сөйлемді енгізіп жіберген. Құжатты ресми тілге аудару барысында ол солай (қаланың атауы) сақталған.

"Конституцияның мәтініне қол қойған кезде бұған (астананың Алматы деген атауына) Мемлекет басшысы (Нұрсұлтан Назарбаев) назар аудармаған. Кейін бұған қатты өкінген және отбасымен болғанда, бірнеше рет бұл туралы айтқан көрінеді", – дейді С.Матаев.

Конституцияның мәтініне қол қойған кезде бұған Нұрсұлтан Назарбаев назар аудармаған. Кейін бұған қатты өкінген және отбасымен болғанда, бірнеше рет бұл туралы айтқан көрінеді

Оның айтуынша, Алматының бұрынғы атауын қайтаруды жақтаушылардың арасында қаланың бұрынғы басшылары да, қазіргі әкім де, қарапайым тұрғындар, шығармашылық одақтардың жетекшілері, Парламент депутаттары және қалалық мәслихаттың депутаттары да бар.

Оның ойынша, бұл мәселені шешуде ымыраға келуге болады: ресми тілде қаланың бұ­рын-ғы атауын қайтарып, мемлекеттік тілде сол қалпы қалдыруға болады. "Біз Москва емес, Мәс­кеу дейміз, Омск – Омбы, Оренбург – Орынбор", – деді Журналистер одағының басшысы.

С.Матаевтың пікірінше, Алма-Ата атауы эмоционалдық деңгейде аса тартымды. "Алма-Ата десең, арықтағы судың дыбысын, алманың иісін, таудың таза ауасын сезінесің. Басқа мысал: көзіңізді жұмып, қаланың бұрынғы атауын графикалық бейнеде елестетіп көріңіз, бірден тау шыңдары елестейді. Өйткені таулар – қаламыздың ерекше мақтанышы", – деді С.Матаев.

Ал бұл пікірге зиялы қауым қалай қарайды?

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, Дүниежүзі қа­зақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы-драматург:

– Кез келген қазақ баласы ешқашан "Алма-Ата" деп айтпайды. Қайта біз солай деп айтушыларға қарсы насихат жүргізуі­міз керек. Тіпті кешегі кеңес заманының өзінде қазақ басылымдары мен басқа да баспа өнімдерінде үнемі "Алматы" деп жазылып, ауызекі тілде де қазақтар "Ал­­маты" деп айтпады ма? Ал бұрынғы атымен атасақ, қаланың тазалығы, көр­кемдігі, тал-терегінің бәрі орнына келеді деу – бос сөз. Одан ештеңе де өзгермейді, керісінше ха­лықтың арасында түсінбеушілік туындап, қазақша атаулардың келешекте дұрыс қол­данылуына деген сенімсіздік пайда болуы мүмкін.

Кез келген қазақ баласы ешқашан "Алма-Ата" деп айтпайды. Тіпті кешегі кеңес заманының өзінде қазақ басылымдары мен басқа да баспа өнімдерінде үнемі "Алматы" деп жазылып, ауызекі тілде де қазақтар "Ал­­маты" деп айтпады ма?

Мемлекет басшысы деңгейінде шешім қабылданды ма, ол солай қалуы керек. Мы­­­салы, бір кездері қазақша Семейді – Семей, орысша – Семипалатинск деп атап жүрдік. Елбасы Семей деп атау туралы шешім қабылдаған соң, қазір бәріміз бірдей солай атайтын болдық. Алматыны да солай жасауымыз, барлық құжаттарда бірдей жазып, барлық жерде бірдей атауымыз керек.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА, А.Байтұрсынов атындағы Тілі білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты:

– Алматыны "Алма-Ата" деп өзгертейік деген пікір кейінгі кездері БАҚ-та оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Менің ойымша, мұны айтатындар осы қаланың кеңестік кездегі көрінісін сағынатындар болса керек. Олар сол арқылы бір кездердегі елестерді жандандырып алғылары келетін сыңайлы. Бұл ой осындай жағымды сезімдерден туындап отырған болуы әбден мүмкін, ол үшін бұл кісілерді айып­тауға болмайды.

Әрине, қала адамымен, азаматымен кө­рікті. Бірақ олар қаланың тарихын өздерінің өмірінің тарихымен ғана шектемеуі керек. Ол тілдің тарихымен, елдің тарихымен астасып жатыр. Өйткені Алматы деген атаудың өзі оның көне екенін, біздің тарихымыздың тым терең екенін дәлелдеп тұр. "Ты" сын есім тудырушы жұрнақ үлгісінің сақталып қалуы – мұның айқын дәлелі.

Өйткені Алматы деген атаудың өзі оның көне екенін, біздің тарихымыздың тым терең екенін дәлелдеп тұр.

Егер қазіргі қазақ тілінің ережесіне салсақ, Текелі, Жуалы деген сияқты Алмалы болуы керек. Бұл "Өлеңті" деген көнеден келе жатқан атау сияқты "ты" жұрнағымен жасалған ескі атау және сол арқылы Алматы қаласының тым ертеден келе жатқан көне шаһар екенін көрсетеді.

Содан кейін ешбір қазақ "Алма-Ата" деп айтпайды. Айтса да кешегі кеңестік дәуірде ресми құжаттарда солай жазылып, радио-теледидарда солай көбірек айтылуы себебінен және солай естерінде сақтап қалған белгілі бір топ қана айтады. Сондықтан өткенді аңсап, сағынышты басу үшін тілдік нормаларға қайшы, тарихи атауды өзгертуге болмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/258775-almatyga-tagy-byryngy-alma-ata-atauyn-kajtaru-ysynyldy.html