RU

Қазақ жастары неге шетелде білім алуға құмар?

Қазір шетелде білім алып жатқан жас­тар жеткілікті. Қалай десең де та­рихы бірнеше жүз жылға кетіп қалатын Оксфорд, Кембридж секілді оқу орында­ры­ның орны бөлек. Ондай жерде дәріс ал­ған жас жерде қалмасы белгілі.

Бірақ елдің бәрінің аталмыш оқу орнына түсу­ге мүмкіндігі жоқ. Солай бола тұрса да шет­ел­де білім алсам дейтіндер көбейді. Содан келіп Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Түр­кия асып жатады. Бірақ ол елдердегі оқу орындарының бәрі сапалы білім бере ме? Мәселе сонда. Дәл сол деңгейде білім бе­ре­тін жоғары оқу орындары өз елімізде де жетеді.

Алысқа барғанша, барға қанағат етіп, осы жерде білім алса да, ешкімнің та­қия­сына тар келмес. Бірақ қазақстан­дық­тар шетелде білім алуға өте құштар. Осы ап­тада "Халықаралық бағдарламалар ор­та­лығының" президенті Саясат Нұрбек мы­надай деректі алға тартты. Орталықтың есе­бінше, қазір шетелде 67 мың адам оқып жатыр.

Олардың ішінде қысқа мерзімде тіл үйрену үшін жүргендер де жеткілікті. Мәселен, Оңтүстік Шығыс Азияда 10 па­йыз, Малайзияда – 3 мың, Қытайда – 900, Ресейде 7 мың жас білім алуда. Ал 67 мың адамның 40 пайызы Еуропада, 20 па­йызы Солтүстік Америкада екен. Әрине, шетелде білім алған жақсы. Мақтаныш­пен айтуға болар. Бірақ шетел асқандары қалай? Мамандар не дейді?

Әділ АХМЕТОВ, сенатор:

– Қазір білім алам деген жасқа еліміз­де де мүмкіндік бар. Тіпті ауылдан аттап баспай-ақ, ғаламторға еніп, іздегеніңді та­басың, қажетіңе қанағаттанасың. Дү­ние­нің бүкіл ғылымы мен ілімі ғаламторға са­лынып қойды емес пе? Тіл үйренгің келсе, оған да мүмкіндік бар. Қазір қазақ бала­ла­ры оқымайтын жер жоқ. Еуропа, АҚШ, Азия, Скандинавия түбегіндегі елдер ме, бәрін де біздің жастар білім алып жатыр. "Болашақ" бағдарламасымен, тіпті өзінің қаражатымен оқып жүргендер де жеткі­лік­ті. Әрине, бұл жақсылықтың нышаны. Тек сол алған білімдерін еліміздің еңсесін түзеуге жұмсаса болды. Әрине, өз еліміз­дегі білім ошақтарын менсінбей, шетелде білім алғанды мақтан көріп жүргендер де баршылық. Біздегі оқу орында­ры­ның ба­за­сымен білім сапасын АҚШ, Еуро­памен салыстыруға келмес. Олардың дең­гейі әлдеқайда жоғары. Қазір Қытай, Брази­лия, сондай-ақ Үндістан мемлекеті бі­­лім­ге қатты көңіл бөлуде. Қазақстан да со­­лай. Ауыз толтырып айтатын "Назарбаев университеті" бар. Білімге, ғылымға қар­жы көп бөлінуде. Демек көп ұзамай са­палы, мықты білімді елімізде де алуға бола­ды деп айта аламын.

Нұрахмет БЕЙСЕНҒАЗЫҰЛЫ, Л.Гуми­­лев атындағы Еуразия Ұлттық универ­ситетінің студенті:

– Шетелде білім алған жақсы болар. Жер көресің, ел көресің дегендей. Тіл сындырасың. Бірақ қазір өз елімізде де са­па­лы білім беретін оқу ошақтары жеткі­лік­ті. Ең бастысы, адамда ынта, талап бол­са... Тек дәріс берушінің айтқандарымен шектеліп қалмай, өзің де ізденуің қажет-ақ. Оған мүмкіндіктер жеткілікті. Кі­тап­хана, ғаламтор дегендей. Шетелде білім алып келіп, екі қолын қусырып, жұмыссыз жүргендер де жоқ емес. Ең бастысы, дү­ниенің бәрі шетелде алған білімге қарап тұрған жоқ. Адамның алғырлығына, ізде­нуіне, өзін уақытқа сай бейімдей білуіне байланысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/264576-kazak-zhastary-nege-shetelde-bilim-aluga-kymar.html