RU

Ахмет Байтұрсынов жайында жаңа мағлұматтар белгілі болды

Сол бір нәубет жылдары халқымызға қорған болған арыстар еш қисынсыз жазаланып, қалың ел бозінгендей боздады. Зұлматтың зілі тек "халық жауы атанған" азаматтарға ғана емес,  олардың үрім-бұтақтарына да ауыр тиді.

"Анам Шолпан түрмеден көз ашпады" деп егілген Айман әже атасы Ахмет ұсталғанда, 2 жасқа да толмаған екен. Ахаң 1937 жылы тұтқындалған соң, әйелі Қызылордаға жол тартады. Ал қызы Шолпан біраз уақыт отбасымен Алматыдағы үйде тұрған. Ғимарат - бұл күнде Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі.

Байтұрсыновтың  бізге беймәлім бір қыры - оның фотограф та болғаны. Оған өзі түсірген мына жалғыз фотосурет дәлел. Айман апа "Атам композитор да болды. Бірақ көп әндерін жұртшылық тек халық әндері ретінде біледі" дейді."10 шақты өлеңдері болған. "Елім-ай" деген, "Қарғаш" деген, "Қаракөз" деген, "Аққуым" сондай өлеңдері болған", дейді Айман апа.

Қызыл террор кезең-кезеңімен жүргізілді. Бірінші болып, дін қайраткерлері қуғындалды, одан кейін Алаш арыстарының көзі жойылды. "Сондықтан саяси террордың тарихын 21-ші жылдан емес, 1916-1917 жылдардан бастаған жөн.  Cаяси қуғын-сүргін нәубетін қазақ қоғамына Кеңес өкіметі алып келді.  Ал 1937-1938 жылдары соның шырқау шегі болатын" дейді тарихшылар. "Осы күні біз өзіміздің тәуелсіз елімізді мақтан етеміз. Сөз жоқ, тәуелсіздігімізді сақтауға, қорғауға тырысамыз. Жастарды, сондай жастар тәрбиелейміз дейміз. Сол тәуелсіздіктің шын сарбаздарын тәрбиелеу үшін өткен тарихты  білуіміз керек" ,- деген пікірде тарихшы Бейбіт Қойшыбаев.

Тарихшыларлар "Репрессия болған сұм жылдардың шындығы әлі де бүркемеулі. Ол қазанның қақпағы ашылса, талай дүниелердің сыры белгілі болар еді"  дейді. Ұлт үшін құрбан болғандар. Алаш арыстарын қынадай қырған репрессияға биыл - 76 жыл.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/265112-ahmet-bajtyrsynov-zhajynda-zhana-maglymattar-belgili-boldy.html