RU

Шымкентте құны $11 млн болатын зәулім мешіт ашылды

Шымкентте бүгін құрылысына 11 млн АҚШ доллары жұмсалған зәулім мешіт жамағаттың пайдалануына берілді.

Шаһардың батыс бөлігінен бой көтерген еңселі ғимаратта енді бір мезетте 5 мыңға жуық адам құлшылық ете алады. Жаңа нысанның салынуына Заид бен Сұлтан Әл-Нахайян қайырымдылық қорынан қаржы бөлінген. Сондықтан мешіттің ашылу салтанатына Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшілігі өкілдері және Дін істері агенттігінің төрағасы мен Бас мүфти қатысты.

"Бұл 2008 жылдан бері басталып, бүгінгі күні аяқталып отыр. Қаражаты 11 млн доллардай кеткен. Сондықтан бұл бүгінгі таңға ғимарат ең бастысы ашылып жатыр, Иншаллах", - деді Бас мүфти Ержан Маямеров.

Айта кету керек, жаңадан пайдалануға берілген бұл имандылық үйі осы облыстағы мешіттердің ең үлкені болып отыр. Онда келуші жамағатқа барлық жағдай жасалған. Озық сәулет үлгісімен көріктендірілген әрі көгалдандырылған нысан маңында автотұрақ та қарастырылған.

Мешіттің ашылуы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне тұспа-тұс келгендіктен алдымен бабалар рухына құран бағышталып, мал сойылды. Содан соң жиналған жамағат бірлесе отырып, жұма намазын оқыды.

"Мешіттің көркі сұлу, керемет, сөзбен айтып жеткізе алмаймыз. Бұл мешітке ниеттеніп қаншама қарындас-бауырларымыз, қаншама жамағат мұсылмандар күннің астында ыстықта тұрып шын ниетпен дұға-тілекпен келіп отыр. Осындай мешіттерді бізге нәсіп ете берсін", - дейді жергілікті тұрғын Мақсат Жұмақұлов.

Қазір елімізде 2500-ге жуық имандылық үйі бар болса, бұл жаңа нысан осы өңірдегі 748-ші мешіт екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/265949-shymkentte-kyny-11-mln-bolatyn-zeulim-meshit-ashyldy.html